"Ажырасып жатқандар бар": Асхат Аймағамбетов психологтарға қатысты үлкен мәселені көтерді

Бүгін, 23:13 / Жамбыл Жайлау
primeminister.kz. Суретте: Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елімізде психолог қызметіне нақты талаптар белгілеу қажеттігін көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда қарапайым қызмет түрлерінің өзіне қатаң талаптар қойылғанымен, адамдардың психологиялық күйімен жұмыс істейтін мамандарға ортақ стандарт жоқ.

"Мақсаты – күйзелістегі жағдайдағы адамдармен жұмыс істеу үшін нақты психологтарға нақты талап қою. Қазіргі уақытта көшеде шаурма сатса, самса сатса, оған нақты талап қоямыз. СЭС-тің санитарлық кітапшасы болуы керек, тіпті шаш қиятын азаматтарға да белгілі талаптар бар. Ал енді күрделі жағдайдағы адамның күйзеліс кезінде оның психикасымен жұмыс істейтін азаматтарға бүгін ешқандай талап жоқ", – деді Аймағамбетов.

Сондай-ақ Аймағамбетов әлеуметтік желілерде өзін «психолог» ретінде таныстыратындардың көбейгеніне назар аударды. 

"Instagram, TikTok-ты ашсаң, әрқайсысы бір "эксперт", әрқайсысы бір психолог. Түрлі ұсыныстар береді. Тіпті бізге келіп жатқан шағымдардың ішінде ажырасып кеткен азаматтар да бар", – деді депутат.

Депутат бұл мәселені жүйелі проблема ретінде бағалап, бірнеше маңызды сұрақты алға тартты. 

"Басты мәселе – психолог деген кім, оған қандай талаптар қойылады деген сұрақ. Екіншіден, оның қандай жауапкершілігі бар. Үшінші мәселе – психологты психиатрдан айыруымыз керек", – деді ол.

Сонымен қатар ол психолог пен психиатр мамандықтарының айырмашылығын айқындаудың маңызын атап өтті. Оның түсіндіруінше, психиатрлар – дәрі-дәрмек арқылы ем жүргізетін медициналық мамандар, ал психологтардың қызметі басқа бағытта жүзеге асады.

"Азаматтар психологқа барып, өз мұңын, жеке әрі сезімтал ақпаратын айтады. Ал сол ақпараттың сыртқа тарап кетіп жатқан жағдайлары да бар. Өйткені бізде кәсіби құпия туралы нақты норма жоқ", – деді Аймағамбетов.

Тэгтер:

депутат Асхат Аймағамбетов