Ақын, философ, ғалым, тарихшы, сыншы. Пенде баласы аз ғұмырында осының бәрін зерттеп, тарихқа атын қалдыруы мүмкін бе? Әлішер Науаи десе, ғұлама деген сөз қатар еске оралады. Өйткені ол ақын ғана емес, зердесі көп ілімді көркем оймен өрнектеген нағыз оқымысты еді. Түркі дүниесінің ортақ тұлғасының бірегей қолжазбасы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Сирек қорында сақталғанын оқырманға жетткізгіміз келеді. Біз бүгін сол қолжазбалар туралы айтпақпыз.
XV ғасырдың туыныдылар мен еңбектерін ХХІ ғасырдың адамы қалай қабылдайды?!
Ғарайб ал-сиғар, Навадир алшабаб, Бадаид ал-васат, Фавайд ал-кибар, парсыша Диуаны, Хайрат әл-әбрар, Фархад Ширин, Ләйлі-Мәжнүн, Садди Искандар, Саб’асайар, Мәжалисун-нафаис, Насайимул-мухабба, Рисала-йи муамма, Мизанул-аузан, Мухакаматул-луғатайн, Мунажат, Чихил хадис, Назмулжавахир, Лисанут-тайр, Махбуб әл-кулуб, Сиражул-муслимин, Тарих-и анбийа ва хукама, Тарих-и мулуки ажәм, Зубдатут-тауарих, Халати Саййид Хасан Ардашир, Хамсатул мутахайирин, Халат-и пахлаван Мухаммед, Вақфие, Муншаат. Бұл сөздерді оқығанда көне сөздер жиынтығы ғой деп ойларсыз. Мүмкін бір-екілі сөзді шырамытарсыз. Бұл атаулар Түркияда жарық көрген Әлішер Науаи ақынның жиырма тоғыз еңбегінің атауы екенін білмеуіңіз мүмкін.
Низамуддин Мир Әлішер Науаи (1441-1501) тұтас түрік халықтарына ортақ теңдесі жоқ ақын деп танимыз. Бар ғұмырын әдебиетке, ғылым мен өнерге арнаған және ғылым мен өнер саласының өкілдеріне қолдау көрсетумен танымал болған ерен тұлға. Артына мол шығармашылық мұра қалдырған және шығармалары оқырмандар тарапынан үлкен қолдауға ие болған. Деректерге сүйенсек, оның отыздан астам, дерліктей шығармалары бүгінгі күнге жеткен. Ең-бектері «түркі» тілінде жазылғандығымен де бағалы. Ақын түркітілдес тармақтардың ішінде өзінің шыққан тегі қай ұлт екенін айтпаған. Бірақ түрік тілі мен әдебиетінің үлкен жанашыры екенін әрбір еңбегінде көрсетіп отырған. Қала берді, түрік тілінің парсы тілімен бәсекелесе алатынын, тіпті парсы тілімен салыстырғанда оқ бойы озық тұратынын айтады.
Әлішер Науаидың өмірі туралы мәліметтер бірқатар түрік және парсы тілдеріндегі дереккөздерде сақталған және өз заманының озық ойлы ақыны, ойшылы, білімді адамы ғана емес, мемлекет қайраткері болғаны жазылған.
Ортағасырлық бірқатар танымал авторлар Әлішер Науаи туралы еңбектерінде – ерекше талант иесі, өнер адамдарының жанашыры болғанын жазған. Әлішер-бек деп атаған Бабыр (1483-1530) «Бабыр-нама» мемуарлық шығармасында Науаидың мінезі туралы: «Ол өте сезімтал, өзі туралы қалжыңды ұнатпайтын адам еді» деп жазады.
Сондай-ақ шығармашылығы мен қызметі туралы көптеген мәліметті Бабырдан тыс бірнеше тарихи тұлғалардың еңбектерінен кезіктіруге болады. Мәселен, Мұхаммед Хайдар Дулати Науаидан кейін ешкім түрік тілінде оның деңгейінде көлемді шығарма жазбағанын, музыка, тарих, аруз, құсбегілік және т.б. өнер салаларының бәріне ұшқыр болғанын айтады.
Науаидың шәкірті, Хондемир есімімен танылған Ғийас ад-дин ибн Хумам ад-дин ибн Хв анд Әмір (1475-1535) ақын туралы екі бірдей еңбегінде жан-жақты тоқталып, Науаидың дипломатиялық қабілетіне, шешендігіне таңданып, бірнеше бәйіт арнағаны туралы мәлімет бар.
