Гүлмарал Еркебаева Бішкекте өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстандық балуан шешуші белдесуде Оңтүстік Корея өкілін 5:1 есебімен жеңіп, 2026 жылғы құрлықтық дода жүлдегерлерінің қатарына енді. Бұл – 76 келі салмақта өнер көрсететін спортшының Азия чемпионаттарындағы бесінші қола медалі. Бұған дейін ол 2015, 2016, 2017 және 2022 жылдары да жүлдеге қол жеткізген болатын.
Бүгін әйелдер құрамасынан қола үшін күрескен Марал Тәңірбергенова (50 кг) мен Елена Шалыгина (68 кг) қарсыластарына жол беріп, жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Ал турнирдің төртінші күні кілемге шыққан бес спортшының ішінде тек Тыныс Дубек (62 кг) қола жүлде үшін белдесуге мүмкіндік алды.
Өкінішке қарай, Зейнеп Баянова (53 кг), Нюлифар Раимова (57 кг), Айжан Суйдуова (65 кг) және Жәмила Бақбергенова (72 кг) іріктеу кезеңдерінде жеңіліп, жүлдеден тыс қалды.