Қарағандыда ата-анасымен бірге қонаққа барған бала биіктен құлап кетті

Бүгін, 15:31 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қарағанды қаласында төрт жастағы бала төртінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

ТЖД мәліметінше, оқиға жексенбі күні, 12 сәуірде, Гүлдер-1 шағын ауданында болған. Тоғыз қабатты үйдің төртінші қабатындағы пәтердің терезесінен 2022 жылы туған бала құлаған.

«Сәби ата-анасымен бірге елорда – Астана қаласынан Қарағандыға қонаққа келген. Ата-анасы мен туыстары көрші бөлмеде болған кезде, жалғыз қалған бала терезеден құлап кеткен. Бала ауыр жағдайда, көп жарақатпен ауруханаға жатқызылды», – деп хабарлады ведомство.

Қарағанды облысының ТЖД ата-аналарға ескертеді:

– балаларды ешқашан қараусыз қалдырмаңыздар;

– терезелерге блокираторлар мен құлыптар орнатыңыздар;

– терезе алдына жиһаз қоймаңыздар.

«Ең бастысы: москит торлары баланың салмағын көтермейді! Жақындарыңызды сақтаңыздар», – деп атап өтті ведомство.

Тэгтер:

Бала Терезе Құлау қонақ биік