Шымкентте заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырғандар ұсталды

Бүгін, 09:04 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі заңсыз көші-қон арналарын анықтау және жолын кесу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Шымкент қаласында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырып келген қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

Анықталғандай, күдіктілер ақшалай сыйақы үшін шетел азаматтарының ел аумағына келуін ұйымдастырып, оларды заңсыз түрде заңдастырумен айналысқан.

Операция барысында 28 тінту іс-шарасы жүргізілді. Нәтижесінде ондаған шетелдік паспорт, ұйымдастыру техникасы, байланыс құралдары, түрлі бланкілер мен жалған еңбек шарттары тәркіленді. Сонымен қатар ірі көлемдегі ақша және тіркелмеген қару алынды.

Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған арнаға қатысы бар 13 адам полицияға жеткізілді.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Ішкі істер министрлігі көші-қон заңнамасын бұзудың кез келген фактісі жауапкершіліксіз қалмайтынын ескертеді. Заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу жұмыстары жалғасады.