Көрермені күтетін ақын

Бүгін, 14:30 / Túrkіstan IPW

Бекарыс Шойбеков – түйін жасаудың шебері, шаппа-шаптың ақыны. Кез келген ситуациядан шығып, сөз жарыстырып отырған адамын өзі ойластырған қақпанға түсіреді де, «келсең – кел» айтысында шоқтығы биік тұрады. Футболда ойыншылар шеберлігі емес, жаттықтырушының дұрыс тактика құруы маңызды болса, ол да сахна психологиясының ішкі-сыртқы мазмұнын, бейнелеп айтқанда, қарсылас қақпасына доп салудың әдіс-айлаларын жақсы біледі. Егер жекпе-жек айтыстарға букмекерлік кеңселерде бәс тігілсе, «оңтүстіктің «киллері» жеңеді» деген коэффициент басым болар еді.

Оның сахнада өзін-өзі ұстауы, дом­быра тартысы, қоңыр мақамы, әдемі жы­миысы тартымды образын қалып­тас­тыр­ды. Кейбіреулер ел алдына бар салтанатымен шы­ғып, гардеробының байлығын таныс­тыр­ғандай әсер қалдырса, оңтүстіктің от тілді ақы­ны барынша қарапайым. Ағылшын ха­лық аңыздарының атақты кейіпкері Робин Гуд тәрізді бұқараның өз өкілі екенін сездіріп тұрады. Соның тілінде сөйлеп, әлеуметтік тең­сіздіктердің ішкі қоясын ақтарып, аузына тілі симай тұрғанда тежеліп қалмайды. Де­мок­ратиясы орныққан батыс теледидарында орта жастан асқан, тіпті, зейнеттегі жур­на­лис­тер экраннан кетпей, қалың аудиторияны ұстап отыратын харизмаға ие. Неге десеңіз, кө­рермен жүргізушінің үстіндегі қымбат, сән­ді киімге, әсем таққыншақтарына емес, ау­зынан шыққан сөзге қарайды. Керісінше, біз­дегі «сиқырлы жәшік» мамандарының жа­сы балет бишісіндей қысқарып барады. Сөз бен ой еркіндігі бәсеңдесе, бренд киім­дер, қымбат моншақтарыңмен қызықтыру да бір амал ғой. Ал біздің Бекарыстың айна­ла­­­сына сөз құдіретін, оның магиясын түсіне­тін­дер жиналып, үнемі құлағын түріп отыра­ды.  
Ежелгі Римде гладиаторлар шайқасып, Ис­паниядағы корида ойынында бұқамен бақ сы­насса, бізге көрші қырғыз бен өзбекте қош­қар сүзістіріп, қораз таластыру бұрын­нан бар. Ұлттық ойын түріндей дәріптеліп, кең насихаталады. Өздерін ерекшелейтін мақ­таныш санайды. Ал оның қасында ақын­дар айтысы – интеллектуалды сөз жарысы. Тәніңе зақым келтіретін агрессия атымен жоқ. Қазір ағымдағы ақпаратпен танысу үшін дүңгіршектен газет-журнал алып, дра­ма­лық әсерге бөліну үшін театрға, көңіл кө­теру үшін циркке барасың. Бұрынғы қа­зақ­тың үлкен астары мен жиындарында ел­дің еркесі саналған серілер өнер көрсетіп, ай­тысып, күресіп, би билеп, ән салып, әлгі ком­поненттердің бәрі солардың бойынан та­былған. Оның бүгінгі жаңарған үлгісіндегі Бека­рыстың алатын орны ерекше. Көрермені күтетін ақын. «Ішіме өлең толғанда шыға­мын» деп сахнадан жырақтап кетсе, бәрі сағы­нып, іздей бастайды. Себебі ол бұқара ал­дына айтары бар кезде, афоризмге айна­ла­тын ойлары жинақталғанда, таңғалдыру емес, толғандыру мақсатында шығады. Бе­ка­рыс ел алдындағы жауапкершілікті терең се­зінеді. 
«Жақсымен сұхбаттасқан жарты сағат, 
