Ата-анамыз – әулетіміздің темірқазығы

Бүгін, 14:15 / Túrkіstan IPW

Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді дейді. Сәбидің ұйқысы – әлемнің балбыраған бақыты. Тұтас ортаға ана болған жандар қаншама? Ол – әлеммен қоса болашақты да тербететін секілді. Міне, сондай болашақтың бесігін тербетіп өткен жан менің анам Әлима Асханбайқызы еді. 

Әркім үшін өз анасы – мейірімнің орда­сы, шуақты шұғыласы, жәннәттің есігі екені анық. Сондықтан ананың тілеуін балас ті­­­­лесе, ол да сенің тілеуіңе жүрегімен қол жайып дұға етіп жүреді. Ал ұстаздар өздері тәр­биелеген әрбір баланың қуанышына қуа­нады, қиындығында қамығады. Көрмесе са­ғынып жүреді, көрсе мейірлене айналып-тол­ғанады. Менің анам өзі оқытқан оқу­шы­лар, тіпті оқытпаса да өзі ұстаздық ет­кен жылдары мектеп оқыған балаларды өз ба­лаларындай жақсы көріп, мейірленіп, сағынып, көрсе мауқымын басып оты­ра­тын. Әрбірінің атынан шатаспай, сәбиіндей сүйсі­не қарайтын. Мұндай ана мен бала ма­хаббатына бөленген оқушылары да өз ше­шесіне еркелегендей еркелеп, саясына шуақ­тап, шапағатына бөленетін.
«Апайдың үйі» деп ат басын бұрмай кет­кен шәкірті жоқ, берген біліміңіз бен тә­ліміңізге қарыздармыз демеген оқушысы бол­ған емес. Өйткені менің анам барлық шә­кіртіне ағынан ақтарылып, өмірден түй­генін айтудан жалыққан емес. Сонда шә­кірт­тері өз саласында биік белеске шығып, өмір мектебінің өріне шықса да анамды ұйып тыңдап, сұрақтарын қойып, мұң­да­рын шағып, жетістіктерін айтып қуанып қа­латын. Себебі менің анам саналы ғұмы­рын ұстаздыққа арнаған ұстаз ғана емес, өмірдің қиындықтарынан өткен, көргені көп жан болатын.
Анам өмірдің ащысы мен тұщысын қа­тар татқан, тағдыр тауқыметін ерте се­зін­ген. Бала күнінен бар мен жоқты, сауап пен обалды, бақыт пен сорды таразылап, за­­­манның талай тар өткелінен өтті. Ел ба­сына күн туған, халық ашаршылықтың зар­­­­­дабынан әлі ес жия қоймаған ауыр ке­зең­де өмір есігін ашты. Айтушылардың сө­зі­не қарағанда, сол жылдары дүниеге кел­ген сәбилердің оннан бірі ғана аман қа­­­лыпты. Осындай зобалаң шақта, 1936 жы­лы анам дүниеге келіпті. Екі жасқа то­лар-толмас шағында қуғын-сүргіннің қара бұлты қоюланып, ата-анасы да баласына толық көңіл бөле алмай, бала шағы ауыр сынақпен өтіпті. Өмір мен өлімнің ара­сын­да арпалысқан сол бір мезетті анам кейін еске алып: «Көрер жарығым үзілмеген соң, ажалдан арашалап қалған да сол тағдыр болар. Болмаса елім ту-талапайға түсіп жат­­­қанда менің жағдайымды кім жасасын. Әйтеуір, жылап жүріп өскен баламын...» деп әңгімелейтін.
 «Сұрапыл соғыс жылдары еміс-еміс есімде. Азынаған ауыл, аңыраған ана мен жар, қарша жауған қара қағаздар жүрегіме қара таңба болып басылып, миыма уыт болып сіңген. Ол күндерді Құдай сендердің бас­тарыңа бермесін. Ең бірінші бақыт – ел­дің тыныштығы»,– деп мұңға батып отыра­тын.
Анам 1946 жылы Сарыағаш ауданын­дағы №8 Тельман атындағы мектептің та­бал­дырығын аттап, оны 1956 жылы тә­мам­дады. Бұл – ел еңсесін тіктеп, тұрмыс бір­тін­деп оңала бастаған кезең. Халықтың ер­теңге үміті оянып, жас ұрпақтың арманы асқақтап, мақсаты айқындала түскен.
