Мексикада су басқан кеніште 14 күн бойы қалған шахтер тірі табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Euronews басылымының жазуынша, әскери сүңгуірлер мен құтқарушылар Синалоа штатындағы "Санта-Фе" алтын-күміс кенішіндегі су басқан шахтадан Франсиско Сапата Нахераны аман-есен алып шықты. Кеніш 25 наурызда опырылып, суға толып кеткен болатын. Құтқарушылар алдымен шахтадағы суды сорып, кейін ғана жер астына жеткен.
Мексика президенті Клаудия Шейнбаум бұл оқиғаны "керемет құтқару" деп бағалады. Билік өкілдері тағы екі жұмысшының қаза тапқанын, ал бір шахтердің бұған дейін тірі шығарылғанын растады.
Алдын ала мәліметтер бойынша, апат кеніш құрылымындағы ақаулар салдарынан болған. Соның кесірінен шахтаға су кіріп, төрт адам жер астында қалып қойған. Ал тағы 21 шахтер дер кезінде сыртқа шығып үлгерген.
Құтқару жұмыстары екі апта бойы тәулік бойы жүргізілді. Арнайы техникалар мен су сорғыш құрылғылар пайдаланылып, әскери күштердің көмегі тартылды. Құтқарылған шахтер кейін тікұшақпен Мазатлан қаласындағы ауруханаға жеткізілді.