Бұралқы иттердің мәселесі күрделеніп кеткенін халық өзі айтып отыр – депутат

Бүгін, 15:00 / Алуа Арман
parlam.kz

Жақында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер енгізу мәселесін көтерген болатын. Жаңа заң жобасында қаңғыбас иттерді эвтаназиялау мәселесі айтылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы осы тақырыпқа қатысты өз ойын айтты. Оның айтуынша, бұралқы иттер бүгінде адамға ғана емес, малға да қауіп төндіріп отыр.

«Адам қауіпсіздігі қашанда бірінші орында болуы тиіс. Бірақ, ресми дерек көңіл көншітпейді. Бір жылда 41 366 адамды ит қапқан. Оның 23 134-і — бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккендер. Соңы аса ауыр қайғылы оқиғаларға алып келген фактілер де аз емес. Салыстырсақ, 2024 жылы 38 848 жағдай тіркеліп, 24 410-ы қаңғыбас иттердің кесірінен болған. Бұл — жай статистика емес. Бұл — адамдардың қауіпсіздігіне төнген нақты қатер. Халықпен кездесулерде, әсіресе ауылдар мен қала шеттерінде ең көп көтерілетін мәселе — осы. Бұралқы иттер бүгінде адамға да, малға да қауіп. Сондықтан олардың санын реттеу — кейінге қалдыруға болмайтын мәселе. Оны реттеудің тетігі әрқашан заңға тіреліп келген болатын. Мәжіліс қабырғасына “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” Заң жобасы кіргенде халықтың мұңын көзбен көрген көптеген әріптестеріміз жұмыс тобына кірдік. Проблеманы ашық айтып, оны реттеудің оңтайлы жолын бірге талқыладық. Әлемнің көптеген елінің тәжірибелері ескеріліп, тұжырымды, тұшымды заң әзірленді. Иесі табылмаған иттерге бірер күннен соң эвтаназия әдісін қолдану енгізілді. Өткен аптадағы Мәжілістің Жалпы отырысында жаңа жоба туралы әріптесіміз Еділ Жаңбыршин баяндама жасап, өзекті сұрақтарға жан-жақты жауап берді», — дейді ол.

Депутат әлеуметтік желідегі «иттерді қорғау» деген ұранның артында, шын мәнінде, мемлекеттен сол салаға бөлініп келген қаржыдан айырылып қалмау мәселесі тұрғанын айтады.

«Әлеуметтік желіде әріптесіміз, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Терекбайұлына қарсы ұйымдасқан ақпараттық шабуыл жүріп жатыр. Еділ ағамыз — ұлттық құндылықтарды жүйелі түрде көтеріп жүрген, Парламент мінберінде талай өзекті мәселені батыл айтқан азамат. Ол қоғамда үлкен талқы тудырған бірқатар бастамаларға, соның ішінде дәстүрлі құндылықтарға қайшы келетін ЛГБТ-ның насихатына тыйым салу туралы заңда да берік ұстанымда болды. Сондықтан дәл осындай сәтте әріптеске жалаң сын емес, байыпты қолдау көрсету — азаматтық ұстанымның көрінісі болар еді. Бұл ақпараттық шабуылдағы негізгі мәселе басқада. Осы уақытқа дейін бұралқы иттерді панажайларда ұстауға мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп келді. Бұл кейбіреулер үшін тұрақты табыс көзіне айналғаны да жасырын емес. Сондықтан “иттерді қорғау” деген ұранның артында, шын мәнінде, сол қаржыдан айырылып қалмау мәселесі тұр. Егер әңгіме шынайы жанашырлық туралы болса, бұған дейін түз тағысы киіктер қырылғанда, итбалықтар жаппай өлгенде немесе басқа да экологиялық апаттар кезінде дәл осындай белсенділік неге байқалмады? Мәжіліс қабылдаған заңның қаншалықты маңызды екенін, бұралқы иттердің мәселесі күрделеніп кеткендігін зардабын тартып отырған ел айтқаны дұрыс деген ойдамын. Ал, әлеуметтік желіде жеке басқа өтіп, балағатқа барғандарға қолданыстағы заң аясында құқық қорғау органдары баға бере жатар», — дейді ол.

Тэгтер:

Заң жобасы депутат Еділ Жаңбыршин бұралқы ит Жарқынбек Амантайұлы қаңғыбас ит