Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде балалар тәрбиесінде әлеуметтік желілердің әсеріне алаңдаушылық білдіріп, кітап оқудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Жақында АҚШ соттарының бірі шығарған шешімге сәйкес, кейбір интернет-платформалардың алгоритмі балаларға зиян келтіріп, психологиялық тұрғыдан тәуелді ететіні мойындалды.
Біз бұдан сабақ алуға тиіспіз. Сондықтан ұрпақ тәрбиесін әлеуметтік желілер мен видеосервистердің бодауына беріп қоюға болмайды. Бұл қосымша зерттеуді қажет етпейтін факт.
Отбасы институты мен білім беру жүйесін нығайту, шын мәнінде, балаларды кітап оқуға баулумен тығыз байланысты. Жалпы, осылай болуы қажет. Қанша жерден пессимистік пікірлер айтылса да, кітап – білім бұлағы әрі тәлімгер ретінде маңызын жоя қойған жоқ.
Кітап оқыған сайын танымың тереңдейді. Кітап ақыл-ойды шыңдап, дүниетанымыңды кеңейтетіні, адамдардың өз қарым-қабілетіне деген сенімін күшейтетіні белгілі.
Таяуда еліміз Ұлттық кітап күнін екінші рет атап өтеді. Жұртшылықтың қолдауына ие болған бұл бастама отандық баспа саласының жұмысын жүйелеп, шетелдік авторлардың өзекті, пайдалы көркем шығармаларының аударылуына түрткі болуға тиіс.
Кітап оқу үрдісі төл дүниетанымымыздың ажырамас бөлігіне, ұлттың озық қасиетіне айналғаны жөн. Ғалымдар бұл іске салмақты үлес қосуға міндетті деп санаймын», - деді Мемлекет басшысы.