Дәридай-кеуде, тау мүсін

Бүгін, 14:45 / Túrkіstan IPW

Ұлағат қонған Ұлытауды ақ домбыраның күмбірі кернеп тұр. Қастерлі өлкеге аламан айтыстың ақтаңгерлері келді. Жай келген жоқ, бір кезде ұлы өнерге атойлап үн қосқан ақберен айтыскерді іздеп келді. Жалаулатпай-ақ жұртқа, ұрандатпай-ақ ұлтқа қызмет қылып жүрген Ұлытаудың ұғымтал ұлын ұлықтауға келді. Дариядай ағынды, «дәридайдай» жағымды Мұқаш ақын жетпіске толды! Мұқаш Сейітқазинов... Мейірімі мол Мұханбетқали... Сол Мұқаш... Жүзіңе жел боп тимейтін жайдары Мұқаш. Сүйкей салған әр сөзі бірқақпайдың брендіне айналып сала беретін өткір Мұқаш. Өлеңінің арқасында өсіп-өсіп, әйдік әкім болған, сол өлеңінің қаймағын көсіп-көсіп, қайтадан арқалы ақын болған бірбеткей Мұқаш. Шеңберді шыр айналып, әкімдікті бір айналып, үйірін қайта тапқан мерейлі Мұқаш. Шеңберлік пен шеберліктің аражігін тез ажыратып, өлеңіне өзгеше өң берген өр мінез Мұқаш. Өлеңі үшін өрге де, төрге де шыққан, етекке де, еңіске де түскен ер көңіл Мұқаш. Айтысқа кешірек келіп, ертерек қойған, санасы сергек, түйсігі мол, тегеурінді Мұқаш...

Сол Мұқаш күні кеше ұлт ұясы – Ұлытауда ұлы жиын өткізді. Жыр жүй­ріктері жосыла кеп қалды екен деп ақыны көп Ұлытау ұлардай шулай жө­нел­ген жоқ, әрине. Мұқашы мәнерлеген, Әнуары әспеттеген сөз сайысының сер­келері жетіп артылатын мерейлі мекенді то­сын тіркеспен, әуезді әуенмен таң­ғал­дыру оңай емес. Дегенмен Ұлытау осы жо­лы жақсылап бір сілкінді. Ұлытаудың жұрт көзіне түсе бермейтін ұлары ұшар биікке қанат қаққан шығар сол сәтте. 
Ұлар демекші, «Ұлытауға бардың ба, Ұлар етін жедің бе?», – деген тағылымды тұ­жырым кейде ел ішінде «Ұлытауға бар­дың ба, Ұлар құсты көрдің бе?», – деп ай­тылады. Соған орай анда-санда ақын Ғалым Жайлыбайдың құрдастары: «Жаңаарқаға бардың ба, Жайлыбайды көр­дің бе? Өкілдердің алдында, Өлең оқып бердің бе?», – деп әзілдейтіні бар. Ал сол Ғалым ағамыздың:
Тағдырыңнан күткелі бір сыбаға
Тереңіңде тұмалар тұншыға ма?
...Ұлар құсты көрдің бе, Жүрсін ақын,
Ұлытауға бардың ба, Жүрсін аға? –
де­ген кестелі һәм дестелі жыр жолдары бар. Бұл өлеңдегі жанартаудай Жүрсін ағам­ның орнына Ұлытаудың ұлар тектес кез келген ақынының есімін қойыңыз да, әрі қарай көсілте беріңіз. Сөз жоқ, жым­даса кетеді. Себебі Ұлытаудың әр ақы­ны ұлар сынды қастерлі. Әр жыр­шы­сы текті әрі тұрпатты. Өз бағасын жақсы біледі. Ұсқыны бөлек ұлар құс секілді жұрт­тан бойын жасырады. Ел көзіне бел­сеніп көп түсе бермейді. Менің Мұ­қаш көкем де солардың сойынан. Айтыс­қа дер кезінде келді. Дер кезінде кетті. Ақын­дығын малданып, артық сөзге ал­да­нып, ел-жұртты жинап, кеш-меш, бе­шір-мешір өткізуге де қызықпады. То­пыр­латып, жыл сайын кітап шығаруға да әуес болмады. Өстіп жетпіске дейін саяқ­тау жүрді. Енді, міне, жеті белестің жо­тасына шыққанда еліне бір еркелеуге құқы бар шығар. 
