Махмұд Сабырхан Азия чемпионы атанған боксшы қызға көрімдік берді (ВИДЕО)

9 сәуір, 2026 / Жамбыл Жайлау
ҰОК. Суретте: Махмұд Сабырхан

Бокстан екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан биылғы Азия чемпионатының жеңімпазы Дина Исламбекованы ерекше құттықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан бокс федерациясының Instagram парақшасында жарияланған видеодан Махмұд Сабырханның Дина Исламбекованың алтын медалін ұстап, қарап тұрғанын байқауға болады. Кейін Махмұд Сабырхан телефоны арқылы боксшы қыздың шотына "көрімдік" ретінде ақша аударады. Чемпион қыз аударылған соманы көріп, эмоциясын жасыра алмады. Алайда нақты қанша қаражат түскені айтылмаған. Дегенмен Махмұд әзіл ретінде "500 мың" деп қалжыңдаған.

Айта кетейік, Моңғолияның Улан-Батор қаласында өткен Азия чемпионатында Дина Исламбекова + 80 кг салмақ дәрежесінде Үндістан спортшысы Альфия Патханды төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңді. Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшы қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді.

Ал Махмұд Сабырханның өзі бұл турнирде фаворит саналғанымен, 55 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда моңғолиялық Хархуу Билгуунсайханға төрешілердің бірауыздан шешімімен есе жіберді.

Тэгтер:

бокс Махмұд Сабырхан көрімдік