Зияткер ұлт ғылымға арқа сүйейді

Бүгін, 10:07 / Túrkistan Gazeti

Әл-Фарабидің «Қайырымды қала» концепциясынан бастау алған ілім мен парасат жолы бүгінде жаңа мазмұнға ие болды. Ғылым қызметкерлері күні – ұлттық интеллектуалды элитамыз үшін тарихи тағылым мен болашаққа бағдар тоғысатын айрықша меже. Мерекенің ұлт мақтанышының есімімен сабақтасуында терең тарихи әділдік бар. Қаныш Имантайұлы – қазақ ғылымын жүйелеп, оны мемлекетіміздің экономикалық тәуелсіздігінің берік негізіне айналдырған бірегей реформатор. Ғалымның «Өз елінің тарихын білмеген адам өз елінің болашағын да білмейді» деген қағидасының бүгінгі жаңғыру дәуірінде өзектілігі арта түсті.

Биылғы Ғылым қызметкерлері күні біз үшін айрықша тарихи мәнге ие. Жа­қында ғана, 19 наурызда, Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қара шаңырақ ҚазҰУ-ға арнайы келіп, ғы­лы­­ми қоғамдастықпен жүздесуі осы бағыт­та­ғы жұмысымызға соны серпін берді. 

«Ғылым – жалпыхалықтық іс». Мем­ле­кет басшысының бұл сөзі ғылымның қо­ғам өміріндегі шынайы орнын дәл көрсетеді. Пре­зидент кездесуде ғылымды тек тео­рия­лық ізденіс емес, ел дамуының басты қоз­ғау­шы күші ретінде тағы бір мәрте айқын­дап берді. Мемлекет басшысының универ­си­тетіміздің ғылыми әлеуетін жоғары ба­ға­лай отырып, ғалымдар алдына қойған нақ­ты міндеттері біз үшін үлкен сенім мен биік жауапкершілік.

Бұл сенімнің астарында үлкен негіз жа­тыр. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымы 8 ғылыми-зерттеу институтын, 39 ғылыми орталықты және 140-тан астам зертхананы қамтиды. Бұл зертханалар қабырғасында 400-ге жуық ғылыми жоба жүзеге асырылып жа­тыр. Сонымен қатар 50-ден астам заманауи ғы­лыми-инновациялық нысан құрылып, 2024-2025 жылдары тартылған инвестиция кө­лемі 110 миллион АҚШ долларын құра­ды.

Интеграция мәселесінде де ірі қадамдар жасалды. Университетіміз әлемдік тех­но­ло­гиялық алпауыттар – ZTE, LG Electronics, Ericsson, BASF, Huawei, Samsung Electronics және NVIDIA компанияларымен тығыз бай­­ланыс орнатты. Халықаралық әріп­тес­тік желісі әлемнің 700-ден астам жоғары оқу орнын қамтиды. Осы ашықтықтың нә­ти­жесінде бүгінде бізде әлемнің 54 елі­нен келген 7 000-нан астам шетелдік сту­дент білім алып, университетімізді Ор­та­лық Азиядағы басты білім хабына айнал­ды­рып отыр. Университет базасында жал­пы құны 1 млрд 250 млн теңге болатын төрт ірі коммерцияландыру жобасы сәтті жү­зеге асырылуда. Президент ҚазҰУ-дың даму стратегиясын оң бағалап, ғылыми зерт­теулерді қолдау және жоғары техн­о­ло­гияларды дамыту бойынша нақты тапсыр­малар берді. 

Егер кешегі Сәтбаев дәуірінде ғылым жер астындағы қазынаны халық игілігіне айналдыруға қызмет етсе, бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген «Әділетті Қазақстанның» бағдары – адам капиталын да­мыту мен технологиялық егемендікке нық негіз қалау. Сондықтан біз Фараби ба­ба­мыздың кемеңгерлігін, Сәтбаевтың іс­кер­лігін және Мемлекет басшысының за­ма­науи реформаларын ұштастыра отырып, ҚазҰУ-ды әлемдік деңгейдегі зерттеу уни­верситетіне айналдыру жолында батыл қа­дам басып келеміз.

