ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, табысты өтті. Аталған іс-шара отандық ғылымның жетістіктерін дәріптеуге, ғылыми қауымдастықтың әлеуетін танытуға бағытталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шара аясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «ҒЫЛЫМ АЛЛЕЯСЫНЫҢ» ашылуына орай, ағаш көшеттері отырғызылып, бұл бастама ғылым мен табиғат үндестігінің символына айналды.
Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Ешенқұлов Талғат Ілиясұлы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нукенов Абзал Нукенұлы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, жетекші ғалымдар, жас зерттеушілер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында академиктер ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін таныстырып, медицина, биотехнология, археология, генетика және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру салаларындағы өзекті мәселелерді қамтыған мазмұнды баяндамалар жасады.
Сонымен қатар, отандық ғалымдар мен өнертапқыштардың ғылыми жетістіктері ұсынылған ғылыми-танымдық көрме ұйымдастырылып, онда инновациялық жобалар, жаңа технологиялар мен «Ғылым қоры» АҚ гранттық бағдарламалары аясында жүзеге асқан өнімдер кеңінен таныстырылды. Көрме қатысушыларға ғылыми жаңалықтармен танысып қана қоймай, әріптестік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.
Жиын қорытындысында ғылымды дамытуға елеулі үлес қосқан ғалымдар мен жас зерттеушілер мемлекеттік және ведомствалық наградалармен марапатталды.
Бұл айтулы іс-шара еліміздің ғылыми қауымдастығы үшін маңызды алаңға айналып, ғылымның ел дамуы жолындағы стратегиялық рөлін тағы бір мәрте айқындап берді.