Солтүстік Қазақстанда 1,5 мыңға жуық қару иесі тексерілді

8 сәуір, 2026 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Жазатайым оқиғалардың алдын алу және қаруды қылмыс жасау үшін пайдалануды болдырмау мақсатында полицейлер «Қару иесі» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары шамамен 1500 мекенжайды тексерді. Бес қару иесінде қаруды қайта тіркеу мерзімдері бұзылған. Сонымен қатар сақтау қағидаларын бұзудың 21 дерегі анықталды — негізінен сейфтердің дұрыс бекітілмеуі, дабыл жүйесінің істемеуі.

Мұндай әрбір жағдай қаруға бөгде адамдардың қол жеткізу қаупін арттырады. Ауыр салдардың алдын алу үшін 46 бірлік қару заңбұзушылықтар жойылғанға дейін уақытша тәркіленді.

Полицейлер түсіндіру жұмыстарына ерекше мән береді. 70 жастан асқан қару иелеріне қарудан бас тарту — жоюға тапсыру немесе басқа тұлғаларға қайта рәсімдеу ұсынылады.

Іс-шара 1–10 сәуір аралығында өтуде. Сонымен қатар полиция қызметкерлері 20 сәуірден бастап елде тіркелмеген қаруды сатып алу бойынша республикалық акция басталатынын еске салады. Заңсыз сақталған қару мен оқ-дәрілерді тек ерікті түрде тапсыру ғана қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босататынын білу маңызды.

Полицейлер азаматтық қаруға жауапкершілікпен қарауға шақырады — бұл қауіпсіздіктің кепілі.

Тэгтер:

қару қару-жарақ Солтүстік Қазақстан