Чип бәсекесі: біздің орнымыз қай жерде?

Бүгін, 15:15 / Ділда УӘЛИБЕК
сурет: istockphoto.com

Жартылай өткізгішті жаһандық экономиканың жаңа жүйке жүйесі деп те атап жүр. Былтыр осы нарықтың табысы 830 млрд доллардан асып кетті. Кішкене ғана чиптер мемлекеттердің бәсекеге қабілетін, өндіріс қуатын, тіпті геосаяси салмағын айқындайтын басты факторлардың біріне айналып келеді. Кейінгі жылдары бұл саладағы өзгерістер тек технологиялық тренд қана емес, стратегиялық қауіпсіздік мәселесіне ұласты. 

Жартылай өткізгіш жарысы

ЖИ сұранысы 2026 жылы да бағытынан танбаса, жарты­лай өткізгіш нарығының көлемі тарихта алғаш рет 1 трлн доллардан асып кетуі ықтимал. Әлем елдерінің осы нарықта табысқа жетуге ұмтылуы осы болжамның негізсіз емес екенін айғақтайды. 
Мәселен, Қытай чип өндірісі қарқынын бұрын-соңды бол­маған деңгейге жеткізді. Қытай өндірушілерінің бұл нә­ти­жесі тек бизнес табысы емес, жүйелі саясаттың жемісі деу­ге болады.  
Елдегі ең ірі өндіруші SMIC кірісін бір жылда 16 пайызға арт­тырып, 9,3 млрд долларға жеткізген. Hua Hong Semiconductor да тоқсандық табысы рекордтық деңгейге жеткенін жа­риялады. Ал жад микросхемалары сегментінде ChangXin Memory Technologies табысын бір жылда 130 пайыздан арт­тырып, 8 млрд доллардан асырды. 
Мұндай серпін кездейсоқ емес. Нарықтағы басты қоз­ғаушы күш – жасанды интеллект. Деректерді өңдеу орта­лы­ғы, бұлт сервисі, электрониканың барлығына қуатты есептеу қа­жет. Соның нәтижесінде жад чиптеріне сұраныс күрт өсіп, тап­шылық туындады. Бұл, өз кезегінде, бағаларды көтеріп, өн­дірушілердің табысын еселеді. Goldman Sachs деректері бойынша, 2022 жылдан бастап ірі тілдік модельдер инф­рақұрылымын дамытуға жұмсалған жиынтық капитал шы­ғыны 350 млрд доллардан асып түсті. Бұл – цифрлық эко­но­мика тарихындағы ең ірі капиталдың қайта бөлінісі.
Бірақ Қытайдың стратегиясы тек сұранысты пайда­лану­мен шектелмейді. Ел технологияны «элиталық ресурс» емес, жаппай қолжетімді құралға айналдыруға тырысып отыр. «Бір студент – бір чип» бастамасы осының айқын көрінісі. Бұл бастаманың мақсаты – микросхема жасауды бағдар­ла­ма­лау секілді базалық дағды деңгейіне түсіру. Яғни, әр сту­дент бір чип жасап шығара алатындай деңгейге жетуі керек.
Алайда Қытайдағы бұл процестің бәрі­не сырттан қысым түсіп отыр деуге бо­лады. АҚШ енгізген шектеулер Қы­тай­дың озық технологияларға қолже­тім­ді­лігін айтарлықтай шектеді. Дегенмен бұл қысым Қытайды әлсіретпеді, керісінше, ішкі өндірісін жедел дамытып, алға іл­ге­рілеуіне сеп болды. Өнімділігі жағынан ба­тыстық аналогтардан артта қалға­ны­мен, қытайлық компаниялар өз эко­жүйе­сін қалыптастыруға көшті. Нәти­же­сінде, тәуелділік азайып, технологиялық дербестік күшейіп келеді. Goldman Sachs деректері бойынша, 2023-2024 жылдары жаһандық жабдық сатып алу нарығының 40 пайызы Қытайға тиесілі болған. Жауап ретінде АҚШ, Еуропа, Жапония мен Оңтүстік Корея өндірісті ынта­лан­дыру бағдарламаларын, атап айтқанда, CHIPS Act, Еуропа субсидияларын, Жапон гранттарын іске қосты. 

