Өңірлерде «Таза бейсенбі» экоакциясы ұйымдастырылды

Бүгін, 20:15 / Дана Ізтілеуова
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында елімізде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өткізілуде. Бұл акция азаматтар арасында экологиялық мәдениетті нығайтуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мәселен, Ақтөбе облысы Алға қаласында «Жұлдыз» бастауыш партия ұйымының мүшелері, мәслихат депутаттары, спорт саласының өкілдері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, сондай-ақ әкімдік қызметкерлері орталық саябақты тазалады. Акцияға жалпы саны 150-ге жуық адам жұмылып, нәтижесінде 4 «КамАЗ» қоқыс шығарылды. Іс-шара барысында «Жұлдыз» бастауыш ұйымының төрағасы Гүлмира Есенова аталған акцияның маңызын атап өтіп, тұрғындарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды.

«Бүгін біз қала тұрғындары мен қонақтары демалатын қолайлы орта қалыптастыру мақсатында орталық саябақты қоқыстан тазарттық. Қураған ағаш, шөп, тұрмыстық қалдықтар жиналды. Бұл – ерекше маңызға ие акция. Тұрғындар тазалық сақтауды әдетке айналдырудың маңызын түсіне бастады», – деді ол.

Шымкентте «AMANAT» партиясының қалалық филиалы экологиялық акцияны Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта ұйымдастырды. Игі іс-шараға партияның қалалық және аудандық филиалдарының қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, сондай-ақ коммуналдық қызмет мекемелерінің жұмысшылары қатысты. Жалпы, акцияға 150-ге жуық азамат атсалысып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға өз үлестерін қосты. Іс-шара барысында қатысушылар дендросаябақ аумағында бей-берекет өскен шөптерді орып, аумақты тазалады. Сонымен қатар табиғатты көркейту мақсатында 100 түп қарағай көшеті егілді.

Жамбыл облысы Қаратау қаласында акция Орталық саябақ аумағында өтті. Іс-шараны партияның Талас аудандық филиалы ұйымдастырып, оған филиал жанындағы «Мәдениет» бастауыш партия ұйымының мүшелері қатысты. Акция барысында саябақ аумағындағы тұрмыстық қалдықтар тазаланып, тұрғындар демалысына қолайлы жағдай жасалды. Тазалық жұмысы тек саябақ аумағымен шектелмей, жаяу жүргіншілер жолының жиегі де ретке келтірілді. Сонымен қатар қураған ағаштар оталып, жасыл желекті күтіп-баптауға көңіл бөлінді.

«Біздің ұйым «Таза бейсенбі» экологиялық акциясына тұрақты түрде қатысып келеді. Бүгінгі іс-шара аясында Орталық саябақта ауқымды тазалық жұмысы жүргізілді. Жалпы, өңірдің тазалығы ең алдымен жолдардың және қоғамдық орындардың тазалығынан көрінеді», – деді «Мәдениет» бастауыш партия ұйымының төрағасы Жанар Мырзамбетова.

Жетісу облысы Текелі қаласындағы «I Love Tekeli» алаңында мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, партия белсенділері және қала жастары аумақты қоқыстан тазартты. Нәтижесінде 2 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналып, тазалық жұмысына 2 арнайы техника жұмылдырылды.

«Біздің мақсатымыз – қала тұрғындарын табиғатты қорғау ісіне тарту, олардың экологиялық мәдениетін арттыру. Осындай акциялар арқылы қаламыздың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, адамдардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін де күшейтеміз», – деді Текелі қалалық мәслихатының депутаты Арман Қожабек.

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында акция тарихи және қоғамдық орындарда өтті. Атап айтқанда, Бекет Ата жерасты мешіті аумағында, ауылдарда өткен іс-шараға мемлекеттік орындардың, еңбек ұжымдарындағы бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты. Олардың қатарында «Бейнеу энерго сервис» және «Бейнеу су сервис» мекемесінің ұжымдары, гуманитарлық және политехникалық колледждердің ұстаздары мен студенттері, №99116 әскери бөлімінің қызметкерлері бар. Іс-шара барысында аудан аумағында 70-ке жуық ағаш егілді. Абаттандыру жұмысы ауданның экологиялық ахуалын жақсартты.