Кейінгі жылдардағы нәтижелер бұл ұста­нымның жай декларация емес, жүйелі жұ­мыстың нақты жемісі екенін айқын көр­сетті. Университеттің ғылыми-зерттеу жә­не инновациялық қызметінің жалпы қар­жыландыру көлемі 16,27 млрд теңгеге жетті. Бір жыл ішінде 377 жоба орындалып, 1 995 ғылыми жарияланым жарық көрді, 52 патент алынды, ғылыми қызметтің эко­жүйесінде 9 стартап сәтті жұмыс істеді. Уни­верситеттің жинақталған жарияла­ным­дар саны 5 569-ға, ал дәйексөздер қоры 44 мың­нан асты. QS WUR-2026 рейтин­гін­дегі 166-орын, FWCI көрсеткішінің 1,32 дең­гейіне жетуі ҚазҰУ ғылымының сапа­лық жаңа кезеңге өткенін айғақтайды.

Бұл көрсеткіштер университет ғылы­мы­ның экономикамен, өндіріс сала­лары­мен және мемлекеттік стратегиялармен барған сайын жақындасып келе жатқанын аңғартатын нақты нәтижелер. 

Энергетикадағы жаңа құзыреттер кеңістігі

Қазіргі әлемдегі кез келген мемлекет үшін энергетикалық қауіпсіздік пен тех­но­ло­гиялық дербестік стратегиялық мәнге ие. Осы тұрғыдан алғанда ҚазҰУ базасында Энер­гетика министрлігінің салалық тех­но­логиялық құзыреттер орталығының ашы­луы – ғылым мен өндірісті жаңа сапада то­ғыс­тырған маңызды институционалдық қа­дам. Орталық инновациялар экожүйесін қа­лыптастыруға бағытталған, ал оның ая­сында 12 R&D орталығын біріктірген ғы­лы­ми-технологиялық альянс жұмыс іс­тейді.
Бұл экожүйе көмірсутек шикізатын игеруден бастап, оны тасымалдау мен қайта өңдеуге, жаңартылатын энергия көз­дерін дамытуға, цифрландыру мен жа­сан­ды интеллектіге, киберқауіпсіздік және су­тегі энергетикасына дейінгі кең ауқымды қам­тиды. Яғни, жекелеген зертханаларды ғана емес, тұтас саланың технологиялық ке­ле­шегін ғылыми тұрғыда сүйемелдеуге қа­бі­летті кешенді модель құрылды. Таза эне­р­гияны дамыту, цифрландыру және AI қол­дану орталықтарының бір алаңда топ­тасуы ғылымды фрагменттер бойынша емес, тұтас жүйе ретінде ұйымдастырудың үлгісіне айналмақ.

Бұл жобаның маңыздылығы – оның энер­гетикаға қатысты дәстүрлі түсінікті өз­гертуінде. Бүгінгі таңда энергия – тек өн­діру мәселесі емес, ол  деректерді талдау, цифр­лық модельдеу, тәуекелдерді басқару жә­не инфрақұрылым қауіпсіздігі. Сон­дық­тан ҚазҰУ-дағы энергетикалық бастама жаңа типтегі инженерлік және зерттеушілік мек­теп қалыптастыруға бағытталған. Бұл жер­де жас маман тек теория меңгермейді, ол сала сұранысына жауап беретін нақты зерт­теу ортасында өседі.

Энергетика министрлігімен әріптестік шең­берінде қалыптасқан бұл бағыт Қазақ­стан үшін ғана емес, өңірлік деңгейде де маңызды. Өйткені энергия өтпелі кезеңінде тұр­ған әлемде сенімді ғылыми сүйемелдеу мен отандық технологиялық шешімдердің рөлі бұрынғыдан да артып отыр. Біз уни­вер­ситет ғылымының дәл осы кеңістікте – ел экономикасының нақты сұраныстары туын­дайтын жерде қызмет етуге тиіс еке­ніне сенімдіміз.

