"Түнек жарықтан да жылдам": Израиль ғалымдары жарты ғасыр бұрынғы гипотезаны растады

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Израиль ғалымдары «түнек жарықтан жылдамырақ қозғалады» деген гипотезаны растады, деп хабарлайды turkystan.kz. Зерттеу нәтижелері Nature журналында жарияланды.

Израиль технологиялық институты ғалымдары жарты ғасыр бұрын ұсынылған гипотезаны тәжірибе жүзінде дәлелдеді: белгілі бір жағдайларда түнек жарықтан жылдамырақ қозғала алады. 

Зерттеушілер «оптикалық сингулярлықтар» деп аталатын құбылысты бақылаған. Бұл – жарық толқынының ішінде толық қараңғылық болатын аймақтар, яғни жарықтың амплитудасы нөлге тең нүктелер. Дәл осы қараңғы аймақтардың қозғалысы жарық жылдамдығынан асып кеткені тіркелген.

Алайда ғалымдар бұл жаңалық Салыстырмалылық теориясы заңдарына қайшы келмейтінін атап өтті. Себебі анықталған «қараңғылық» – физикалық объект емес, массасы жоқ және ақпарат тасымалдай алмайтын құбылыс. Ал теория бойынша тек массасы бар немесе ақпарат жеткізетін нысандар ғана жарық жылдамдығынан аса алмайды.

Эксперимент барысында ғалымдар лазерлер мен жоғары дәлдіктегі оптикалық құрылғыларды қолданған. Олар жарықтың ерекше материал гексагоналды бор нитриді ішінде қалай таралатынын зерттеген. Бұл материал жарықты баяулатып, оны поляритондар деп аталатын күйге айналдырады. Осылайша зерттеушілер «қараңғылықтың» қозғалысын егжей-тегжейлі бақылауға мүмкіндік алған.

Ғалымдар бұл құбылысты өзендегі құйынмен салыстырады: кейде құйын судың өзінен жылдамырақ қозғалғандай көрінеді. Сол сияқты жарықтағы қараңғы аймақтар да пайда болу немесе жоғалу кезінде өте жоғары жылдамдыққа жете алады.

Зерттеу нәтижелері мұндай эффектілер тек жарықта ғана емес, дыбыс толқындарында, сұйықтық ағындарында және аса күрделі материалдарда да болуы мүмкін екенін көрсетеді. Болашақта жетілдірілген микроскоптар табиғаттағы өте жылдам әрі жасырын процестерді зерттеуге жаңа мүмкіндік ашуы ықтимал.

Тэгтер:

жарық түек жарық жылдамдығы