Павлодар облысында газ баллоны жарылып, үш адам зардап шекті

Бүгін, 08:19 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Pixabay.com

Павлодар облысында жеке тұрғын үйде газ баллонының жарылуы салдарынан үш адам зардап шекті. Оқиға газ-ауа қоспасынан тұтанып, артынша өртке ұласқан.

2026 жылғы 6 сәуірде "Павлодар-онлайн" басылымының мәліметінше, өрт Ақсу қаласында болған. Ақпаратты өңірлік ТЖД растады.

Жамбыл көшесіндегі жеке тұрғын үйде газ-ауа қоспасы тұтанып, кейін өрт шықты. Баллон көлемі 10 литр болған. Үйдің дәлізінде тұрмыстық заттар мен жиһаз жанып, от кейін шатырдың ағаш конструкцияларына таралған, – деп хабарлады ТЖД.

Төтенше жағдайлар департаментінің күштерімен өрт жедел түрде сөндірілді. Оқиға орнына 9 қызметкер мен 3 техника бірлігі жұмылдырылды.

Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, оқиға салдарынан үш адам зардап шекті: 1970 және 1972 жылы туған әйелдер түрлі дәрежедегі күйік алған, сондай-ақ 32 жастағы ер адам қолынан жарақат алған. Зардап шеккендердің барлығы Ақсу қалалық ауруханасына жеткізілді.