Бүгін Ақордада ғалымдарды марапаттау рәсімі өтті. Жиында сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның экономика мен қоғамның сұранысына сай болуға тиіс екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Тағы бір мәселе. Ғылымның әлеуетін ел игілігіне жарата білу қажет. Ғалымдарымыз ашқан жаңалықтар зертханалар аясында қалып қоймауы керек.
Нақты нәтиже беретін, өндіріске енгізуге болатын жобаларды жүзеге асыру қажет. Бір сөзбен, ғылым экономика мен қоғамның сұранысына сай болуға тиіс. Бұл мақсат Үкіметтің ұдайы назарында болуы керек, себебі осы міндеттің еліміз үшін мән-мағынасы ерекше.
Сонымен қатар бұл – әлемдегі ең үздік компаниялардың берік ұстанымы, бұлжымас қағидасы. Жаһандық деңгейдегі ірі технологиялық корпорациялар бірінші кезекте білім мен ғылымға басымдық береді, ғылыми жаңалықтарды өндіріске жедел енгізеді.
Таланттарды қызметке тарту жағынан да бұл компаниялар көш бастап тұр. Адам капиталы олардың негізгі күш-қуаты саналады. Технология мен инновация – дамудың ең басты әрі баламасыз шарты. Мұны ХХІ ғасырдың үздік компаниялары дәлелдеп отыр», - деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміз үшін қолданбалы ғылымды дамыту – аса маңызды міндет болып тұрғанын атап өтті.
«Осы бағыттағы жобалардың саны көбейді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Әсіресе, университеттердің технологиялық даму орталығы ретінде қалыптасып жатқанын атап өту қажет.
Мысалы, былтыр University Medical Center мекемесіне қарасты Жүрек орталығының дәрігерлері ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) деп аталатын инновациялық медициналық құрылғы ойлап тапты. Мұны өткен жылдың ең айтулы ғылыми жаңалығы деп айтуға болады.
Осы құрылғы донорлық ағзалардың өміршеңдігін 24 сағаттан астам уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай бірегей жаңалықтар қазақ ғылымының әлеуеті, жалпы еліміздің даму деңгейі жоғары екенін көрсетеді.
Дегенмен ғылым саласында шешілмеген түйткілдер де аз емес. Мен наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болғанымды білесіздер. Сол жерде ғалымдармен арнайы кездесіп, біраз мәселеге тоқталдым.
Әсіресе, ғылымды қаржыландыру жұмысын ретке келтіріп, қатаң бақылауға алу қажеттігі туралы айттым. Басты мақсат қаржыны игеру емес, қоғамға пайдасы тиетін жобаларды жүзеге асыру болуға тиіс», - деді ол.