Жаманның өтіп кеткен өміріндей», – деп ай­татыны сондықтан. Оның кулуарда ой жұп­тап жүрген сәтін сырттай бақылап кө­ріңіз. Ішкі әлемінде алақұйын, бозборан құ­былыстар болып жатқанын сезесіз. Ты­ныш­тығын ұрлауға батынбай, жарылыс ал­дындағы үнсіздік екенін түсінесіз. Донна пе­шінің қызуына алты ай уақыт керек екен. Бұл – ақын жан дүниесінің циркуляциясы! Алдам­шы, көркемдігі кем,  жеңіл мәнде сөй­ле­се, публика кешірмейтінін жақсы біледі. 
Бірде үйдегі кір машинасын жөндетуге ұста шақырдым. Біз инструкцияға қа­рай бермейміз, көбінесе интуицияға сене­міз. Құрылғы бұзылмауы үшін әр жуу аяқтал­ға­сын бір сағат демалдырып қою керек екен. Ма­маны солай деді. Бірақ осы ішкі түйсік қа­ламды серік еткен қауымның, әсіресе, ай­тыс ақынының негізгі сүйеніші. Алдымен қар­сыласыңа «барлаушы» шумақтарын жі­беріп, «жау ошағын» анықтап аласың да, со­дан кейін «десант» түсіресің. Осы әдіс-ай­ланы жасауда Бекарыстың алдына түсетін еш­кім жоқ. Оразалы Досбосыновпен ай­ты­сында:
«...Жұрттың бәрін жапырып барасың ғой,
Кәдімгі таңқы танау Тайсон құсап», – деп көтермелеп сөйлеп алады да, «күшім басым» де­генге саятын жауабына:
«...Холифилдқа жолығып қалып жүрме,
Сөздері шын ақынның шын қашанда.
...Құрдастың арам терін шығарайын, 
Аузын шие жегендей қылмасам да», – деп нүк­те қояды. Күштіні жығатын екінші күш­тің барын еске салатын философиялық кате­гория. Немесе:  
«...Сахнаға сарт ете қалыпсыз ғой,
Корольдің суретіндей картадағы», – деп  Аман­жол Әлтайдың мәртебесін биіктетеді де, қарымта шумағында:
«...Король десем, қоқия бермегейсің, 
Тұз көзірмен жүрерсің тұздықталып», – деп қойып қалады. Сөз барымтасы осындай ұт­қыр­лық пен қырағылықты талап етіп, «Тегін ірімшік қақпанда ғана болады» деген логи­ка­мен жұмыс істейді. Мұндай шеберлік жыл­дарды артқа тастап, сахнаға төселу, тіл ста­ногының шынығуы мен шыңдалуы арқы­лы келеді. Ол – жарық жылдамдығынан да тез ойдың жемісі.
Халықшыл ақындар қай заманда да айтарын астарлап жеткізіп, «сарай маңын» жағаламай, сол үшін де даңқы мен дақ­пырты аспандап, өз биігінде қалады. Бе­карыста «Қайғысызға, қанша оқылсын, жат­талма» (Ж.Нәжімеденов) деген ел мұңын ар­қа­лаған, заман зауалын әшкерелеген, әжуа мен сарказмге толы, ел құрметпен есіне алып, жадынан өшірмейтін өлең жолы көп. 
Уытты әзіл, сойқан мысқыл ресми арна­лар­дың қайшысына қидаланбай, эфирден бері­ліп, елбасы мен етікшіге дейінгі аралықта тарал­ды. Оның айтқыштығы мен көркемдік қуа­ты ондай өткір сөздерді ешкім байқамай­тын да қылып жібере алады.
Бекарыс саяси сергектігімен, әлеуметтік ой­ды терең тануымен ерекшеленеді. Жа­сыра­тыны жоқ, қазіргі домбыра ұстаған, сөз жа­рысына түскен көп әріптесіміз жатта­ға­нын айтып, романнан үзінді келтіргендей кө­рерменді жалықтырып алады. «Бұлар бо­лашақта дауыстарын құртпау үшін фо­ног­рам­ма да жаздыратын шығар» деген ойда қа­ла­сың. Ал біздің ақын жай әзіл-қалжыңмен қа­ғысуда ғана емес, елдік мәселелер қоз­ғал­ған сәтте де өз орбитасынан шықпай, суы­рып-салмалық мәнерінен жаңылмайды. 
