Бүгінгідей көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқан заманда жас буынға салт-дәстүріміз, мәдениетіміз бен тарихымыз туралы деректі тек кітап арқылы ұсыну аздық етеді. Жас ұрпақ ақпаратты көбіне цифрлық ортадан алатындықтан, ұлттық құндылықтарды насихаттауда заманауи технологиялардың рөлі зор. Мобильді қосымшалар, интерактивті ойындар арқылы тарих пен мәдениетті қызықты әрі түсінікті етіп насихаттап жүргендердің қатары артып келеді. Осы жолда еңбектеніп жүрген жас талант Есбол Азан қазақ мәдениетін дәріптейтін ойын әзірлеп шығарған. Turkystan.kz сайтының тілшісі Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын Есбол Ерғалиұлымен аз-кем сұхбаттасқан еді.
Курсқа қатысу үшін ауылдан Ақтауға қатынап жүрдім
«6-сыныпқа дейін Баутин ауылындағы қазақ мектебінде оқыдым. Ата-анамның бағыттауымен ол ауылдан күнде Ақтауға қатынап, қосымша курстарға қатысып жүрдім. Бар мақсатым – Назарбаев зияткерлік мектебіне түсу еді. Ауыл мен қаланың арасы – 132 шақырым. Қалаға келуге екі сағат, қайтуға екі сағат уақыт кететін. Таксимен, достарыммен бірге қатынайтынмын. Сөйтіп 6-сыныпты бітіргенде НЗМ-ға құжат тапсырып, кіл мықты оқушылармен конкурсқа қатысып, грант ұтып алдым. Қазір осы мектепте 12-сыныпта оқып жатырмын. НЗМ-нің бағдарламасы Кембридж университетінің оқу бағдарламасына негізделген. 11-12 сыныпта көп пән ағылшын тілінде өтеді. Біз ҰБТ тапсырмаймыз. Кембридж университетінің халықаралық емтиханын тапсырамыз. Мектебімізде мамандыққа бағыттау жұмыстары жақсы жолға қойылған. Ұстаздарымыз 9-сыныптан бастап ата-аналармен кездесіп, баланы бағыттау бойынша көп жұмыс жүргізеді. Өз болашағымды ІТ саласымен байланыстырып отырмын. Қазір шетелдік оқу орындарынан ұсыныстар, шақыртулар көптеп келіп жатыр. Қай оқу орнына түсетінім жайлы нақты шешім қабылдаған жоқпын. Алдағы қорытынды емтиханнан кейін оқу орындары түпкілікті шешімдерін айтады», – дейді ол.
SARDAR атты 3D-ойынын ойлап тапқан ол жақында 830 адам қатысқан ұлттық AI-жобалар байқауының финалына шыққан.
«SARDAR жобасын 10-сыныпты бітіргенде, 2024 жылы жаз мезгілінде бастадым. Емтиханның бәрін тапсырып, қолым босаған кез еді. Бірдеңемен айналысқым келді. Өзім кішкентай кезімнен ойынды көп ойнаймын. Моңғолдың ұлттық ойындарын, жапондардың Самурайын көп ойнадым. Сонда «Неге біздің қазақша ұлттық ойындар шықпайды екен» деп ойлайтынмын. Сол кезден цифрлық ойындарға қызығушылығым арта бастады. Кішкентай кезімнен армандаған сол ойынды өзім әзірлемесем, басқа ешкім жасамайды деген оймен осы жобаны бастадым. Идеямды достарыма айтып едім, олар «Сен НЗМ-да оқисың. Ел саған үміт артып отыр. Сен жасамасаң кім жасайды? Қазір бастамасаң қашан бастайсың?» деп үлкен қолдау білдірді. Бізде ектепте бағдарламалау негізін үйретеді. 3D үйрететін үйірмелер де бар. Базалық білім болды. Содан соң YouTube-тағы қолжетімді материалдардың бәрін қолдандым. Бұл ойынды екі жылға жуық уақытта әзірлеп шықтым», – дейді ол.
Ойынды құрастыруға ұстаздарым да атсалысты
Есбол балаларды қазақ халқының мәдениеті мен тарихымен жақынырақ таныстыруды көздейді. Оларға қызықты әрі түсінікті болуы үшін ойынды шытырманға толы тартымды сценарийлер арқылы өрбіткен.
«Ойын баланың образында басталады. Ол бала сардар боламын деп армандап өседі. Сардар – қазақтың батыры. Кішкентай бала сардар болу жолында түрлі кезеңнен өтіп, түрлі тапсырманы орындайды. Әжесінің ертегісін тыңдайды. Ойындағы кейіпкерлер қазақи киім киеді. Мысалы, жас қыз киіз үйдің ішіндегі кимешекті кие алмайды. Себебі кимешек әйелдерге, әжелерге арналған. Осылайша кейіпкерлер белгілі бір тапсырмаларды орындау арқылы қазақ мәдениетімен танысады. Киіз үй құрады, барымтаға шығады. Қазақтың бес қаруымен танысады. Ойын барысында түрлі тапсырма беріледі. Ол тапсырмаларды шешу арқылы ұпайы көбейеді. Мен ойынның әзірлемесі, техникалық жағына жауап беремін. Ойынның сценарийлерін жазуға мектебіміздің Қазақстан тарихы, қазақ тілі пәндерінің мұғалімдері көмектесті. Одан бөлек, «Қазақстан тарихы» атты 20 томдық энциклопедия бар. Соған сүйеніп, жұмыс істеп жатырмын. Ойын негізінен балаларға бағытталған. Себебі олар төл мәдениетімізді біліп өсуі керек. Қазір облыстық әкімдікпен, Астана қаласындағы орталықтармен байланысқа шықтық. 2026 жылдың соңында платформаларға кең қолданысқа шығады деп үміттеніп отырмын. Мұндай ойынды негізі үлкен командамен жасайды. Менің бір жағынан сабағым, енді бір жағынан емтихандарым болғандықтан уақытым жетпей жатыр. Сол үшін қазір өзім сияқты энтузиаст, осы салаға қызығатын жастарды бұл іске жұмылдыруға тырысып жатырмын. Бұл маңызды ойын бір адамның шала істеген жұмысы емес, команданың тиянақты жұмысы болуға тиіс», – дейді ол.
Жас дарынның айтуынша, ойынның қазір қазақ және ағылшын тіліндегі нұсқалары бар. Алдағы уақытта басқа тілдерде де әзірлеп шығарду жоспарлап отырса керек.
«Мұны кең қолданысқа шығару үшін қаражат қажет қой. Мен бүгінде 1 млн теңге грант ұттым. Болашақта түрлі грантқа тапсырып көрмекпін. Болмай жатса өз қаражатымды құямын. Әр ойынның алғашқы нұсқасы болады. Бұл ойын – хоббиім ретінде жасап жатқан жоба. Интернетте көптеген қолжетімді материал бар. Жоба жақсы әрі сапалы шықсын деп барынша сол тегін материалдарды қолдануға тырысамын. Осы уақытқа дейін көп конкурсқа қатыстым. Өткен жылы халықаралық ғылыми жобалар байқауынан күміс жүлде иелендік. «Дарын» ұйымдастыратын республикалық ғылыми жобалар конкурсынан бірінші орын алдық. «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсынан 1 млн теңге сыйақы ұттық. Күні кеше АІ-жобалар байқауынжа 830 қатысушының арасынан суырылып шығып, финалист атандық. Болашақта бұл жобаны монетизациялау мақсатым бар. Мұны уақытында көре жатамыз. Қазіргі мақсат – неғұрым көп қолданушыны қызықтыру», – дейді ол сөз соңында.