Ақын біткен Ұлытаудан ұларды із­де­се, жалпақ жұрт ұларға қоса бұларды із­дейді екен. Жаппай жиылды. Ойдан ойыс­ты. Қырдан құйылды. Ұлытауды ұла­ғат басып қалды. Әкімі ақынын аяла­ған, ақыны әкімін саялаған ғажайып бір кеш өтті десіп жатыр.
«Ұлар – біздің тауымыздың киесі, құз-жартастың иесі» – деп жырлаған ақын досым Алмас Ахметбекұлының «Ұлы тауымның, тұмарындай көрінген сол ұлар» деген бір тамаша тіркесі бар-ды. Алмас айтқандай, ұлылар мекені –  Ұлытаудың бойтұмары ұлар болса, тағы бір тұмары ақын екені анық. Сол алтын тұмар бүгін менің Мұқаш ағамның мой­нында тұр. 
Нар бағасын білетін, ар бағасын,
Тағдырласым сен менің,арналасым.
...Ұлар құсқа не дейміз, көрмегесін,
Ұлытауға не дейміз, бармағасын? –
деп арқалы ақын Ғалым ағам жыр­ла­ған­дай, ұлар ұшқан мекеннің адам айтқысыз кәу­сар ауасын жұтқан да, жұтпаған да ар­манда. Сол ұлықтаулы ұлардың қа­сиет­ті қанатының суылына өмір бойы құ­лақ түріп келе жатқан Мұқаш ағамыз­ға қарап тұрып қызықпасқа шараң не? 
Ілгеріректе «Самантаның екінші 
аты – Ақбаян!», – деп бір ақын ағам жыр­ла­ғандай, Мұқаш ағамның екінші есімі – «Дәридай». Тек оған ғана лайық. Соған ғана жарасады. Бүгінгіше айтқанда, на­ғыз бренд! «Дәридай» десе, тек Мұқаш қа­на көз алдыңа келеді. Көз алдыңа кел­гені не, дүйім жұртты жіпсіз байлаған «дәридайдың» әуені құлағыңның түбінде тұрады.
Қазақ өнерінде «әгугай» да, «илигай» да, «дариғай» да, тіпті «әләулай» да болды. Ал «дәридай» біреу-ақ. Оны ақынның өзі әу дегенде-ақ енді қайтып ұмытпай­тын­дай етіп, елдің зердесіне құйып, санасына сіңіріп берген. Жас кезімізде ақын аға­мыз­ды Алматының зәулім сахнасынан көр­дік. Ол кезде өзі де онша жасамыс емес-ті. Дүйім жұрттың алдында бақсы­дай ойнап отырды. Бірақ сөзі сүбелі, ойы оралымды, талғамы терең, толғамы та­ғы­лымды, берекелі бақсы еді. Дегенмен дом­бырасы өзіне онша бағына қоймайды екен. Әттеген-ай, қара сөзді құйындай ой­натқанда, әлі күнге дейін екі ішек пен то­ғыз пернені игере алмағаны несі екен де­генбіз іштей... Бәрібір сол жылдарда Мұ­қаш Сейітқазиновтің болмыс-бітімі ай­тыс өнеріндегі ерекше құбылыс ретін­де көкейімізде жатталып қалды.
Домбыра демекші... Жүйріктердің жүй­рігі Жанақ ақын: «Ал қолыма тидің бе, қарағайым, Қарағайсыз керекке жара­майым», – деп жырлаған домбыра жарықтық айтысқа түскен Мұқаштың талай рет алдынан шықты. Кәдімгі Шөже Қаржаубайұлының екі міні – көзінің кемістігі мен тегінің қырғыз екені үнемі бетіне басыла беретіні секілді Мұқаштың домбыра тарта білмейтінін кез келген ақын көзір етіп ұстанатын. Бірақ «Көзіме он жеті ақын түк қылған жоқ, Сен қы­ларсың атаңның қақ басын-ай!», – деп ширыққан шақар Шөже сияқты Мұқаш та бұған еш қыңған емес. Айтыстың жас перісі Мейірбек Сұлтанхан ініміз айт­қан­дай, мұны өз кемшілігінің санатынан шығарып, артықшылығына айналдырды. 
