Перуашев: Азаматтық алушылар емтихан тапсырғандары жөн
Перуашев: Азаматтық алушылар емтихан тапсырғандары жөн
Елбасы, Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жасалған конституциялық реформаның барысында жұмыс тобы мен Парламент депутаттары Қазақстан Конституциясына бірқатар маңызды толықтырулар енгізді.
Нәтижесінде, мемлекеттік, тәуелсіздік, ұлтаралық және дінаралық келісім, азаматтық мәртебе секілді ережелер әжептәуір күшейтілді. Мәселен, 10-бап бойынша республика азаматтығы ерекше қасиетке ие, сондықтан да терроризм және ұлттық мүдделерге ауыр зардап әкелгендер азаматтықтан айырылуы мүмкін болды.
Еуропа тәжірибесі көрсеткендей, жағдайы мүшкіл мемлекеттерден қашып келетін адамның саны артып, миграциялық ағын апатты үрдіске айналды. Оларды қабылдайтын елдердің бюджетіне қосымша шығын келіп, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамтамасыз ету салаларына жүк түсті және жұмыссыздық артып, қылмыстық жағдай нашарлап кетуде. Оның үстіне, өзге тілдегі, мәдениеттегі және этностық құрамы жат елдерден мыңдаған мигранттың бақылаусыз келуі қабылдаушы елдердің ұлттық бірегейлікті сақтауына қауіп туғызады. Сол себепті де, бірқатар Еуропа мемлекеттері сыртқы миграцияны шектеу жөнінде шаралар қабылдай бастады. Елбасының бейбіт саясаты мен экономикалық реформаларының арқасында Қазақстан да өмір сүруге қолайлы, тартымды мемлекетке айналды. Сондықтан еліміз жақын аймақтардан қашқан босқындар үшін қызығушылық тудыруы мүмкін. Осыны ескеріп, елімізде миграциялық дағдарысты күтпей-ақ, оны реттеу мен қазақстандық бірегейлікті қорғау жөнінде алдын алу шараларын қолға алу керек деп есептейміз. Ең алдымен, заңнаманы Конституцияға сәйкестендіру аясында, «Азаматтық туралы» Заңда Қазақстан Республикасының азаматтығын сұраушыларға емтихан тапсыру туралы нормалар қарастырылуы тиіс, атап айтқанда: – Республика Конституциясы; – Қазақстанның мәдениеті мен тарихы; – мемлекеттік тіл саясаты жөнінде, т.б. Әрине, кейбір бөлек топтарды мұндай емтиханнан босатуға болады (Қазақстанда туғандар, елімізде жақын туыстары барлар, оралмандар, инвесторлар, ғылым мен техникалық ірі мамандар және т.б.). Бұл ұсыныс ешкімге ешқандай да төзбеушілік дегенді білдірмейді, бірақ ізденушілердің біздің халық пен мемлекетті құрметтеуіне тура келетінін көрсетеді. Азаматтыққа құқық алу үшін емтихан тапсыру (Citizenship немесе Naturalization Test) Австралия, Австрия, Германия, Канада, Нидерланд, АҚШ, Израиль, Оңтүстік Корея сияқты көптеген елдерде қолданылады. Оның үстіне, мұндай емтихандарды тапсыру негізінен ақылы болғандықтан, бюджетке ешқандай жүк түспейді.Аталған тәртіпті, мүмкін, басқа да жағдайда қолдауға болады. Кейбір мемлекеттерде емтихандарды азаматтық алғысы келгендер ғана емес, сонымен қатар, еңбек мигранттары немесе ұзақ мерзімге виза алушылар да тапсырады. Мысалы, Голландия мен Ресейде. Оның мақсаты – тілді түсінбеу немесе қалыптасқан дәстүрді білмеуден туындайтын жергілікті халықпен жанжалдарды болдырмау. Біздің ойымызша, ұсынылып отырған бастама конституциялық реформаға да сәйкес келеді. Азат ПЕРУАШЕВ, Мәжіліс депутаты