Осы тұста жаһандық нарықтың тағы бір тренді айқындала түсті: сұраныс ұсы­­ныстан озып барады. Тіпті, тех­но­ло­гия­лық амбициясы жоғары жобалар бұл алшақтықты одан әрі ұлғайтуы мүмкін. Илон Масктың Terafab бастамасы соның дәлелі. Оның жоспары – жылына 1 те­раваттқа дейін өнім шығаратын, әлемдегі ең ірі чип зауытын салу. Бұл тек өндіріс емес, болашақ инфрақұрылымның негізі ре­тінде қарастырылып отыр. Ғарышқа жап­пай жүк тасу, күн энергиясымен жұ­мыс істейтін спутниктер, мил­лион­да­ған гуманоид роботтың бәріне бұрын-соң­ды болмаған қуатты есептеулер қа­жет. Масктың бағалауынша, тек робот­тар­­дың өзіне ғана жүздеген гигаватт есеп­­теу қуаты қажет. Ал спутниктер дең­гейінде бұл сұраныс тераваттқа же­теді. Қазіргі өндіріс көлемі мұндай сұра­ныс­ты қанағаттандыруға қауқарсыз. Маск сол олқылықтың орнын толтыр­мақ. Бірақ бұл әзірге жоспар ғана. 

Алғашқы қадам жасалды

Мемлекеттер арасындағы бәсеке­ге қарамастан, жартылай өткіз­гіш­тер өндірісінің тағы бір ерекшелігі – оның толықтай жаһанданғанында. Бір чип­тің артында ондаған елдің еңбегі тұ­рады. Кремний бір елде өндіріліп, бас­қа мемлекетте табақшаға айналады, ал ин­тегралды схемалар үшінші елде ба­сы­ла­ды. Одан кейін өнім сынақтан өтіп, қап­талып, басқа өңірлерде құрылғыларға ор­натылады. Бұл процесс барысында бір ға­на өнім бірнеше рет шекара кесіп өте­ді. Яғни, бірде-бір елде толық өндіріс цик­лі жоқ. АҚШ чиптерді жобалайды, Тай­вань және Оңтүстік Корея оларды шы­ғарады, ал жабдықты Нидерланды мен Жапония жеткізеді. Күрделілігі мен құ­нына байланысты барлық өндірісті ло­кализациялау, саланы толық бақы­лауға алу мүмкін емес. Бірақ оның белгілі бір бөліктерін игеру стратегиялық ар­тық­шылыққа айналары анық.
Мұны біз де үлкен мүмкіндікке ай­­­­налдыра аламыз. Елімізде, атап айтқанда Ұлытау мен Жетісу өңір­лерін­де сапасы жоғары кварцтың мол қоры бар, ол қымбат маркалы кремний өн­дірісіне жарамды. Әрине, толыққанды чип өндірісін құру – тым қымбат және күр­­делі жұмыс. Бірақ шикізат, логистика, өң­деу және транзит бағыттарындағы ор­­нымызды нықтауға әбден болады. Оның үстіне, орта дәліз ретіндегі рөліміз біз­ге қосымша басымдық бере алады.
Бұл бағытта біз алғашқы қадамды жа­садық та. Былтыр профессор Нұрсұл­тан Қабылқас пен шәкірттері жобалап шығарған Designed in Kazakhstan деген таңбасы бар микрочип таныстырылған болатын. Интеллектуалдық өнімді мате­риал­дық өнімге айналдыру үшін Тай­вань­дағы өндіріс ошағымен әріптестік ор­натып, бір жылдың ішінде қазақ­стан­дық ғалымдардың дизайны бойынша мик­рочип жасалған. Nazarbaev University-дің микросхема мамандарын дайындау бас­тамасы Қытайдың «Бір студент – бір микрочип» бастамасымен үн­дес болып шығып, Юньган Бао қа­зақ­стандықтарға сапалы орта құру үшін кө­мек қолын созған. 