Бір күні өзі қатты қадірлейтін қа­рын­дасы Елена Әбдіхалықова: «Аға­ны домбырасыз ұқсатамын, Айтыс­тың жаяу қалған Мұсасына», – деп әдемі әзіл өрді. Кезінде бұған көп ешкім мән бе­ре қоймаған сынды. Біле білсек, бұл – бүкілхалықтық теңеу! Ғажайып тіркес! Осы мақалаға «Айтыстың Жаяу Мұсасы» де­ген тақырып қоюға да болар еді. Алай­да Лена қыздың табан астында суырып сал­ған өз сөзі өзінде жүргені дұрыс дедік.
Мұқаш пен Елена бірнеше рет ай­­­тысқа түскен көрінеді. Бірде сайыс үстінде Лена: «Ағатай, біздің ауыл­дың иттеріне дейін домбыра тартады», – деп қалады. Несі бар, сол тұрғыдан Лена қарын­дасымды кінәлауға болмас. Бұл – біздің Сыр елінде екінің бірі қолданатын сөз. Сырдария жағалауында тұрақтаған ауылдардың тазылары мен төбеттері дом­­быра тартпаса да, сұңғыла сүлей­лері­міз ертеңнен салса, кешке озып, таңды таң­ға асырып жырлап жатқанда, бір кө­зін аша қарап, бір көзін баса қарап, үн­сіз мүлгіп отыратыны анық енді. Лена қыз осы көркем көріністі ойға алған шы­ғар, бәлкім. Бірақ мұндай «олжаны» мүлт жіберсе, Мұқаш бола ма, орайын кел­тіріп, ілді де түсті ғой. Жеңілу деген нәр­се үрдісіне көп ене қоймаған Еленаға ол былай деп еді сонда: 
Мұқаштың үйткені бар, бүйткені бар,
Осындай ұлы өнерді күйттері бар.
Не деген бақытты еді Сырдың елі,
Домбыра тартатұғын иттері бар.

Біреулер күнелтеді түйе сатып,
Біреулер күнелтеді бие сатып.
Қазақтың домбырасын итке берсең,
Кетпей ме Құрманғазы киесі атып?!
Бұл жөнінде сізді ерекше құрмет тұ­та­тын Лена қарындасыңыздың өзі де жаз­ды. Қатты айттыңыз бірақ, Мұқа! Сіз­дің сол сыныңыздан кейін Сыр сүлей­лері­нің жанында шоқиып отыратын біздің елдің марғаулары мен құттөбеттері домбыраның дауысы шыққан жерден аулағырақ барып жыр тыңдайтын бол­ған. Тіліңіз қандай ащы еді, аға! Ит­тері­мізге дейін итеңдетіп, ирек қамшылатып жібердіңіз ғой, тегі...
Шолпан апамды білесіз ғой. Айтыс­тың ажарлысы. Бәсекенің базарлысы. Шан­доз Шолпан. Қайталанбас Қыдыр­ния­зова. Кәдімгі өзім жазған «Шолпан жұл­дыз туғанша...» деген алақандай эссем­нің кейіпкері. Сол бір ғажайып жан өмір­ден өтерінен сәл бұрын сіз туралы ал­ғаш­қы мақаламның соңына «Дом­бы­ра­сыз дәридай» деген пікір қалдырыпты. Дом­бырасыз дәридай! Бір ауыз сөз! Сұм­дық қой! Былай қарасаң, оп-оңай. Қара­пайымның қарапайымы. Бірақ қара­пайым­ды құлпырту – мықтының мәнері! Біздің басқа неге қона қалмайды дейсің. Менің миыма келмес еді. Жаны жәннатта бол­ғыр Шолпан апам осы бір түйір дәні­мен-ақ мықтылығын дәлелдеп кетті-ау, Мұқа! Айтпақшы, өзіңізге арнаған «Дәри­дай-жүрек» деген тіркесімді кезекті кі­та­быңызға атау етіп алғаныңызды ай­та кетіпсіз. Рахмет сізге, жақсы аға!