Сол дәуірдің өршіл жастары секілді анам да алға ұмтылып, білім жолында та­бан­дылық танытты. Қазақ қыздарына тән қайсарлық пен еңбекқорлықтың үлгісін көр­сетіп, оқу-білімге ерекше ден қойды. Осы ізденіс пен талпыныс жолында жүріп, ол өзінің өмірлік серігін кездестіріп, әкеміз Нұрмаханмен шаңырақ көтерді.
Отбасылы болғаннан кейін бір жылдан соң Ш.Уалиханов атындағы орта мектепке кі­тапханашы болып жұмысқа кіреді. Өмірі­нің соңына дейін кітапты қадір тұтып өтті. Әр парағын аялап ашып, кір шалдырмай тұты­натын. Кітап деген кие ғой деп көзінің қара­шығындай сақтайтын. «Мамандықтың ішінде ең қастерлісі – кітапханашы болу. Өйт­кені сен күні бойы кітаптармен бірге бо­ла­сың, аяулы ойлардың демін сезінесің, құ­діретін танисың» деп кітап толы сөре­лерге мейірлене қарайтын. «Кітабы бар үйден бай отбасы жоқ» деп, кітап сөрелеріне ыждағатпен көз салатын.  
Арнайы оқу орнында оқып, білімін же­тіл­діріп келген соң 1962 жылы Ы.Алтын­са­рин атындағы мектепке бастауыш пәні мұ­ға­лімі болып қабылданады. 1964 жылы Сарыағаш қаласында, М.Әуезов мектебінде бастауыш сыныпқа ұстаз болады. Сөйтіп жү­ріп Ташкент қаласындағы Низами атын­да­ғы педагогикалық институттың Педа­го­гика және методика факультетін 1968 жы­лы бітіреді. 1986 жылы зейнетке шық­қан­ша ұлық қызметті өміріне серік етті.
Әкеміз де ұстаздық жолды таңдаған, мұ­ғалімдер әулетінің берік тірегіне айнал­ған ардақты жан еді. Әкеміз 1944 жылы Шым­кент қалалық педогогиқалық инс­титутының дайындық бөліміне түсіп, сол инс­титуттың тарих бөлімін 1947 жылы біті­ріп келіп, Сталин атындағы он жылдық мек­тепте мұғалім болып жұмыс жолын бас­тады. Осы мектепте 1955 жылға дейін ұс­­­­таз­дық қызмет атқарып, өз ісіне адал­ды­ғы мен іскерлігінің арқасында түрлі же­тіс­тіктерге қол жеткізді. Сол еңбегі ескеріліп, 1955 жылы оған Карл Маркс атындағы жеті жылдық мектептің директорлығы сеніп тапсырылды. Кейін, 1959 жылы Жамбыл Жабаев атындағы сегіз жылдық мектепке директор болып ауысып, білім беру ісін дамытуға сүбелі үлес қосты.
Ал 1961 жылдан бастап Сарыағаш ауда­ны бойынша Ыбырай Алтынсарин атын­да­ғы мектепке директор болып тағайын­да­лып, бұл қызметті де абыроймен атқарды. Кейінгі жылдары да жауапты қызметтерде жү­ріп, тек өзінің кәсіби жолын жалғас­ты­рып қана қоймай, анамыздың да ұстаздық­пен қатар ғылыммен айналысуына барын­ша қолдау көрсетті.
Тәжірибелі ұстаз игі істері арқылы өз бі­­лі­мін үздіксіз жетілдіріп, оқу мен тәрбие жұ­мысының дұрыс бағытта болуы керек еке­нін терең сезінді. Ол оқыту мен тәр­бие­леудің тиімді, ықпалды әдістерін меңгеруді мақ­сат етіп, осы жолда табанды еңбек етіп, өз тәжірибесін аудан және облыс деңгейінде ұстаздардың біліктілігін арттыруға жұмсап, елеулі үлес қосты.
«Математика сабағында көрнекі құрал­дар­ды пайдаланудың маңызы», «Еңбек са­ба­ғын саяси-идеялық, адамгершілік және ең­бек тәрбиесімен тығыз ұштастыру», Ка­би­нет­тік жүйе өмір талабы, «Математика са­бағында оқушылардың ой өрісін арт­ты­рып, есептер шығару», «Бастауыш кластарда толық үлгерімге жету», «Бастауыш класс оқу­шыларына эстетикалық тәрбие беру» деген тақырыптарда баяндамалар жазды. Тың тақырыптарда кластан тыс тәрбие жұ­мыстарын жүргізді.