Ол елінің тағдырына алдымен алаңдай­ды. Бүгінгі ұрпақты тұлғалар арқылы тәрбие­леп, солардың өнегесін алу маңызды деп бі­ле­ді. Ақырзаман белгісін жақындатқан аз­ғындықты, болмысымызды бұлыңғыр ет­кен тар танымды аяусыз сынайды. Төле би­дің көрегендігі хақында:
«...Беттен қақпай Төле би белін буып,
Болатынға болысқан, демеп қанша.
Беттен қақпақ түгілі бүгінгілер,
Көрге көміп тастайды керек болса», – деп күйзеліске түсіп, барабаншыл, мозайка мә­дениеттің салдарынан сабақ алуға ша­қырады. «Айтыстың алтын дәуірі өзіңсің ғой» деген Шұғайып Сезімханға:
«...Ерге дәулет бір келіп, бір кетеді,  
Елден дәурен көшпесін ең бастысы!» – деп кеңінен толғап, ақылдың өскенін, ойы­ның кемелденгенін көрсетеді. 
Жемқорлық – қоғамның жегіқұрты. Заң мен тәртіп үстемдігін, жалпы жұрт бақы­лауын күшейткенде ғана алапестей жайлаған бұл індеттен құтыламыз. Бекарыс тендер ойна­тушылардың былық-шылығын, таразы ба­сынан алдаған сұғанақ қолдарды үнемі сы­нап келеді. Әрине, ақын сот болып жаза кесе алмайды, бірақ сөзбен атқан оғы тұздай ашытуы мүмкін.
«...Біздің заңды жемқорлар аман болса,
Әлі талай баланы жылатады.
Мектепті құлатқаны ештеңе емес,
Мемлекеттің өзін де құлатады», – деген өлең жолдары түзу жолдан тайғандарды кері қай­тарып, ойлантары анық. Отанымыздың тұ­ғыры берік болуын қалайтын ол ар күзе­ті­нің ұйқыға кетпеуін қалайды. Адамгер­шілік­ке шақырып, ұятты үлгі етеді.
Әдемі әзіл, жарасымды қалжың ай­тыс­тың ажарын кіргізіп, тыңдарманын бір серпілтіп тастайды. Бекарыс дүмбіл ша­ғы­нан қыз бен жігіт айтысының көрігін қыз­дырып келеді. Әпкенің назына, қарын­дас­тың қылығына, жеңгенің еркелігіне жа­зира көңілмен тіл қатып, назира жырын ар­нады. Қостанайлық Әсия Беркенова апайы­на:
«...Базардан келе жатып жолықтың-ау,
Базарға бара жатқан баламенен», – деп әдемі бұрылыс, маневр жасап, «жол менікі» де­генді нәзік жеткізсе, қордайлық Күміс Сәр­сенбаева әпкесіне:
«...Рөлі оң жақтағы машинадай,
Өзіңізді өткізу қиын боп тұр», – деп бой­дақ болып жүріп қалғанын орағытып өтеді. Халықаралық додада «Сені Түркияға мен шақырттым» деген Әсем Ережеқызы за­мандасына: 
«...Жарияға жар салып қоймайсың ғой,   
Кәпірді Исламға шақырғандай», – деп залды қыран-топан күлкіге қарық қылады.
Оңтүстік айтыс мектебінің көрнекті өкілі, қазіргі замандағы сөз өнерінің заң­ғар биігіне көтерілген Бекарыс Шойбеков нағыз шығармашылық кемел шағында. Түр­кістандағы әдеби ортада қалыптасып, енді өзі сол ортаны қалыптастыратын жасқа жет­ті. Оны сырттай ұстаз санайтын кейінгі буын жырларын жатқа оқып, сәтті тір­кес­терін қойын дәптерлеріне түртіп қояды. Өне­ріне деген мұндай сүйіспеншілік пен құш­тарлық  әр ақынның бақыты емес пе?! 

Бекжан Әшірбаев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Тэгтер:

Бекарыс Шойбеков