Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Қазақстан азаматын Грузиядан экстрадициялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу барысында аталған тұлға компания басшысы бола отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, қаражатты ұрлау мақсатында, мемлекеттік сатып алу нормасын қолданбай, спутниктік және телекоммуникациялық жабдықты жалға алудың заңсыз шартын жасағаны анықталды.
Қылмыстық іс-әрекеттің нәтижесінде «Транстелеком» АҚ арқылы мемлекетке 4 миллиард теңгеден астам шығын келген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынған, осыған байланысты халықаралық іздеу жарияланған.
Биылғы наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Айып тағылған қылмыстар үшін қылмыстық заңнамада мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.