Гвардейск гарнизонында әскери қызметтің заңдылығын, тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді практикалық шараларды іске асыру басталды. Негізгі назар цифрлық шешімдерді енгізуге және бөлімшелердегі профилактикалық жұмысты күшейтуге аударылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әскери бөлімдер кезең-кезеңмен заманауи бейнебақылау жүйелерімен жабдықталып жатыр. Камералар тек казармалар мен қызметтік үй-жайларда ғана емес, тұрмыстық аймақтарға, жуыну бөлмелеріне, спорт залдарына, баспалдақ алаңдарына, сондай-ақ қару-жараққа қызмет көрсету және мүлікті сақтау орындарына да орнатылды. Бұл үздіксіз бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар профилактикалық шаралар да күшейтілді. Бөлімшелерде құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған қосымша құралдар енгізілді, тәртіп деңгейі мен лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігіне баса назар аударылды. Қару-жарақты қауіпсіз қолдану және оны сақтау талаптарын қатаң қадағалау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
Аталған шешімдерді енгізу барысы мен оларды одан әрі дамыту қадамдары Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабековтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық кеңесте талқыланды. Жиынға Гвардейск гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі Расул Ризабекұлы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ибраев, Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары полковник Арынғали Ақышев, әскери бөлім командирлері мен олардың орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары, әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жүргізетін қызметкерлер және психологтар қатысты.
Жұмыс 2025–2028 жылдарға арналған «Цифрлық профилактика» және «Заң мен тәртіп» бағдарламалары аясында жүргізіліп жатыр. Бұл бағдарламалар Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде жүзеге асырылуда. Ведомствоаралық формат профилактика мен құқықтық тәртіп мәселелеріне бірыңғай көзқарасты қамтамасыз етеді.
Кеңесте сондай-ақ әскери қалашықтардың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін қолдау деңгейін арттыру шаралары да қарастырылды.