Грек-рим күресінен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы медалін еншіледі

Бүгін, 20:42 / Жамбыл Жайлау
instagram.com/qaz_olympics. Суретте: Нұрсұлтан Тұрсынов

Бішкекте өтіп жатқан грек-рим күресінен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы жүлдесіне қол жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

87 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрсұлтан Тұрсынов қола медаль үшін белдесуде түрікменстандық Давлатмурад Байрамовты айқын басымдықпен жеңді. Отандасымыз алғашқы кезеңде партердегі мүмкіндігін тиімді пайдаланып, бірнеше нәтижелі әдіс жасап, қарсыласын өзінен асыра лақтырды. Нәтижесінде есеп 9:0 болып, жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталды.

Осылайша Нұрсұлтан Тұрсынов Азия чемпионаттарында алтыншы рет жүлдеге ие болып отыр. Бұған дейін ол құрлық додаларында 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған.

Ал 77 келіде Қаһарман Қисметов қола жүлде үшін белдесуде өзбекстандық Дониёрхон Накибовқа есе жіберді (1:10).

Ертең қазақстандық балуандардың бірі Алматбек Аманбек финалда Азия чемпионы атағы үшін күреседі. Сонымен қатар, Ербол Камалиев (60 келі), Ибрагим Магомадов (82 келі) және Ислам Евлоев (97 келі) қола медаль үшін бозкілемге шығады.

Тэгтер:

күрес Азия чемпионаты Нұрсұлтан Тұрсынов