Сэм Альтман туралы жаңа мәліметтер технологиялық ортада қызу талқыланып жатыр. Кейбір әріптестерінің айтуынша, ол бағдарламалауды терең білмейді, тіпті базалық терминдерді шатастырады. Соған қарамастан, Альтманның басты күші – адамдарды иландыра білуі, таланттарды жинауы және ірі инвестиция тартуы екені айтылады, деп хабарлайды turkystan.kz New Yorker-ге сілтеме жасап.
Ішкі құжаттарға сүйенген ақпаратқа сәйкес, Илья Суцкевер бастаған топ компания ішіндегі жазбалар мен HR материалдарын жинап, ондаған беттен тұратын есеп дайындаған. Құжаттарда Альтманның басшылыққа кейбір мәліметтерді бұрмалап жеткізгені және қауіпсіздікке қатысты ақпаратты толық ашпағаны туралы айыптаулар бар.
Бұл жағдай OpenAI құрылымының ерекшелігін тағы да алға шығарды. Компания бастапқыда коммерциялық емес ұйым ретінде құрылған және оның басқармасы табыстан бұрын адамзат қауіпсіздігін бірінші орынға қоюы тиіс болған.
Құрылтайшылар қатарында Альтманнан бөлек, Илон Маск, Грег Брокман және Илья Суцкевер бар. Олар жасанды интеллект адамзат тарихындағы ең қуатты әрі қауіпті технология болуы мүмкін деп есептеп, ерекше басқару моделін таңдаған.
Дегенмен жарияланған мәліметтер басқарма ішінде сенім мәселесі туындағанын көрсетеді. Кейбір мүшелер компания басшысына мұндай жауапкершілікті сеніп тапсыруға күмән келтірген.