Профессор Нұрсұлтан Қабылқас чип жасау процесін «жаһандық ин­дустрияға апаратын соқпақ» деп сипаттаған еді. Оның ай­туын­ша, команда дайын процессорды үш ай ішінде жобалап, сынақтан өткіз­ген. Бұл уақыттың ішінде ең күрделі ке­зең  дизайн емес, өндіріс болған.
– Бұған дейін қарапайым про­тотип­теріміз болғандықтан, бейімделу тез жүр­ді. Бәрінен де сол прототиптер негі­зін­де жетілдірілген өнімді зауыттан өн­ді­ріп шығаруға көп уақыт кетті. Сыйым­дылығына келсек, 64 биттік про­цессор. Процессордың жадын үлкей­тіп, қосым­ша компоненттер қосса көп­теген функ­цияға икемдеп пайда­лану­ға болады. Қара­пайым тілмен айтсақ, функ­цио­налы шағын, қарапайым ком­пью­тер­тектес техникаларға қолдану тиімді бол­­мақ. Ал сіз сұрап отырған iPhone өн­­дірісіне қол­данылатын чип жасай­тын­дай білімге жету үшін осы қарқынмен кемінде 3-4 жыл тынбай еңбектену керек болатын шығар. Түпкілікті мақсатымыз да –сондай дең­­гейге жету. Бұл жерде ең бас­ты құн­ды­лық – қазақстандық маман­дардың микрочиптерді өз бетімен ди­зайндап, бағдарламалай алатын құзы­рет­ті иге­руін­де. Ал микрочипті қолданыс мақ­са­тына қарай икемдеп жетілдіру, құры­лы­мын күрделендіру – уақыттың ен­ші­сін­дегі дүние, – деген еді Нұрсұлтан Қа­был­қас өнімді таныстыру үшін өт­кіз­ген іс-шарада.
Бұдан бөлек, былтыр Семейде электро­ника мен чип өндірісін да­мытатын жаңа индустриялық парктің құ­рылысы басталған еді. Жобаны Қазақ­стан мен қытайлық инвесторлар бірігіп жүзеге асырып жатыр. Бұл бастама Абай об­лысы делегациясының Қытайдың Шың­жаң өлкесінің Алтай қаласында өт­кен халықаралық «Үлкен Алтай» су­бөңір­лік конференциясы аясында қол қойылған келісімдердің алғашқы нақты нәти­жесі деп жарияланған болатын. 
Кәсіпорында микросхемалар, оп­тоэлектронды модульдер, интел­лектуалды хост-контроллерлер, қуат блок­тары, энергия үнемдейтін шамдар мен электрондық дисплейлер өндіріл­мек. Жобаның жалпы құны 50 миллион АҚШ долларына жетеді және 2025-2028 жыл­дары үш кезеңде іске қосылады деп жос­парланған. Құрылыс кезеңінде 140 адам жұмысқа тартылса, зауыт толық іске қосылған соң 500-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. 
Сондай-ақ зауыт Семейдегі IT және жаңа технологиялар колледжімен ынты­мақтастық орнатып, студенттерді өн­дірістік тәжірибеден өткізіп, кейін тұ­рақ­ты жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр. Жаңа өндіріс орны Қазақстан нары­ғына ғана емес, ТМД елдері мен Еуро­паға экспортқа да шығуға да үмітті.

Руслан Сұлтанов,

экономист:

Микроэлектроника ұлттық мақтанышқа айналмауы керек

– Қазір өз болашағын ойлайтын әрбір ел чип туралы айта бастады. Себебі  чип – цифрлық эко­номиканың негізі. Оларсыз өнеркәсіп те, бай­ланыс та, қорғаныс та жоқ. Мақсат та түсінікті, бар­лығы чип жасағысы келеді. Бірақ күрделі тех­ноло­гиялар­дың шынайы логикасы басқаша. Бұл ақша мәсе­лесіне де, саяси ерік мәселесіне де, тіпті стратегия мәсе­лесіне де тірелмейді. Бұл инс­титуттарға, кадрға және жаһан­дық техноло­гияларға деген қолжетімділікке сын. Бұл сыннан өте алмаған өн­діріс бос жабдық­қа және даулы істерге айналады. Бұл үрдіс барған сайын ай­қынырақ көрініп отыр, сондықтан ол еліміз үшін де маңызды.
Кейінгі жылдары мемлекеттер микроэлектроникаға орасан зор қаржы құйды. Субсидия көбейді. Қор ұлғайды. Мақсат зорая түсті. Бірақ нәтиже біркелкі болмады. Саланың жетілген сегменттерінде өсім тезірек жүрді. Ал ең күрделі сегменттерде прогресс баяулады. Технологиялық талап неғұрлым жоғары болса, күту мен шындықтың арасы соғұрлым алшақ болды. Бұл кез­дейсоқтық емес. Саланың табиғаты сондай деуге болады.
Чип өндірісі бір ғана технология, тұтас тізбек. Дизайн, материалдар, жабдық, литография, қаптау, тестілеу, бағдарлама орнату, кадр. Әр элемент жылдар бойы жиналған тәжірибені талап етеді: білімге қолжетімділікті, жаһандық тізбекке кірігуді. Мұнда бір сатыны аттап өту, жабылып қуып жету мүмкін емес. Толық циклды жалғыз өзің жасауға тырысу сын-қатерді күрт арттырады.
Шын мәнінде ірі экономикалардың өзі барлық тізбекті тұтас бақылай бер­мейді. Олар сегмент таңдайды. Бұл әлсіздік емес, бірақ саяси дискурста дер­бестік, егемендік, өзін-өзі қамтамасыз ету сияқты басқа логика басым бо­ла­ды. Күрделі технологияларда бұл логика физика мен экономикаға тіреледі.
Микроэлектрониканы жедел дамытуға тырысқан тәжірибеден қайта-қайта бір нәтиже байқаймыз: ақша тез бөлінеді, жобалар дабырамен басталады, өңірлер нәтиже көрсетуге асығады, фабрикалар салынады,  жабдық сатып алынады, бірақ бірнеше жылдан кейін күрделі жайт алдан шығады. Кадр жоқ, негізгі технологияға қолжетімділік жоқ, тұрақты сұраныс жоқ, нарыққа жол жоқ. Осылайша, жоба тоқтап қалады. Кейде мәңгіге тоқтап қалады.
Басты проблема ақшада емес. Проблема – институттарда. Күрделі техно­логиялар имитацияны кешірмейді. Мұнда шаршы метрмен немесе инвестиция көлемімен есеп беру мүмкін емес. Нәтижесі біреу – не нарық жұмыс істейді, не істемейді. Басқарудағы, бақылаудағы немесе сараптамадағы кез келген әлсіз­дік бірден ұлғайып шыға келеді. Серіктесті таңдаудағы қателік, техно­логияны баға­лаудағы қателік, уақытты есептеудегі қателік, осының бәрі өте қымбатқа түседі.
Еліміз бұл тәжірибеден маңызды сабақ алуға тиіс. Экономикамыз ашық, нарық көлемі шағын, ал кадр қоры шектеулі. Сондықтан күрделі технологияға салынатын кез келген инвестиция салқын есепті, нақты бағалауды қажет етеді. Біз тізбектің қай бөлігінде тиімді жұмыс істей аламыз, ал қай бөлігінде осалмыз – осыны анық білу маңызды.
Технологияға қолжетімділік те – шешуші фактор. Микроэлектроника саласында ешқашан толық еркіндік болмаған: экспорттық шектеулер, лицен­зиялар, стандарттар мен патенттер – шындықтың бір бөлігі. Қолжетімділік тарылған кезде субсидия қанша болса да, даму баяулайды. Әсіресе, технология­лық тар бағыттарда бұл айқын көрінеді. Ақша жабдықты алмастырмайды, жабдық ноу-хауды алмастырмайды, ал ноу-хау адамдарсыз пайда болмайды.