Кванттық технологиялар: болашақ пен бүгінді тоғыстырған стратегиялық белес

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылымы­ның стратегиялық басымдықтары­ның бірі – іргелі зерттеулер мен жоғары технологиялардың тоғысындағы кванттық технологиялар саласы. 2026 жылғы 13 ақ­пан­да университет базасында Қазақстан-Син­гапур кванттық технологиялар орталы­ғын құру туралы бастама жарияланды. 

Орталықтың қызметі кванттық есеп­теу­лер мен байланыс жүйелерінен бастап, ки­берқауіпсіздік, кванттық сенсорика жә­не жаңа буын материалдарын әзірлеуге дейін­гі бағыттарды құрайды. Бұл – болашақ эко­номикасының тілін бүгіннен бастап мең­геру, жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің интеллектуалдық іргетасын қалау деген сөз. Кванттық технологиялар әзірге көпші­лік­ке күрделі әрі қолжетімсіз сала болып кө­рінуі мүмкін. Алайда дәл осы бағыт ал­да­ғы онжылдықтарда есептеу қуатын, ақ­парат­тық қауіпсіздіктің жаңа стан­дарт­тарын, жоғары дәлдіктегі өлшеу жүйелерін және бірегей қасиеттері бар жаңа материал­дарды жасаудың технологиялық негізіне ай­налатыны күмән тудырмайды.

Біздің ұстанымымыз айқын: ҚазҰУ тек әлем­дік трендтерді сырттай бақылаушы емес, сол трендтерді қалыптастыру үдері­сі­не тікелей және белсенді қатысатын зерт­теу университетіне айналуға тиіс. Қа­зақ­стан-Сингапур орталығы дәл осы тари­хи міндетке жауап береді. Ол академиялық орта мен нақты индустрия арасындағы ал­тын көпірге айналып, жас зерттеушілерді жо­ғары технологиялар кеңістігіне ертерек тар­туға және іргелі ғылыми нәтижелерді қол­данбалы өндірістік шешімдерге айнал­дыру­ға теңдессіз мүмкіндіктер береді.

Ең маңыздысы – бұл жоба қазақстандық ғы­лымның халықаралық ашықтығы мен өр­кениетті әлеммен ықпалдасуға дайын­ды­ғын паш етеді. «Ғылымның шекарасы жоқ» деген қағида тек теориялық пайым емес, нақты әрекетке айналғанда ғана құн­ды болмақ. Біз үшін бұл орталық – әлемдік ғы­лыми мектептермен тәжірибе алмаса­тын, ірі халықаралық гранттар мен бірлес­кен жобаларға жол ашатын, жаңа буын ға­лымдарын жаһандық күн тәртібіне шы­ғара­тын маңызды бағдар.

Пилотсыз авиация: инженерлік ойдың жаңа белесі 

Заманауи технологиялық бәсекеде жаңа салаларды дер кезінде игеру жә­не оларды мемлекеттік мүддеге бағыт-тау – ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылықтың алғышарты. ҚазҰУ мен «Aerial Solutions» ЖШС бірлесіп ашқан Пи­лот­сыз авиацияны дамыту инновациялық ор­талығы университет ғылымының өмір­шең­дігін, икемділігін және салалық серік­тес­тік құрудағы жоғары қабілетін көр­се­теді. 

Жоба аясында отандық пилотсыз ұшу ап­параттарының алдыңғы қатарлы үлгі­ле­рін әзірлеу, заманауи оқу-өндірістік зерт­ха­налар мен сынақ полигондарын қалып­тас­тыру, сондай-ақ халықаралық талап­тар­ға сай дуалды білім беру және серти­фи­кат­тау бағдарламаларын енгізу көзделген.

