Түркістан қаласындағы ІІМ Ұлттық ұланының 5574 әскери бөлімінде қатардағы Рамзат Азизұлы мерзімді әскери қызметін өтеп жүр. Ол 11 музыкалық аспапта еркін ойнайды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұландық домбыра, шертер, гитара және бас-гитарада сенімді өнер көрсетеді. Сонымен қатар кахон, дарбука, дабыл, тұяқтас сынды ұрмалы және басқа да ұлттық аспаптарды меңгерген. Жан-жақты сарбаз түрлі музыкалық композицияларды фортепиано, сазсырнай, шаңқобызбен де нақышына келтіре орындайды.
21 жастағы Рамзат Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Ол музыкамен бала кезінен айналысады. Алғашқы домбыра сабағын төрт жасында ата-анасынан алған. Отбасында өнерге жақын жандар көп. Ата-анасы музыка пәнінің мұғалімі болса, ағасы прима-домбырада, әпкесі прима-қобызда керемет ойнайды.
Қатардағы Азизұлы кәсіби білімін елордадағы «Шабыт» колледжінде «бас домбыра» мамандығы бойынша алған. Бұл аспапты меңгеру үлкен дайындықты талап етеді.
Әскерге шақырылғанға дейін Рамзат Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония жанындағы «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблінің құрамында өнер көрсеткен. Музыкант ретінде телевизиялық жобаларға да қатысқан.
Ал әскерде оның музыкалық қабілеті қызметтің алғашқы күндерінен бастап қолдау тапты. Бөлімшеде қабілетін шыңдауға барлық жағдай жасалып, музыкалық аспаптармен қамтамасыз етілген. Соның арқасында ол өз шеберлігін жетілдіруді жалғастырып келеді. Бүгінде ұландық әскери бөлімнің мәдени іс-шараларына белсенді қатысады.
Қазір ол Түркістан қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқаруда. Туристерге толы түркі әлемінің астанасындағы әскери қызмет үлкен жауапкершілікті қажет етеді.
Ұландықтың айтуынша, музыка ішкі тепе-теңдікті сақтауға және қырағылықты арттыруға көмектеседі, бұл жауынгерлік міндеттерді сапалы орындауда маңызды.