Қарағанды облысында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау іс-шаралары күшейтілді, деп хабарлайды turkystan.kz облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Бағдат Кәкімов атап өткендей, негізгі мақсат – профилактика және халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
"Дегенмен бір тәулікте облыс аумағында жол ережесін бұзу бойынша 800-ден астам факт тіркелді, оның 70-і өрескел заң бұзушылықтарға жатады", - дейді ол.
Олардың қатарында мас болып көлік жүргізу фактілері бар. Рейд барысында үш мас жүргізуші ұсталды. Сонымен қатар, бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған адамдардың көлікті қайта жүргізгені анықталды.
"Сондай-ақ, 22 әйнекті заңсыз қараңғылау, 8 рұқсатсыз көлік басқару және 16 сақтандыру полисі жоқ көлікті пайдалану деректері тіркелді. Іс-шаралар қорытындысында 34 көлік айып тұрағына қойылды", - деп толықтырды Бағдат Кәкімов.
Полиция әсіресе бұрын мас күйінде ұсталған жүргізушілердің қайтадан заң бұзбауы үшін ерекше бақылау жүргізеді. Рейд барысында сондай бір жағдай анықталды: жүргізуші куәлігінен айырылған 38 жастағы қала тұрғыны қайтадан мас кезінде көлік жүргізген. Оған қылмыстық іс қозғалды.