Бұл жарықтық домбыра мен «дәри­дайдың» жыры жуық арада біт­пей­ді-ау... Өзіңізді қадір тұтатын ақын әрі сазгер ініңіз Жарылқасын Дәулет мы­надай пікір жазыпты: «Домбырасы Мұ­қаңа емес, Мұқаң домбырасына ба­ғын­­байтын еді ғой. Сосын домбыра бай­ғұс қайтсін, Мұқаңды әрі сүйреп, бері сүйреп көндіре алмаған соң, халықты тас­тап кетпей (Мұқаңның домбыра мен ха­лықты тастау ойында да жоқ), дом­быра бөлек, Мұқаң бөлек, екеуі екі жақта жүріп, өлеңді ағыза беретін. Егер бүкіл ноталарға жан бітіп, Мұқаңның үйіне кел­се, әрі кетсе жарты сағаттың ішінде бә­рі құлақтарын басып: «Енді көрме­гені­міз Мұқаш болсын!», – деп жан-жаққа бе­зіп кетер еді. Содан кейін жеті нотаң же­ті ай бойы басы гәңгіріп, қайда өмір сү­ріп жатқандарын білмей, миына құрт түс­кен қойдай болып, әр қабырғаға бір сү­зі­ліп жүретін еді. Пах, шіркін, Мұқаң сон­дай феномен ғой!».
Көбіне шешіліп ойын айта бермейтін, сөз қадірін түсінетін әрі әзілді әдіптей бі­летін Жарылқасын достың сізді шексіз жақ­сы көргенінен және шынайы ықы­ла­сынан туған осы бір тұжырымы маған қат­ты ұнады. Сіз де қабыл алыңыз, абзал аға!
Жарылқасынға дейін қалжыңмен қа­жап жатқан домбыраның күйігі әбден өткен болуы керек, бір күні Қойлыбай әулиенің басына арнайы барып: «Жылап келген адамға бала бердің, О, әулием, сен ма­ған бер домбыра», – деп жалбары­нып­сыз. Қазаққа қадірлі Қойлыбай көкемнің құ­лағынан қағыс қалды ма, әлде өзіңіз­дің құлқыңыз соқпады ма, білмейміз ғой, сол домбыраны әлі күнге дейін игере алмай келе жатқан көрінесіз. Екінің бірі еңсеріп жүрген егіз ішек, тоғыз перне емес пе... Не болды сізге?! Өзім де домбы­ра­ны бір адамдай шертетін қазақпын, жа­ныңызға жайғасып алып, шал­ғайыңыз­дың бір шетін басып отырып үйре­тер ем, әттең жер жырақ, ауыл алыс, амал не?! Шерағаң айтқандай, бір кем дүние... 
Қайтеміз енді, бір Қойлыбайдан жұ­мыс бітпеді, ендеше екінші Қойлыбайға сауын айтып, бүгінгі әулиеміз, ізетті іні­міз Қойлыбай Асановқа өтініш қылып, сізге домбыра тартуды түбегейлі үйрету мә­селесін ақылдасып көреміз де... Қал­жың ғой, аға... Өзіңіз білерсіз... Бәлкім, Шол­пан апамның «Домбырасыз дәри­дай» деген тамаша тіркесінің болмысын бұзбағанымыз да дұрыс шығар... Оның үстіне, ертеректегі айтысыңызда «Бір ғасыр домбырасыз өтіп еді, Өтеді-ау дом­бырасыз бұл ғасыр да», – деп өзіңіз де мойындап қойыпсыз ғой.
Екеуара сөз сайысында домбыра жайын тіліне бірнеше рет тиек еткен Еле­на қарындасыңызға «Сен өзің айна­лайын Ленамысың, Мұқашқа таусыл­май­тын темамысың?», – деп әдемі әзіл ай­татынсыз. Сол Ленаңызбен сан жыл­дан бері кездесе алмай жүргеніңізді де білетінбіз.
Қайда екен, қайда,
Дәридай, сол қыз? –
деп, егіле де, емірене де іздегеніңізден ха­бардармыз. Ер-азаматқа бергісіз Елена қыз кеше ғана Ұлытауға арнайы барып, тойыңыздың төрінде отырыпты. Мық­тысың, Лена! Осыдан кейін, Мұқаш аға, ана бір аспапқа үйірсек иттер туралы сиқырлы сөзіңізді қайтып аласыз-ау, шамасы. Ойнап айтамыз, аға, біздің теңіз жағалай жүгіретін тарғыл төбеттер еш­қашан өлеңге өкпелемейді. Өнерді тү­сінеді, өлермендікті кешірмейді. Сыр ит­терінің Қыр иттерінен айырма­шы­лығы да осында...