Ақын қолжазбаларының ең үлкен бөлігі Ташкенттегі қолжазбалар қорында қаттаулы. Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы Шығыстану институтының коллекциясында сақталған қолжазбаларының каталогын 1970 жылы К.Муниров және А.Насиров құрастырған. Бұдан басқа М.Хакимов «Әлішер Науаи қолжазбаларының сипаттамасы» деген атпен Өзбекстан Ғылым академиясының Х.Сулаймонов атындағы Қолжазбалар институтында сақталған Әлішер Науаи қолжазбаларының каталогын жарыққа шығарған. М.Хакимов бұл каталогта Әлішер Науаидың 175 том қолжазбасы бүгінге жеткенін және әрбір қолжазбаның бірнеше нұсқасы бар болғандықтан, 24 шығармасының 254 нұсқасы осы каталогқа ғылыми сипатымен енгенін атап көрсетеді. Соның ішіндегі ең көп нұсқада сақталғаны – «Бадаи’ ал-бидайа» (البدایھ بدایع) атымен танылған, өз қолымен құрастырған диуанына (өлеңдер жинағы) жазылған кіріспенің 31 нұсқасы, «Махбуб әл-қулуб» шығармасының 19 нұсқасы, «Хазойнул маоний» атымен аталатын диуанының 110 нұсқасы, ал бес поэмадан тұратын «Хамса» шығармасының 47 нұсқасы бар. Бұдан басқа, Әлішер Науаидың 24 шығармасының кейбірі ең аз дегенде бір нұсқадан, көбі екі-үш нұсқадан осы күнге жетіп отыр. Ташкент қаласынан басқа, Самарқанд, Бұхара, Қоқанд қалаларында және Душанбе, Санкт-Петербург, Мәскеу, Париж, Лондон, Баку, Тбилиси, Ереван, Ашхабад, Қазан, Оксфорд, Кембридж, Дублин, Берлин, Мюнхен, Вена, Рим, Упсала, Нью-Йорк, Филадельфия, Ыстамбұл, Тегран, Кабул, Хайдарабад, Каир және басқа қалалардың қолжазба қорларында сақталғаны М.Хакимовтың каталогының кіріспесінде айтылған. Бұдан басқа зерттеу жұмыстарында да ақынның мұралары сақталған қорлар атап көрсетілген. Бірақ бұл тізімде, басқа тізімдерде де Алматы мен Астана қаласында сақталған Әлішер Науаидың қолжазбалары туралы сөз қозғалмаған. Әлемнің осынша қаласын шарлаған қолжазбалардың біздің архивтерде де болуы – баға жетпес байлық десек болады.
Қазақстан жеріндегі Әлішер Науаидың қолжазбалары қалай сақталды, кітапханаларда қанша қолжазбасы бар және ҚР Ұлттық кітапханасы мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына және Орталық ғылыми кітапхана қорына қашан келіп түсті? Бұл туралы мәліметтер ешбір жерде кездеспейді.
Әлішер Науаидың ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Сирек қорындағы қолжазбаларының ішіндегі ең қомақтысы – «Хазā’и ал-ма‘āни» – «Даналық ойлар қазынасы» деп аталады. Қолжазба Григориан күнтізбесі бойынша 1831 жылдың тамызына сәйкес келетін хижраның 1247 жылғы Раби ' әл-Әввал айында аяқталған.
Мәтіні – шағатай (түрк) тілінде, наста‘лик-шикасте үлгісінде екі бағанда жазылған. Жазу стилі және жолдар саны (әр бетте 20-21 жол бар) талапқа сай бір каллиграфтың қолынан шыққан.
Мәтіннің басы: (л. 3б): سم الله الرحمن الرحيم فصاحت ديواني نينك غزل سراي لاري طبع مخزنيدين شوريده حال عاشقلار خسرين جانبيغه اوت..
Мәтіннің соңы: (л. 494б): كر قايده فلك حابه كبود روز ديكرش نو ما خواهد بود. تمت الكتاب بعون الملك الوهاب . آمين يا رب العالمين تمت تمام .
Жазып алған я көшірген – Муким-джан бин Уста Баба-джан Самарканди. Бұл қолжазбада нақты көрсетілген. Бірақ оның кім екені туралы нақты мәлімет жоқ. Мұқабасы өз дәуіріне тиесілі ортаазиялық мәнермен қапталған. Тығыз картоннан жасалған, жиектері қызыл түсті былғарымен желімделген. Бастапқы мұқабасына қара-қоңыр түсті лакталған қағаз жапсырылғаны аңдалады, түрлі дақтары бар («мәрмәр астында»), ішкі жақтары абраға боялған қағазбен желімделген. Турунудж және сар турундж бедерлі өрнектермен толтырылған. Ал қағазы – ортаазиялық, қолөнер өндірісінің үлгісі. Тығыздығы орташа, жылтырақ, ақшыл, вержерлері жарықта айқын көрінеді, филигрансыз және потюзосыз. Қолжазбаның форматы – 52 х 29 см. Блоктың қалыңдығы – 6 см.
