Тұрғын үй қызметтері үшін төлем көлемі жылдан жылға өсуде. Алайда көппәтерлі секторды басқару мәселелері жүйелі сипат ала бастады: түсініксіз шығындардың артуы, басқарушы компаниялардың қызметіне бақылаудың болмауы, инженерлік желілердің ескіруі. Тұрғындар өз қаражатының қайда жұмсалып, ол үшін кім жауапкершілік артатынын білмей дал болуда.
Осы қордаланған мәселелердің жүйелі шешімін табу жолында «AMANAT» партиясы жүзеге асырған «Тұрғындар аманаты» жобасының өзектілігі артып отыр. Жоба тұрғын үйді басқару ісін жүйелеуге, ашықтықты арттыруға және ең бастысы тұрғындарды шешім қабылдау үрдісіне тартуға бағытталған. Ол тұрғындар, басқарушы ұйымдар мен мемлекет арасындағы байланыс көпіріне айналып, мәселені талқылаумен шектелмей, оны жүйелі түрде шешуге жол ашады.
Жобаның ауқымын кеңейту және тәжірибесін жетілдіру мақсатында ел аумағында семинар-форумдар өтуде. «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» тақырыбына арналған жиындарда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару ісін жетілдіру, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы тәжірибе мен бастамалар кеңінен талқылануда.
Өскеменде өткен басқосуда «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев облыс бойынша тұрғын үйді басқару жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілгенін мәлімдеді.
«Мұнда 3 400-ге жуық көппәтерлі тұрғын үй бар, олардың 35%-ы жаңа басқару формасына көшті және мыңдаған пәтер иелері кооперативі, мүлік иелерінің бірлестігі мен жай серіктестік құрылды. Алайда шешілуге тиіс міндеттер әлі де көп», – деді ол.
Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, партияның облыстық қоғамдық қабылдауларында тұрғындар инфрақұрылымның ескіруіне, басқару деңгейінің төмендігіне және ашықтықтың болмауына қатысты мәселелерді жиі көтереді.
«Партия бұл курсты нақты шешімдер арқылы жүзеге асыруда. Жаңа басқару моделі енгізілді: ашықтық, есептілік және тұрғындардың белсенді қатысуы басты қағидатқа айналды. Сонымен қатар саладағы трансформацияны қолдайтын заңнамалық база құрылды», – деді партия Хатшысы.
Мәжіліс депутаты, партия фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева өңірде ПИК мүшелеріне арналған семинар өткізді. Онда депутат тұрғын үй қатынастары туралы заңды жан-жақты түсіндіріп, көппәтерлі үйлерді басқару қызметінің ашық әрі есепті болуына бағытталған практикалық нұсқаулар берді.
Бүгінде жобаның алғашқы нәтижесі де байқалуда: тұрғын үйлер ауласында сенбіліктер ұйымдастырылып, ағаштар отырғызылды және «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында балалар мен спорт алаңдары ашылып, түрлі жарыстар өткізілді. Сондай-ақ депутаттардың есеп беру кездесулері тұрақты түрде өткізілуі жолға қойылды.
Жоба жоспарына сәйкес, алдағы уақытта МИБ төрағаларын оқыту, құқықтық және консультациялық қолдау көрсету, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының аясын кеңейту, цифрландыру және кері байланысты қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын күтіп-ұстау жұмыстары ұйымдастырылмақ.
«AMANAT» партиясының «Тұрғындар аманаты» жобасы нақты құралдарды ұсынады: оқыту, қолдау және бастамаларды қаржыландыру. Нәтижесінде кәсіби және мәселелерді нақты шешуге бағытталған жаңа басқару мәдениеті қалыптасады.