600 жылдық дәстүр: Англияда құймақ табасын ұстап жүгіруден жарысы өтті

Бүгін, 01:39 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Англияның Олни қаласында 600 жылға жуық уақыт бойы ерекше жарыс өтіп келеді. Қатысушылар табадағы құймақпен жүгіріп жарысады. Бұл жай теңеу емес: әйелдер қолына ыстық таба ұстап, жүгіріп бара жатып құймақты ауаға лақтырып отыруға тиіс, деп хабарлайды turkystan.kz olneypancakerace.org-ке сілтеме жасап.

Дәстүр бойынша, бұл күні адамдар еркін той тойлап, көңіл көтереді.

Аңызға сүйенсек, дәстүр 1445 жылы басталған. Бір үй шаруасындағы әйел шіркеуге шақырған қоңырау үнін естіп, кешігіп бара жатқанын түсінеді. Сол сәтте ол қолындағы табасы мен құймағын тастамай, жүгіріп шығып, жол бойы аударып барады. Кейін бұл оқиға жыл сайын қайталанатын жарысқа айналған.

Қазіргі форматта жарыс шамамен 380 метр қашықтықта өтеді. Бастау нүктесі – қаланың орталық алаңы, ал мәресі – Әулие Петр және Әулие Павел шіркеуі. Қатысушылар міндетті түрде нағыз таба мен құймақ ұстап жүгіруі керек. Жеңімпазға символикалық алтын таба табысталады.

Бүгінде бұл тек спорттық жарыс емес, нағыз мерекеге айналған. Қатысушылар түрлі костюм киіп, көрермендер қолдап, қалада күлкі мен жаңа піскен құймақтың иісі тарайды.

1950 жылдан бері бұл дәстүр халықаралық сипат алып, басқа елдерде де өткізіле бастады. Кей жерлерде оған ерлер де қатысады.

Тэгтер:

жарыс Англия құймақ таба