Теннисші Зарина Дияс кәсіби мансабын аяқтағанын мәлімдеп, жанкүйерлеріне алғыс білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Спортшы бұл жолды балалық арманнан басталып, әлемдік аренадағы жетістіктерге ұласқан ерекше кезең ретінде бағалайтынын айтты.
«Бұл – керемет жол болды… Алматыда туып-өскен, бала күнінен әлемдік ареналарда ойнауды, турнирлерде жеңіске жетуді, әлемнің үздіктерінің бірі болуды армандаған кішкентай қыздың жолы.
Әлі күнге дейін сол арманымның шындыққа айналғанына сене алар емеспін: турнирлердегі жеңістер, әлемдік рейтингтің топ-30 қатарына ену және Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан өнер көрсету – мен үшін үлкен мәртебе.
Мен ұлттық құрама сапында ойнағанымды, кортқа елім үшін шыққанымды, Қазақстанды әлемдік аренада таныстырғанымды мақтан тұтамын. Бұл мәңгі жүрегімде қалады.
Жанымда болған барша жандарға алғыс айтамын.
Жанкүйерлеріме – сіздер маған ерекше күш-қуат бердіңіздер, менің тірегім болдыңыздар. Баршаңызды жақсы көремін», - деді спортшы.