Жерорта теңізінің орталық бөлігінде мигранттар мінген қайық апатқа ұшырап, 80-нен астам адам із-түзсіз жоғалғандар қатарына енді, деп хабарлайды turkystan.kz.
The Associated Press жазуынша, кеме Ливия жағалауындағы Таджура қаласынан шығып, Еуропаға бет алған. Халықаралық көші-қон ұйымы дерегіне сәйкес, қайықта шамамен 120 адам болған.
Жол барысында кеме қолайсыз ауа райына тап болып, ішіне су кіре бастаған. Нәтижесінде қайық аударылып кеткен.
Апаттан 32 адам аман құтқарылды. Оларды жақын маңдағы сауда кемесі мен буксир өз бортына қабылдап, кейін Италия жағалау күзеті аман қалғандарды Лампедуза аралына жеткізді. Сонымен қатар, кем дегенде екі адамның мәйіті табылғаны хабарланды.
Жалпы, Жерорта теңізі мигранттар үшін ең қауіпті бағыттардың бірі болып отыр. Еуропаға жетуді көздеген адамдар теңіз арқылы сапар шегуге жиі тәуекел етеді, алайда мұндай әрекеттер көп жағдайда қайғылы аяқталады.