Домбыраны болдық па, енді тағы да «дә­ридай» туралы бірер сөз. Бір байқай­ты­нымыз, осы «дәридай» тіркесі үнемі Ұлы­тау ұғымымен қатар жүреді. Көбіне-көп өлең-жырларда осылай үйлесім тауып тұрады. Мәселен, сөз жүйрігі Тө­леу­бай Ермекбаев: «Мұқаң да – Ұлы­тау­дың ірі ақыны, «Дәридай ақын» деген сұра­пылы», – деп толғаса, Арқаның ақын қы­зы Айгүл Түсіпбекова: «Мұқаңның «рет­ро» ғой «дәридайы», Естілер Ұлы­тауда әр үйде «әні». Сахнаға «дәридайлап» шыға келсе, Ұшады қарсыластың зәре-има­ны», – деп тебіренеді. Мұның бәрі – шын ықылас, шынайы пейіл. Бұл жа­ғы­нан да сізге тек қызығу керек, Мұқа!
Тағы бір жайт есіме түсіп отыр­ға­ны... Ана бір жылы Жаңаарқаға бар­дық. Дәлірек айтсақ, Алаштың Ақсе­леуін мәңгілік сапарына шығарып сал­ған шеруге ілесіп келгенбіз. Астана аңы­рып, Жаңаарқа жылап, Атасу аңырап жат­қан кез еді. Сол жолы Дүйсенбай Жұ­­­масейітовті көрдім. Бәрімізді жаны қал­май күтіп жүрді. Аудандық мәсли­хат­тың хатшысы ма, әлде әкімнің орын­ба­сары ма, анық есімде жоқ. Әйтеуір, дөй бас­тық. Аңқылдаған жақсы адам екен. Сіз­дің кейіпкеріңіз. Атышулы бірқақ­пайыңызды да сол жерде естідім. Мұндай әзіл­ді де көтере білетін жанға айта алға­ныңызды анық түсіндім... 
Әлеуметтік желіде бұлбұлдай сайрап отыр­ғаныммен, өмірде сізбен бетпе-бет кез­десіп, тілдесудің сәті түспепті. Яғни, аман­дасып та көрмеппіз. Алайда жаны­мыз жақын, ойымыз орайлас. Бұл жағы­нан таза менің кейіпкерімсіз. Бір жақ­сы­с­ы, кейіпкерлерімді өз қалауыммен таң­даймын. Біреу-міреу: «Мен туралы жаза қойшы», – десе, жыным қозады. Ондай мақала жазылмайтыны анық. Бұл жолы да Ұлытаудың Ұларына өзім ен тақ­тым. Не жазып жатқанымды да біл­мейді ол. Бізге Ұлар керек. Ал Ұларға бұ­лар керек пе, жоқ па, қайдам... «Ұлы­тауда Ұлар жүр көзге түспей, Сол Ұлар­дың қасында бір ақын жүр», – деп, сөз зергері Серік Ақсұңқарұлы жырлағандай, Ұлытаудың ұлылығы мен Жезқазғанның жылылығының бүгінгі бір өлшемі осы Мұқаш ағам секілді көрінеді маған...
Бір кезде перзентіне Мұқағали деп ат қойған ақын Мұқаш Сейітқа­зи­нов кеше Ұлытауда жетпіс жылдығын тойлап жүрген кезде ұлына Ақыт деп ат қойған ақын Дәулеткерей Кәпұлы «Ақыт Үлім­жіұлының әдеби мұрасы» деген та­қырыпта докторлық диссертация қорғап жат­ты. Бұл көріністен де сабақтастық бай­қадық. Мұқаштың ұлы Мұқағали Сейіт­қазы ақындық жолға түскен сыңай­лы. Ал жас Ақыт қалам ұстай ма, жоқ, жалау ұстай ма, оны уақыт көр­се­тер...
Шаруасы шын артық, 
Көптің ермей көшіне. 
Жүрегіме жүк артып,
Ақын болдым несіне?! –
депті бірде Мұқаш ақын. Сол жүректі қоз­­ғалысқа келтіріп тұрған да ақын­ды­ғыңыз емес пе?!
Самғай бер, сапарлай бер, соға бер, Дәри­дай-жүрек! Нық тұрыңыз, Дәридай-кеу­де, тау мүсін!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Тэгтер:

Мұқаш Сейітқазинов