Қызылорда облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 3 дерегі анықталды

Бүгін, 17:24 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Қызылорда облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері жыл басынан жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 3 дерегін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құқық бұзушылықтар облыстың барлық аудандарында, сондай-ақ облыс орталығы аумағында тіркелді. Атап айтқанда, құм, қиыршық тас, саз балшық және басқа да инертті материалдарды заңсыз өндіру және тасымалдау фактілеріне ерекше назар аударылды.

Жүргізілген іс-шаралар барысында Қызылорда қаласының маңында қиыршық тас пен құмды заңсыз алып кетпек болған 2 жүк көлігі ұсталды.

Аталған заң бұзушылықтар бойынша жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін облыстық экология департаментіне және көліктік бақылау инспекциясына жолданды.

Полиция азаматтарды жер қойнауын заңсыз пайдалану, оның ішінде инертті материалдарды заңсыз өндіру және әкету фактілері туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.

Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта да рейдтік және профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жалғасатын болады.