Ақмола облысының Қорғалжын ауданында бөгет бұзылып, қазір жол жағдайы бақылауға алынды, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол».
Ақмола облысының Қорғалжын ауданында, Сабынды ауылы маңында орналасқан Шоптыкөл бөгетінің бұзылу фактісі тіркелді. Соның салдарынан су алқаптар арқылы елді мекенге жайылып, «Астана — Қорғалжын» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 75-шақырым тұсын кесіп өтті. Дегенмен, су жолдың жүру бөлігіне өткен жоқ.
Қазіргі уақытта Ақмола облыстық филиалының жол қызметтері ахуалды тұрақтандыру бағытында жедел шаралар қабылдады. Онда 14 бірлік арнайы техника мен 30-дан астам жол маманы тартылған. Инертті материалдарды дайындау және оларды жеткізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Аталған учаскеде үш көзді су өткізу құбыры қалыпты режимде жұмыс істеп, судың толық көлемде кедергісіз өтуі қамтамасыз етілді.
Жол жамылғысы бүлінбеген, көлік қозғалысы штаттық режимде жүргізіліп жатыр.