Өзбекстанда Шымкент қалалық «Шаншар» сатира театрының концерттік қойылымы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қыбырай ауданындағы Дөрмен мәдениет сарайында өткен іс-шара көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, бауырлас халықтар арасындағы достық пен өзара жақындықты айқын көрсетті. Сахнада ұсынылған қойылымдарда өмірлік оқиғалар, әзіл-қалжың мен әлеуметтік мазмұндағы көріністер шебер үйлесім тауып, көпшілік тарапынан жоғары бағаланды.
Іс-шара барысында Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы С. Үсенов пен аудандық бөлім төрағасы Р. Халтұрсынов сөз сөйлеп, еліміздегі ұлтаралық татулық, өзара құрмет пен бауырластық байланыстардың нығая түскенін атап өтті.
Сондай-ақ, мұндай мәдени шаралардың халықтар арасындағы достықты дамытуға, мәдени байланыстарды кеңейтуге және жас ұрпақты толеранттылық рухында тәрбиелеуге қосатын үлесі зор екені айтылды.
Аталған концерт Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы, Қыбырай ауданы әкімдігі және орталықтың аудандық бөлімінің ұйымдастыруымен өтті.