Бұл бастама бір мезгілде бірнеше ке­шен­­ді міндетті шешуге бағытталып отыр. Бірін­шіден, ол инженерлік білім беру жүйе­сін жаңа технологиялық мазмұнмен то­лық­тырып, мамандарды нақты нарық та­лап­тарына сай даярлауға мүмкіндік береді. Екін­шіден, студенттер мен оқытушыларға ғы­лыми-зерттеу және тәжірибелік-конс­трук­торлық жұмыстарға тікелей қатысып, өз идеяларын сынақтан өткізуге жол аша­ды. Үшіншіден, дрондар мен оларға ілеспе сер­вистерді ішкі және халықаралық нарық­қа шығару, стартаптарды қолдау және ғы­лыми жаңалықтарды коммерцияландыру сияқты ел экономикасы үшін аса маңызды бағыттарды дамытады.

Пилотсыз авиация – бұл тек ұшу ап­па­ра­тын құрастыру емес, бұл  цифрлық нави­га­ция, геоаналитика, заманауи ауыл шаруа­шы­лығы, экологиялық мониторинг, төтен­ше жағдайларды басқару, қауіпсіздік, ло­гис­тика және кеңістіктік үлкен деректерді өңдеу секілді көптеген саланы бір арнаға то­ғыстыратын ауқымды технологиялық плат­форма. Сондықтан аталған орта­лық­тың ашылуы ҚазҰУ ғылымының акаде­мия­лық шеңберден шығып, нақты нарық пен мем­лекеттік стратегиялық сұранысқа тиім­ді жұмыс істей алатынын көрсетеді.
Жобаның тұсаукесеріне Қорғаныс ми­нистрлігінің, Авиациялық әкім­­­­шіліктің, Геодезия және картография ко­митетінің, жоғары технологиялар және биз­нес өкілдерінің қатысуы оның мемле­кет­тік деңгейдегі институционалдық сал­ма­ғын айқындап берді. 

Ғылыми нәтижеден – нақты өнімге дейін

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үшін ғы­лы­ми нәтижелерді коммерцияландыру – зерт­теу университеті мәртебесінің табиғи жал­ғасы әрі басты миссиясының бірі.
Кейінгі жылдары университетте жү­зеге асырылып жатқан қолданбалы жо­балар осы бағыттың алғашқы қомақты нә­тижелерін көрсете бастады. Біз зерт­ха­на­дағы теориялық ізденісті нарықтың қа­тал сұранысымен, ғылыми ойды кәсіп­кер­лік бастамамен, ал университеттік бі­лім­ді нақты өндірістік тәжірибемен ұштас­ты­ратын мүлде жаңа инновациялық мә­де­ниетті қалыптастырып келеміз. 

Бұл бағыттағы жемісті жұмыс­тары­мыз­дың бірегей мысалы ретінде  табиғи қа­зақ­стандық шикізат негізінде иммунитетті қа­лыпқа келтіру және вирусқа қарсы био­логиялық белсенді қоспаларды әзірлеу мен өндіріске енгізу жобасын атап өтуге болады. Ғалымдарымыздың көпжылдық ізденісінің нәтижесінде бірнеше өнім түрі дайын­да­лып, мемлекеттік тіркеуден өтті. Халық­ара­лық патенттік қорғалымға ие болды және бү­гінде нарыққа сенімді жол тартты.
Бұл тәжірибе ҚазҰУ ғылымының зама­науи медицина, денсаулық сақтау және нут­рицевтика саласындағы ең өзекті қа­жет­ті­ліктерге дер кезінде жауап бере ала­тын әлеуе­тін паш етті. Ең басты жетістігіміз – ғы­лыми идеяның университет зертханасының шеңберінен шығып, толыққанды өндірістік циклы қалыптасқан, тұтынушының сені­мі­нен шыққан отандық брендке айналуы.

