Қазақстан Орталық Азия елдері арасында әлеуметтік қолдау көрсету бойынша көш бастады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары деңгейде, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қандай әлеуметтік көмек түрлері көрсетіледі?
Жалпы, аталған өңір елдерінде әлеуметтік қолдауға негіз болатын себептер ұқсас. Ол: баланың дүниеге келуі, зейнетке шығу, мүгедектік, асыраушысынан айырылу немесе жұмыссыз қалу деген секілді. Дегенмен, бұл көмекті ұйымдастыру мен қаржыландыру тәсілдері әр мемлекетте әртүрлі.
ЗЕЙНЕТАҚЫ МӨЛШЕРІ (ОРТАША)
- Қазақстан: 157 843 теңге
- Өзбекстан: 61 303 теңге
- Қырғызстан: 60 706 теңге
- Тәжікстан: 22 886 теңге
ЖҮКТІЛІК ПЕН БОСАНУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ТАҒАЙЫНДАЛАТЫН ТӨЛЕМ МӨЛШЕРІ (ОРТАША)
- Қазақстан: 164 350 – 1 158 107 теңге
- Өзбекстан: 34 520 теңге
- Қырғызстан: 43 215 теңге
- Тәжікстан: 11 415 теңге
Сонымен бірге, елімізде әлеуметтік төлемдерден бөлек, бірқатар маңызды сала да мемлекет тарапынан субсидияланады. Мысалы, жолаушылар тасымалына бөлінетін қаражат көлемі едәуір өскен. Биыл әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялауға: Астана қаласында 62,34 млрд теңге қарастырылған. Алматыда 107,6 млрд теңгеге жетті. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты өтемақы төленеді. Сондай-ақ, өзге де әлеуметтік мәселелерді шешуге көмек көрсетіледі.
Орталық Азия елдеріндегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің салыстырмалы талдауы
Қырғызстан
- Ең төменгі күнкөріс деңгейі: 30 537,95 теңге (5 653,26 сом)
- Орташа жалақы: 247 387,61 теңге (45 797 сом)
- Ең төменгі жалақы: 17 718 теңге (3 280 сом)
- Орташа зейнетақы: 60 705,77 теңге (11 238 сом)
Өзбекстан
- Ең төменгі күнкөріс деңгейі: 27 741,64 теңге (715 мың сум)
- Орташа жалақы: 247 540,81 теңге (6,38 млн сум)
- Ең төменгі жалақы: 49 314,16 теңге (1,271 млн сум)
- Орташа зейнетақы: 61 303,21 теңге (1,58 млн сум)
Тәжікстан
- Ең төменгі күнкөріс деңгейі: 50 851 теңге (1 000 сомони)
- Орташа жалақы: 131 708,70 теңге (2 700 сомони)
- Ең төменгі жалақы: 63 415,30 теңге (1 300 сомони)
- Орташа зейнетақы: 22 886,09 теңге (469,16 сомони)
Қазақстан
- Ең төменгі күнкөріс деңгейі: 50 851 теңге
- Орташа жалақы: 473 158 теңге
- Ең төменгі жалақы: 85 000 теңге
- Орташа зейнетақы: 157 843 теңге
Бала тууына және күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы қалай төленеді?
ҚЫРҒЫЗСТАН
Қырғызстанда қызметкердің/жұмысшының нәрестелі болуына байланысты – жұмыс беруші есебінен жалақының 100%-ы төленеді. Ол 10 жұмыс күні ішінде тағайындалады. Ал, одан кейін ай сайын 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде яғни 2 000 сом аударылып отырады. Сонымен бірге, мемлекет тарапынан бала тууына байланысты біржолғы «балага сүйүнчү» төлемі тағайындалады. Көлемін: 21 607,32 теңге (4 000 сом).
ӨЗБЕКСТАН
Өзбекстанда бірінші бала туғандағы біржолғы төлем ең төменгі жалақының 70,3%-ы — 34 519,92 теңге төленеді. Елде жүктілік және босану төлемдеріне жыл сайын бюджеттен 96,999 млрд теңге (2,5 трлн сум) бөлінеді.
ТӘЖІКСТАН
Ал, Тәжікстанда бала тууына байланысты ай сайын бірінші балаға 11 415 теңге, екінші балаға 7 610 теңге, үшінші және одан кейінгі: 3 804 теңге аударылып отырады. Бұдан бөлек, 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне ай сайын 3 804,92 теңге төленеді.