Қолжазба иесінің мынандай меншіктік жазбасы бар: «Ушбу китаб бизим мулкимимз, милад-е Масих иле 1918 санеде дахил улду. Мухаммад Халил бин Мулла Мухаммад Фатих Кармишев ал-Самари Илмини сумма ал-Кулжауи» – «Бұл кітап – 1918 жылы Мәсіхтің (Иса) туған шақта алынған біздің меншігіміз. [Иесі] Мұхаммед Халил Мулла Мұхаммед Фатих Кармишев Самарчанның ұлы, Ильминелік, кейінірек Құлжа».
Кітаптың басында және соңында кітаптың бұрынғы иесі болған Кітап мұражайы мөрі мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының мөрлері басылған. Қолжазбада кеңінен танымал ақын, мемлекет қайраткері және XV ғасыр ойшылы Әлішер Науаидың өлеңдері жинақталған. Бұл кітапқа оның төрт Диуаны жазылған. Кітап мукаддимамен ашылады (кіріспе п. 3 б-10 б), 1498 жылы ақынның өзі құрастырған. Кіріспеде автордың өзінің екі асыл қолдаушысы (меценаты) туралы жазған.
Олар – Дервиш-Мұхаммед сұлтан, заманында Гераттың хакімі болған, ал екіншісі досы, Самарқандтың мемлекеттік билігін уысында ұстаған тимурид билеушісі Хорасан Абулгази Хусайн Байкар. Әрі қарай қолжазбада төрт диуан қамтылған, олардың әрқайсысы ақын өмірінің белгілі бір кезеңіне сәйкес келеді: «Гарā’иб ас-сигар» («Балалық шақ туралы естеліктер»), «Науāдир аш-Шабāб» («Жастық пен романтика»), «Бадаӣ‘ал-васат» («Жетілу мен тәжірибе»), «Фауā’ид ал-кибāр» («Кәрілік даналығы»). Диуандардан басқа, әр бөлімде мұхаммас, мұсаддас, местезада, қыт, рубай сияқты басқа жанрдағы өлеңдер, сондай-ақ түркі халық шығармашылығының элементтері – туюг те (туюг, классикалық түркі-тіл әдебиетіндегі лирикалық жанр түрі) бар.
Қолжазбадағы диуандар реті келесідей: «Науāдир аш-Шабāб» (п. 11б-140б), «Гарā’иб ас-сигар» (п.141б-272б), «Фауā’ид ал-кибāр» (п.173б-364б), «Бадаӣ‘ ал-васат» (п.365б–505б). Библиографиялық маңыздылығы – раритет және ортағасырлық түркі әдебиетінің жазба мұрасы.
Бұл Әлішер Науаи еңбектерінің түпнұсқа мәтінімен тікелей жұмыс істейтін зерттеушілер үшін құнды қолжазба. Бұл еңбек шағатай тілінде жазылған тарихи, әдеби және т.б. тақырыптардағы жазбаша бірегей мұра.
Жалпы алғанда, Әлішер Науаи шығармаларында парсы сөздерінің жиі кездесуі XV-XVI ғасырлар үшін қалыпты жағдай. Ақын өмір сүрген кезде парсы сөздерін араластырып сөйлеу және парсыша жазу қалыпты жайт еді.
Бірақ Әлішер Науаидың ерекшелі-
гі – парсы тілі мен әдебиетінің жетегінде кетпей, түрік тілінде жырлағанында. Парсы тілі мен түрік тілінің терезесі тең екенін өз шығармалары арқылы дәлелдегенін айрықша атап өтуге тиіспіз. Дегенмен бұл қолжазбаларға қызғушылық танытып, зерттегісі келетін ғалымдар болса, парсы тілін білуі керек. Парсы тілінсіз құнды еңбектің сыры толық ашылмайды.
Сондықтан ақын шығармаларын парсы тілі мамандары мен ирантанушылардың түрколог мамандармен бірге зерттеуі қажет.
Ұлы ойшылдың бұл еңбегі Қазақстанға қалай келді, Сирек қолжазбалар қорына кім ттапсырды? Бұл сұрақтар кеңірек зерттеуді қажет етеді.
Мөлдір ТӨЛЕПБАЙ,
ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың ғылыми қызметкері