Ақмола облысында жер учаскесін мақсатына сай пайдаланбаған тұрғынға айыппұл салынды

Бүгін, 17:38 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақмола облысының Ақкөл аудандық сотында жер учаскесін нысаналы мақсатына сай пайдаланбағаны үшін азамат Р-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол Ақкөл қаласында тұрғын үйге арналған нысаналы мақсаттағы жер учаскесінің иесі.

Жер ресурстарын басқару департаменті тексеру барысында Р-да тұрғын үй құрылысына арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен эскиздік жобаның жоқ екенін анықтаған, сондай-ақ 2022 жылдан бері әлеуметтік желілерде осы жер учаскесінде орналасқан құм, саз, қиыршық тасты сату туралы хабарландыру жарияланған.

Жер қатынастары бөлімі өкілінің айтуынша, аталған учаскеде тұрғын үй құрылыстары жоқ, әртүрлі материалдар жиналып сақталған, сондай-ақ жер учаскесінің қоршауында материалдарды сату туралы хабарландыру орналастырылған.

Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, тұрғын үй құрылысына арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен эскиздік жобасыз Р жер учаскесін нысаналы мақсатына сай пайдаланбаған.

Сот қаулысымен Р-ға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды.

Тэгтер:

Айыппұл жер телімі Жер учаскесі