21-25 сәуір күндері аралығында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Түркістан қаласында гастрольдік сапарын өткізеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Елордалық Ұлттық театр ұжымы киелі шаһарда гастрольдік сапармен өнер көрсетіп, көрермен қауымға таңдаулы қойылымдарын ұсынады. Бұл – театрсүйер жұрт үшін үлкен рухани мереке.
Гастроль шымылдығы 21 сәуір күні қазақ драматургиясының жауһары – Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен ашылады. Терең психологиялық иірімдерге құрылған бұл туынды махаббат пен тағдыр тартысын әсерлі жеткізеді. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Миргалиева.
Гастрольдік сапар барысында көрермендер әр жанрдағы қойылымдарды тамашалай алады.
22 сәуірде сахнада С.Тұрғынбекұлының «Шәмші» элегиясы ұсынылып, қазақ ән өнерінің аңызы Шәмші Қалдаяқовтың рухани әлеміне сапар жасалады. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Шәмші рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды.
Ал 23 сәуірде Қ.Жиенбайдың «Патша көңілім, недейсің?!» комедиясы көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйламақ. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов.
Гастроль аясында, 24 сәуір күні «Кешкі 7» спектакль-концерті де көрерменге жол тартады. Бұл - музыка мен театрды тоғыстырған ерекше форматтағы кеш. Режиссері - Бәзіл Сұлтанғазы. Спектакль-концерт театрдың «Theatre Avenue» бэндінің сүйемелдеуімен өтеді.