Павлодарда демалыс күндері жол ережесін бұзған 889 адам ұсталды

Бүгін, 16:36 / Алуа Арман
polisia.kz

Павлодарда полиция рейд қорытындысын жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Заң талаптары күшейтілгеніне қарамастан, кейбір жүргізушілер әлі де мас күйінде көлік тізгіндеуді жалғастыруда. Егер патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеті болмаса, өткен демалыс күндері Павлодар облысында қайғылы жағдайлар орын алуы әбден мүмкін еді.

Демалыс күндері Павлодар облысының полицейлері жалпы 889 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде 637-сі – жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері, ал 15 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған.

Мәселен, Павлодар қаласында BMW-520 автокөлігінің жүргізушісі патрульдік қызметкермен сөйлесу барысында алкоголь иісі анық байқалып, тексеру нәтижесінде оның жүргізуші куәлігі мүлдем жоқ екені белгілі болды. Қазіргі таңда көлік мамандандырылған айыптұраққа қойылды.

Сондай-ақ облыс аумағында Toyota Aristo және Volkswagen Passat автокөліктерінің жүргізушілері ұсталды. Олардың да әрекеті ұқсас – мас күйінде көлік басқару, ал кейбірінде қажетті құжаттардың болмауы тіркелді.

– Барлық құқық бұзушылар заң аясында жауапкершілікке тартылып, сот шешімін күтуде. Олардың көліктері арнайы автотұрақтарға орналастырылды. Әрбір осындай құқық бұзушылық – алдын алуға болатын ықтимал жол-көлік оқиғасы. Мас жүргізуші – тек құқық бұзушы емес, ол өзге адамдардың өміріне қауіп төндіретін тұлға. Сондықтан әрбір жүргізушіге айтарымыз: өзіңіз тоқтаңыз, сізді темір тор немесе жол жиегіндегі кедергі тоқтатпай тұрып, – деді Павлодар облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаев.

Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларды жауапкершілікке шақырады.

Тэгтер:

Павлодар жүргізуші жол ережесі