1-11 кластарда оқушыны өзін-өзі ұстау жө­ніндегі мінез-құлық ережесін дағ­ды­лан­дыру, оқу құралдарын таза ұқыпты ұстауға әдет­тендіру жөнінде «Кітап - білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген тақырыпта әде­би монтаж, «Кітап мұңы» деген инсце­ни­ровка, өзін-өзі мәдениетті ұстауға тәр­бие­леу жөнінде еңбектер жазды. 
1969 жылдан 1979 жылға дейін мұға­лім­дер білімін жетілдіру курсында бас­тауыш класта дәріс берді. Оқыған лекция­лары көпшілік көңілінен шығып, тыңдау­шы­лардан алғыс алып отыратын. 
 Бұл еңбектері уақытында бағаланып, 1973 жылдың маусым айында жасөспірім­дер­ге білім және саналы тәрбие берудегі та­быстары үшін ҚазССР оқу Министрлігінен Құрмет грамотасы, СССР Жоғарғы Советі Пре­зидиумының тоғызыншы бес жыл­ды­ғында оқушыларға білім беруде және олар­­ды ұлттық рухта тәрбиелеуде қол жет­кіз­ген табыстары үшін «Еңбек Қызыл-Ту» орде­ні­мен марапатталды.
1969-1970 оқу жылына арналған жаңа программа бойынша өз тәжрибесінің не­гізінде «Жаңа міндеттер – жаңа таланттар» оқу-әдістемелер жинағын шығарды.
1977-1978 оқу жылынан бастап бас­тауыш кластарының еңбек кабинетін бас­қарып келді. Ата-аналар университетінің де­каны әрі лекторы да болды. Жас пе­да­гогтардың тәлімгері болып талай шәкірт­тер­ді бәйгеге қосты. 1984 жылы тәлім­гер­лер­дің аудандық слетіне қатысып, «Жас тә­лімгерлерді тәрбиелеу ісіне қосқан зор үле­сі және ауданның қоғамдық өміріне бел­­­сенді қатысқаны үшін» құрмет гра­мо­та­ларымен марапатталды. 1981 жылы қала бойынша қол еңбек кабинетін жаб­дық­тау­дан бірінші орынға ие болды.  Ұзақ жыл қалалық педагогикалық оқуды басқарғаны үшін қалалық оқу бөлімінің құрмет кіта­бы­на аты жазылды. 1987 жылы ҚазССР «Оқу ісінің үздігі» төсбелгісімен де марапат­талды.
Анам төрт қыз, екі ұлдан өрген бала­ла­рын әкеммен бірге білім мен тәрбиеге бау­лыды. Балалары әрқайсысы өзінің дара жо­лын қалыптастырып, тәрбиелі, еңбекқор жә­не білімге құштарлығымен ерекшеленді. Келіндері анамыздың жолын жалғастырып, оның тәрбиелік ұстанымын өздеріне бағыт етіп, екеуі де білім беру саласында май­тал­ман­дар болып қалыптасып, отбасының із­г­ілікті дәстүрін әрі қарай жалғастырып ке­леді. 
«Нұрмахан ағай мен Әлима апайдың ба­лалары» деген атты арқалау біз үшін – үл­кен жауапкершілік, абырой, мақтаныш пен мәртебе. Анам марқұм бізге өмірлік бағ­дар ретінде «адал бол, жақсымен жолдас бол, адал еңбек ет» деп үнемі үйретіп, сол тәрбиені тұмарымыздай етіп қалдырды. Сол құндылықтар әрқайсымыздың ісімізде, сөзімізде, қарым-қатынасымызда көрініс тауып, өмірімізге бағдар беріп отыр. 
Сіздер ортамызда болмасаңыздар да, жүрек­тердің төрінде мәңгілікке сақталып, әр қадамымызға жол көрсетіп тұрасыздар. Сол арқылы біз сіздердің өнегелеріңізді жал­ғастырып, абыройлы және ізгі өмір сү­ріп, ұрпаққа үлгі болуды мақсат етеміз.

Г.СЫЗДЫҚОВА

Тэгтер:

ата-ана әулет