Кадр мәселесінің де айрықша орны бар. Микроэлектроника маманданған мыңдаған инженерді қажет етеді. Оларды екі жылда дайындау мүмкін емес, бір жақтан әкеле де алмаймыз. Мұндай кадрлар ондаған жылда қалыптасады. Дамыған елдерде кадр ақшадан да маңызды рөл атқарған. Мемлекет стра­тегияда қателессе де, мықты командалар бағытты түзетуге септеседі. Ал бізде алдымен жоба, кейін университет, содан кейін даярлау бағдарламасы. Ал күрделі технологияда бәрі керісінше: алдымен адамдар, содан кейін жобалар. Бұл ережені елемеу кез келген инвестицияны сын-қатерге айналдырады.
Тағы бір қауіп – саланың саясаттануы. Микроэлектроника ұлттық мақта­нышқа айналғанда, орындаушыларға түсетін қысым күшейеді. Тез нәтиже күтеміз, есептер әдеміленеді, проблемалар жасырылуы мүмкін. Сараптама екінші орынға ығысады. Күрделі технологияда қиындықтар мен проблемаларды ертерек білу – қауіптің алдын алудың негізгі шарты. 
Сегментті дұрыс таңдау да аса маңызды. Алдыңғы қатарлы технологиялық түйіндерге бірден кіруге тырысу көбіне сәтсіздікке апарады: кедергі жоғары, бәсе­ке қатал, қателер кешірілмейді. Тұрақты стратегия жетілген сегменттерге сүйе­неді: қаптау, тестілеу, арнайы чиптер, маңызды шешімдер. Мұнда кіру жеңіл, экономикасы түсінікті, кадр қолжетімді, экспорттық мүмкіндіктер де нақты.
Сонымен қатар қорлар мен жобаларды басқару – шешуші мәселе. Микроэлектроника саласында басқарудағы қателік өте қымбатқа түседі. Егер шешімдер тәуелсіз сараптамасыз қабылданса, бақылау әлсіз болса немесе KPI нақты нәтижелердің орнын басса, сала өз бетінше өмір сүре бастайды. Жобалар көбейеді, ақша жұмсалады, бірақ нәтиже болмайды. 
Күрделі технологияға барсақ, ерекше ереже қажет: тәуелсіз техника­лық аудит, капиталдық шығынды қатаң бақылау, ашық бенефициарлар, шынайы мерзімдер, қажет болған жағдайда жобаны жабуға дайындық. Позитивті жағы да бар: күрделі технология әрдайым толық циклді талап етпейді. Ол – құзырет мәселесі. Тізбектің бір ғана сегментіне қатысу да нәтиже береді: кадрлар дайындау, экспорт, әлемдік эконо­микаға кіру мүмкіндігі ашылады. Бірақ бұл тек таңдау салқын есеп­пен жасалған жағдайда ғана жүзеге асады.
Микроэлектроника – мемлекеттің қаншалықты есейгенін тек­се­ретін мінсіз сынақ. «Жоқ» деп айта алу, шектеуді мойындай алу, бағытты дұрыс таңдай алу, ұзақ ойнай алу – сынақтың талап­тары. Оны орындауға бәрі дайын емес. Бірақ оны елемеу – одан да қауіпті.
Біздің өз-өзімізге қоятын сұрағымыз басқаша болуы керек: біз өз чиптерімізді жасай аламыз ба деп емес, біз жаһандық тізбектің нақты қай бөлігінде қауқарлы бола аламыз және осы таңдау үшін қажетті институтты құра аламыз ба деген сұрақ туындауы керек. Сол сұраққа берілетін жауап күрделі технологияға салынған инвестиция өсім әкеле ме, әлде қымбат сабаққа айнала ма, соны анықтайды.

Осылайша, жартылай өткізгіш жарысында біз де алғашқы қадамдарды жасадық. Дегенмен чип төңірегіндегі бәсеке бізге бір нәрсені анық көрсетіп отыр: XXI ғасырда экономикалық ықпал бір ғана фактормен өлшенбейді. Бұл, екінші жағынан үлкен мүмкіндік көзіне де айнала алады. Негізгі капитал – технологиялық тізбектегі орның. 
 

Тэгтер:

чип жартылай өткізгіштер