Боксшы Дина Исламбекова Азия чемпионатының жеңімпазы атанды

Бүгін, 13:26 / Дана Ізтілеуова
ҚБФ

Боксшы Дина Исламбекова Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтіп жатқан Азия чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аса ауыр салмақта бақ сынайтын (+80 кг) Дина Исламбекова шешуші кезеңде Альфия Тараннум Хан Патанмен (Үндістан) кім мықтыны анықтады. Бес раунд нәтижесінде қазақ боксшысы басым түсті. Есеп: 5-0.
Дина бірнеше күн бұрын жартылай финалда өзбек боксшысын 5-0 есебімен жеңген. Айта кетейік, үндістандық спортшы - жастар арасындағы әлем чемпионы (2021 ж), Азия чемпионы (2022 ж).
Осылайша, Қазақстан әйелдер командасы Моңғолиядағы чемпионатты 2 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдемен аяқтады. Бүгін Надежда Рябец (-80 кг) алтыннан алқа тақса, Бақыт Сейдіш (-70 кг) күміс еншіледі.
Осыған дейін Айгерім Сәттібаева (-48 кг) мен Валентина Хальзова (-75 кг) қола жүлдегер атанған.
Енді ертең ерлер арасындағы финалдар өтеді. Онда біздің 5 былғары қолғап шеберіміз күш сынасады. Олар: Оразбек Асылқұлов (-60 кг), Төрехан Сабырхан (-70 кг), Сабыржан Аққалықов (-75 кг), Нұрбек Оралбай (-85 кг) және Айбек Оралбай (+90 кг).