Испания полициясы ғасыр бойы іздеуде болған тарихи қолжазбаны интернеттен тапты

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: Generalitat Valenciana

Испания полициясы XVII ғасырға тиесілі тарихи қолжазба интернетте сатылып жатқанын анықтап, қайтарды. Құжат бір ғасырдан астам уақыт бойы жоғалған болып саналған, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

Оқиға Валенсия қаласында болған. Қолжазба жергілікті Жібек өнері колледжінің архивінен 1907-1909 жылдар аралығында жоғалып кеткен. Ол интернетте 71 900 еуроға сатылымға қойылған кезде құқық қорғау органдарының назарына іліккен.

Полиция мәліметінше, құжат 1479 жылы II Арагон Фердинанды қол қойған ережелердің көшірмесі саналады. Бұл ережелер барқыт өндірісін жай кәсіптен өнер деңгейіне көтеріп, шеберлерге ерекше мәртебе мен артықшылықтар берген.

Қолжазбаны Испанияның ұлттық полициясы жанындағы мәдени мұраларды қорғау бөлімі онлайн сауданы бақылау кезінде анықтаған. Сатушы оның шығу тегін білмейтінін айтып, әкесінің бұл құжатты 1970-жылдары сатып алғанын мәлімдеген.

Сараптама нәтижесінде қолжазбаның ешқашан ресми түрде сатылмағаны және архивтен заңсыз жоғалғаны расталды. Құжат жасыл пергаментке жазылып, дәл сондай түсті барқытпен қапталған және қола әшекейлермен безендірілген. Оның құрамында 1479 жылғы 26 тараудан тұратын ережелер мен 1483 жылы құрылған діни бауырластық жарғылары бар.

Қолжазба қазіргі иесінің меншігінде қала береді, алайда енді ол ресми түрде тарихи мұра ретінде тіркеліп, сақталу талаптарына сай қорғалуы тиіс. Құжат уақытша Валенсия корольдігінің архиві қорында сақталады.

Тэгтер:

интернет Испания Қолжазба