18 сәуірден бастап маңғыстаулықтар үшін халықаралық жаңа әуе бағыты ашылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«SCAT» әуе компаниясы «Ақтау – Ереван – Ақтау» бағыты бойынша тұрақты рейстерді қайта іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Ақтау халықаралық әуежайының мәліметінше, әуе қатынасы Маңғыстау облысы тұрғындарына Армения астанасына тікелей әрі қолжетімді түрде жетуге мүмкіндік береді. Рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады. Ұшу ұзақтығы шамамен 1 сағат 30 минутты құрайды. Аталған рейстер CRJ 200 әуе кемесімен орындалады. Рейс сыйымдылығы 50 жолаушыға дейін.
Рейстердің ұшу кестесіне сәйкес, Ақтаудан ұшақ 00:40-та көтеріліп, 01:10-да Ереван қаласына қонады. Ал кері бағытта Ереваннан ұшу сағаты 02:00-де жүзеге асырылып, 04:20-да Ақтауға жетеді.
Бұл бағыттың жандануы өңір тұрғындары үшін туристік, мәдени және іскерлік байланыстарды кеңейтуге жол ашады. Сондай-ақ, Маңғыстау өңірінің халықаралық әуе қатынастарын дамытуға қосымша серпін беріп, тұрғындардың сапар мүмкіндіктерін арттыра түседі.