ҚАЗАҚСТАН
Елімізде бала тууына байланысты бірреттік төлем былай бөлінеді: 1–3 балаға 164 350 теңге, 4 және одан көп бала: 272 475 теңге аударылады. Жұмыс істейтін әйелдерге міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен жүктілік және босануына байланысты әлеуметтік төлем –1 158 107 теңгеге дейін қарастырылған. Ол негізгі аударымдарға байланысты болады. Сонымен бірге, 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайын жәрдемақы аударылады. Бірінші балаға 24 912 теңге, екінші балаға 29 454 теңге, үшінші балаға 33 952 теңге, төрт және одан көп бала үшін мемлекеттен 38 493 теңге жәрдемақы төленеді.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау тетігі қалай жүзеге асырылады?
ҚЫРҒЫЗСТАН
Қырғызстанда 16 жасқа дейінгі балалары бар аз қамтылған отбасыларға «Үй-бүлөгө көмөк» бағдарламасы бойынша ай сайын 6 482,20 теңге (1 200 сом) жәрдемақы беріледі. Биылдан бастап елде «Бала береке» біржолғы төлемі енгізіледі. Бұл төрінші бала және одан кейінгі балаларға, таулы және шалғай аймақтарда тұратын отбасыларға арналған. Төлемдер 2027 жылдан бастап, бала 1 жасқа толғанда беріледі. Төртінші балаға 540 183 теңге (100 мың сом), бесінші балаға 3 241 098 теңге (600 мың сом), 10 және одан көп бала: 10 803 660 теңге (2 млн сом) бөлінеді. Таулы және шалғай елді мекендерде тұратын, 3 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға ай сайын әр балаға 16 205,49 теңге (3 000 сом) аударылады. Зейнет жасындағы «Батыр аналарға»: 16 205,49 теңге, қарттарға: 10 803,66 теңге мемлекет тарапынан бөлінеді.
ӨЗБЕКСТАН
Өзбекстанда асыраушысынан айырылған отбасыларға 31 815,59 теңге қарастырылған.
ТӘЖІКСТАН
Тәжікстанда аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек былайша бөлінеді. 16 жасқа дейінгі әр балаға: 7 609,84 теңге, құрамында 2 және одан көп мүгедек бар отбасыларға: 7 609,84 теңге, 80 жастан асқан қарттарға 7 609,84 теңгеден төленеді. Бұдан бөлек, асыраушысынан айырылған жанұяларға 7 225 – 12 041 теңге аралығында аударылып отырады.
ҚАЗАҚСТАН
Елімізде көпбалалы отбасыларға мынадай көмек түрлері қарастырылған. 4 бала үшін 69 330 теңге, 5 балаға: 86 673 теңге, 6 балаға: 104 017 теңге, 7 балаға: 121 360 теңге, 8 және одан көп: әр балаға 17 300 теңге беріледі. Бұдан бөлек, қосымша «Күміс алқа» иегерлеріне: 27 680 теңге, «Алтын алқа», «Батыр ана» иегерлері ай сайын 32 005 теңге алады. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін мынадай жәрдемақы қарастырылған. Табыс деңгейі кедейлік шегінен төмен азаматтарға беріледі. Нақтырақ айтқанда, 1–6 жас аралығындағы балаларға 1,5 АЕК — 6 487,5 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді. Еңбекке қабілеттіліктен айырылу бойынша орташа мөлшері 54 742 теңге, асыраушысынан айырылғандарға 55 800 теңге аударылады. Жұмыссыз қалған жағдайда төленетін жәрдемақы 1–6 ай аралығында, соңғы 24 айдағы табыстың 45%-ына дейін жәрдемақы беріледі.
Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шаралары
ҚЫРҒЫЗСТАН
Мұнда ересек мүгедектігі бар азаматтар мынадай төлем түрлері қарастырылған. I топ: 29 710,07 теңге, II топ: 16 205,49 теңге, III топ: 10 803,66 теңге аударылап отырады.
ӨЗБЕКСТАН
Елде еңбекке жарамсыз және бала кезінен мүгедектігі бар азаматтарға
39 265,09 теңге жәрдемақы беріледі. Қажетті еңбек өтілі жоқ қарттарға 31 815,59 теңге жәрдемақы төленеді.
ТӘЖІКСТАН
Тәжікстанда болса, мүгедектігі бар азаматтарға төлем былайша тағайындалады. I топ, бала кезінен I-II топ және мүгедек балалар: 12 062,58 теңге, III топтағыларға: 7 237,2 теңге төленеді.
ҚАЗАҚСТАН
Қазақстанда мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мынадай: I топтағыларға: 111 873 теңге, II топтағыларға: 89 498 теңге, III топтағыларға: 61 022 теңге аударылады.
Қазақстан Орталық Азия елдерімен салыстырғанда халықты әлеуметтік қорғауға көбірек қаржы бөліп, қолдау тетіктерін кеңірек қолданады. Бұл – азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі саясаттың көрінісі.