Үндістан шекарасын жылан мен қолтырауынға қорғатпақ

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Үндістанның шекара қауіпсіздік күштері елдің Пәкістан және Бангладешпен шекаралас аумақтарында қауіпсіздікті күшейтудің жаңа тәсілдерін зерттеуде. Бұл туралы The Hindu басылымы хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Басылым мәліметінше, 26 наурызда Шекара қауіпсіздік күштерінің штаб-пәтерінен Бангладешпен шекара бойында орналасқан бөлімшелерге арнайы қызметтік хат жолданған. Құжатта өзен арқылы өтетін осал учаскелерде заңсыз көші-қон мен қылмыстық әрекеттердің алдын алу мақсатында рептилияларды – атап айтқанда жыландар мен қолтырауындарды пайдалану мүмкіндігін зерттеу тапсырылған.

Ресми құжатта бұл бастама Амит Шахтың нұсқауына сәйкес қарастырылып отырғаны айтылған. Үндістан Ішкі істер министрлігінің 2024-2025 жылдарға арналған есебіне сәйкес, Бангладешпен шекара күрделі географиялық аймақтар, таулы жерлер, өзендер мен аңғарлар арқылы өтеді. Осыған байланысты заңсыз көші-қон мен құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін шекара қауіпсіздігін күшейту және жаңа қоршаулар салу жоспарланған.

Сонымен қатар, есепте бірқатар өзекті мәселелер де көрсетілген. Атап айтқанда, өзендер мен ойпатты аумақтардың көптігі, елді мекендердің шекараға жақын орналасуы, жер телімдерін мемлекет қажетіне алу процесінің толық аяқталмауы және жергілікті тұрғындардың наразылығы қауіпсіздік шараларын толық іске асыруға кедергі келтіруде.

Басылымға пікір білдірген қауіпсіздік қызметінің аты-жөнін атамаған қызметкері бұл бастаманың әлі жүзеге асырылмағанын атап өтті. Оның айтуынша, рептилияларды қайдан және қалай алу, сондай-ақ олардың шекара маңындағы тұрғындарға әсері қандай болатыны әзірге нақты шешілмеген. Қазір бұл ұсыныс тек талқылау және зерттеу деңгейінде қалып отыр.

Тэгтер:

үндістан шекара жылан Қолтырауын