Колледж ұстаздары жасанды интеллектке негізделген мультфильм жасады

Бүгін, 09:57 / Інжу Әлихан
Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникация орталығы

Жасанды интеллект жылы аясында Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжінде «ToonTech: технология мен қиялдың тоғысы» жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Колледж мәліметінше, жобаның басты мақсаты – «Информатика» мамандығында оқып жүрген 1–3 курс студенттерінің кәсіби біліктілігін арттыру, олардың шығармашылық және тәжірибелік қабілеттерін дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру саласы мен қоғам игілігіне тиімді пайдалануға бағыттау.

Жоба аясында колледж студенттері жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілеріне арналған танымдық әрі тәрбиелік мәні бар мультфильмдер әзірлеп, оларды балабақшаларға ұсынуда.

Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, жобаның авторлары және жетекшілері – информатика пәнінің оқытушылары Салтанат Қалиева мен Кенжетай Теңізбаева. Ал жоба идеясының авторы – қазақ тілі пәнінің оқытушысы Ләззат Домбаева. Ол мультфильмдерге негіз болған тәрбиелік мәні жоғары ертегілердің авторы.

«Жоба қазан айында басталды. Алдымен ертегілер құрастырылып, дайындалды. Жоба аясында YouTube арнасы мен Instagram парақшасы ашылып, арнайы веб-сайт жасақталды. Бірқатар іс-шаралар мен семинарларға қатыстық. Қазіргі таңда 6 мультфильм дайындалып, тағы 5 мультфильм әзірлену үстінде. Осы уақытқа дейін Ақтау қаласындағы 4 балабақшада көрсетілім ұйымдастырылды. Алдағы уақытта қала маңындағы балабақшаларға да ұсыну жоспарланып отыр. Мультфильмдер Ләззат Домбаеваның «Қамқор бала», «Еңбекқор кірпі мен жалқау қоян», «Ағаштың ақылы», «Сиқырлы телпек», «Жоғалған түстер», «Жалқау аю мен көңілді күннің күлкісі» сынды ертегілерінің негізінде жасалды», - деді Салтанат Қалиева.

Сонымен қатар, жоба Халықаралық волонтерлер жылы бастамасын қолдай отырып, студенттердің қоғамдық белсенділігін арттыруға және олардың білімдері мен дағдыларын қоғам игілігіне бағыттауға мүмкіндік береді.

Жоба аясында студенттер Ләззат Домбаеваның жетекшілігімен тәрбиелік мазмұндағы ертегілерді негізге алып, оларды жасанды интеллект көмегімен мультфильм форматына айналдыруда. Бұл туындылар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталып, мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына ұсынылады.

Алдағы уақытта жоба шеңберінде мультфильмдер саны артып, мазмұны кеңейтіліп, оларды қала және ауыл балабақшаларына кеңінен тарату жоспарланып отыр.