Университет ғылымының қолданбалы мүм­кіндіктерін танытатын тағы бір маңыз­ды инновациялық әзірлеме – жеміс-жидек өнім­дерін лиофилизациялау (суықпен кеп­тіру) арқылы жоғары тиімді қайта өң­деуге ар­налған мобильді қондырғы. Бұл жо­ба – агроөнеркәсіп кешені мен заманауи ин­же­нерлік ойдың түйіскен нүктесінде дүниеге кел­ген бірегей технологиялық шешім.
Аталған жобаның басты артықшылы-ғы – өнімді тікелей жиналған жерінде, ал­ғашқы қалпын бұзбай өңдеуге мүмкіндік бе­ретінінде. Ол қосымша күрделі инф­ра­құрылымды қажет етпейді, бұл әсіресе шал­ғайдағы өңірлік шаруашылықтар мен ша­ғын фермерлер үшін өте тиімді. Демек, мо­бильді технология өңірлік дамуды ын­таландыратын практикалық құрал ретінде ұсынылып отыр.

Мұндай ауқымды жобаларға сүйене ке­ле, бір маңызды  қорытынды жасауға бо­лады: ғылым коммерцияланған кезде өзі­нің биік академиялық табиғатын жо­ғалтпайды, керісінше, оның қоғамдық мәр­тебесі мен пайдалылық коэффициенті ар­та түседі. Университет қабырғасында ту­ған ғылыми нәтиже халық денсаулығын ны­ғайтатын шипалы өнімге, аграрлық сек­торды өркендететін технологияға, ал жас зерт­теуші үшін жаңа кәсіби және кәсіп­кер­лік мүмкіндікке айналған сәтте ғылымның шынайы миссиясы айқындала түспек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір бағдарламалық сөзінде ғылым саласын дамытуды ұлттық басым­дық ретінде белгілеп, «Ғылым – еліміздің жаңа экономикалық үлгісінің өзегіне айналуы тиіс» деген іргелі қағиданы үнемі алға тартып келеді. Президенттің бұл бағ­дарламалық бағыты ҚазҰУ-дың инно­вация­лық стратегиясымен толық үндеседі. Біз үшін ғылым – құрғақ есеп берудің құра­лы емес, елге шынайы қызмет етудің басты тетігі. Біз ғылымды, ең алдымен, ұлттық бәсекеге қабілеттілікті нығайту жә­не технологиялық егемендігімізді қам­та­масыз ету үшін дамытамыз. Қара шаңы­рақта ғылым – Президент айтқан жаңа ин­дустриялардың, тың идеялардың және креативті ойлайтын жас ғалымдар резер­вінің қайнар көзі.

Университет ғылымының жарқын болашағына нық сенім ұялататын бас­ты күш – күн сайын зертханалар мен ғы­лыми орталықтарда, стартап алаңдары мен дәрісханаларда қажырлы еңбек етіп жүр­ген ғалымдарымыздың зияткерлік қуа­ты. Олардың әрбір ізденісінен жоғары жауап­кершілік, ғылыми батылдық және кә­сі­би өршілдік айқын аңғарылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үшін ғы­лыми зерттеулердің қолданбалы сипатын арттыру алдағы уақытта да басты басымдық болып қала береді. Біз Сәтбаев салған сара жол­ды жаңа технологиялық деңгейде жал­ғастырып, Мемлекет басшысы белгілеп бер­ген «Әділетті Қазақстанның» жаңа эко­номикалық моделін құруға бар күш-жі­герімізді жұмсаймыз. Өйткені нақты нә­ти­жеге бағытталған ғылым ғана  мемлекеттік даму­дың алтын арқауы болмақ.
 Барша әріптестерімді, ғалымдар мен із­де­нушілерді кәсіби мерекелерімен құт­тық­таймын! 
Интеллектуалды ұлттың ғылыми қуаты ар­та берсін!
 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
 әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры