Павлодар облысында 15 келі балықты заңсыз аулаған тұрғын ұсталды

Бүгін, 11:15 / Алуа Арман
polisia.kz

Павлодарда заңсыз балық аулаған азамат көлігінен айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Омбы — Майқапшағай автожолымен ерте жолға шыққан 54 жастағы тұрғынның жоспары жүзеге аспады — оның Lada 2121 жол талғамайтын көлігін полиция қызметкерлері тексеру үшін тоқтатты.

Тексеру барысында көліктің жүксалғышынан заңсыз ауланған балық табылды. Жалпы салмағы 15 келі болатын табан балығы бірнеше қапқа салынған. Сонымен қатар көлікте резеңке қайық пен балық аулау торлары болған.

Анықталғандай, ер адамның балық аулауға және балықты тасымалдауға қатысты ешқандай рұқсат құжаттары болмаған. Ол балық аулау қағидаларын өрескел бұза отырып әрекет еткен.

Павлодар облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі Асет Рыспаевтың айтуынша, құқық бұзушы полиция бөліміне жеткізіліп, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.

Ведомство өкілдері заңсыз ауланған балық пен құралдардың тәркіленгенін, ал көліктің арнайы тұраққа қойылғанын мәлімдеді.

 

Тэгтер:

Балық аулау балық Павлодар облысы