18 жыл бұрын жоғалып кеткен жігіт сот шешімімен қайтыс болды деп танылды

Бүгін, 12:14 / Інжу Әлихан
Istockphoto

Павлодар облысында Ертіс аудандық соты азаматты қайтыс болды деп тану туралы азаматтық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Сот барысында арыз берушінің 20 жастағы ұлы 2008 жылдың желтоқсан айында Павлодар қаласындағы педагогикалық колледжден шығып, Ертіс өзені жағына бет алғаны анықталды. Куәгерлердің айтуынша, ол мұзға шыққан, ал оқиға орнында тек оның кеңсе папкасы қалған.

Істі қарау кезінде сот мемлекеттік органдарға және Шекара қызметіне сұрау жолдап, азаматқа қатысты неке тіркеу, ажырасу, аты-жөнін өзгерту, қайтыс болу немесе елден шығу деректері тіркелмегенін анықтады.

Белгілі болғандай, арыз беруші жұбайы қайтыс болғаннан кейін мұрагерлік рәсімдерді жүргізу үшін ұлын қайтыс болды деп тануды сұраған.

Азамат туралы 17 жылдан астам уақыт бойы тұрақты тұрғылықты жері бойынша ешқандай мәліметтің болмауын және ішкі істер органдары жүргізген іздестіру шараларының нәтижесіз болғанын ескере отырып, сот оны қайтыс болды деп тануға негіз бар деген қорытындыға келді.

Сот шешімімен азаматты қайтыс болды деп тану туралы арыз қанағаттандырылды.