Түркістан облысы Кентау қаласы Қарнақ ауылындағы тарихи-рухани маңызы бар Мәжрәтұт (Шежіре-тұт) ағашы аумағында партия өкілдері кезекті тазалық жұмысын жүргізді. Акцияны «AMANAT» партиясы Кентау қалалық филиалы ұйымдастырды. Іс-шараға партия филиалының төрағасы Арман Басаров, Кентау қалалық мәслихатының депутаты Бекзат Хабибов, Қарнақ ауылының әкімі Асыл Джамалбеков, сондай-ақ партия белсенділері, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, еріктілер мен ауыл тұрғындары қатысты. Оның барысында тарихи нысанның аумағы қоқыстан тазартылып, айналасы ретке келтірілді. Қатысушылар туған жердің тазалығына жанашырлықпен қарап, игі іске жұмыла атсалысты.

Бұл – партия өкілдерінің экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, ұлттық мұраға деген жанашырлығының жарқын көрінісі.

«Таза бейсенбі» акциясы – қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыратын маңызды бастама. Әсіресе, осындай тарихи орындарды күтіп-баптау арқылы біз жас ұрпаққа туған жерге деген құрметті, жауапкершілікті үйретеміз. Қасиетті мекендерді сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді «AMANAT» партиясы Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Басаров.

Ұлытау облысы Қаражал қаласында «AMANAT» партиясының мүшелері экологиялық акция өткізді. Оған депутаттар, мемлекеттік қызметшілер, еріктілер және белсенді жастар қатысып, туған қаланың көркеюіне өз үлестерін қосты. Олар қаланың кіреберіс аумағы мен орталық көшелерінде ауқымды тазалық жұмысын жүргізіп, қоғамдық орындарды ретке келтірді. Нәтижесінде, 50 қаптан астам қоқыс шығарылды.

«Тазалық әр адамның күнделікті өмір салтына айналуға тиіс. Қаламыздың келбеті – мәдениетіміздің айнасы. Қаражал қаласында «Таза бейсенбі» акциясы апта сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл – тұрғындарды тазалыққа үндейтін игі үрдіс», – деді Қаражал қалалық мәслихатының депутаты Жалғасқан Құрмансейітов.

Солтүстiк Қазақстан облысы Петропавл қаласында партия белсенділері Мағжан Жұмабаев атындағы саябақты ретке келтірді. Аталған іс-шараға 50-ден астам адам қатысты. Акция барысында саябақ аумағы қураған шөп пен шашылған тұрмыстық қалдықтардан, күл-қоқыстан тазартылды.

«Басты мақсатымыз – жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту, оларды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға баулу. «Таза бейсенбі» акциясы өңірімізде алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді «AMANAT» партиясы «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель.

Абай облысы Аягөз ауданында «AMANAT» партиясының бастамасымен «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара Аягөз қаласындағы Абай даңғылы және Бауыржан Момышұлы көшесі бойында өтті. Оған партия мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және қала тұрғындары қатысып, тазалау және абаттандыру жұмысын жүргізді. Акцияға қатысушылар көше бойын, қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, ортақ іске белсенді атсалысты. Осы жұмыс нәтижесінде 1 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы техникалардың көмегімен белгіленген орындарға шығарылды.

«Таза әрі жайлы орта қалыптастыру – жергілікті атқарушы органдар мен қоғамның ортақ міндеті. Осындай акциялар арқылы біз тек аумақты тазалап қана қоймай, елді мекендердің келбетін жақсартып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға үлес қосамыз. Бұл жүйелі жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді Аягөз аудандық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Ермек Дайырбаев.

Қостанай облысы Федоров ауданында акция Набережная көшесінде орналасқан жеміс бақшасында ұйымдастырылды. Оған партия белсенділері, жастар қауымы, орта жастағы азаматтар және еріктілер қатысып, ортақ мақсат төңірегінде топтасты. Олар қоқыс шығарып, қураған шөптер мен ағаштарды отап, тамшылатып суару жүйесін ретке келтірді. Сонымен қатар зиянкестерден қорғау мақсатында ағаш түбі әктелді.

Тэгтер:

Таза Қазақстан Таза бейсенбі