Ұлан-Батырда Қазақстан мен Моңғолия Ұлттық Олимпиадалық комитеттері арасындағы ресми кездесу өтті. Бұл жиында Қазақстан ҰОК президенті, әйгілі боксшы Геннадий Головкин ерекше құрметке ие болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесуге қазақстандық делегацияны Геннадий Головкин мен ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев бастап барды. Ал моңғол тарапынан бірінші вице-президент Чойжгаваагийн Наранбаатар мен бас хатшы Бадар-Ууган Энхбат қатысты.
Тараптар келіссөз барысында екі ел арасындағы спорттық ынтымақтастықты кеңейту, арнайы меморандум әзірлеу және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
"Біз әрдайым серіктестікке ашықпыз. Көршілес елдер арасындағы өзара құрмет пен ынтымақтастық олимпиадалық қозғалыстың дамуына оң әсер етеді", – деді Геннадий Головкин.
Кездесу аясында спортты дамытуға қосқан үлесі үшін Головкинге Моңғолия ҰОК-нің жоғары марапаты – «Алтан Очир» ордені табысталды.
Сондай-ақ Қазақстан ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев ұйымның 70 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталды.