Алматы қаласында "Стоп – бұзушылық" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар күшейтілуде, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әсіресе алдағы демалыс кезеңіне ерекше назар аударылып отыр. Бұл уақытта оқушылардың бос уақыты артып, түрлі қауіп-қатерге тап болу тәуекелі жоғарылайды.
Осыған байланысты Алматы қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев ата-аналарға үндеу жасады. Оның айтуынша, демалыс – балалар үшін еркіндік пен жаңа әсерлер кезеңі болғанымен, дәл осы уақытта олардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажет.
– Әрбір ата-ана баласының қайда жүргенін, немен айналысып жатқанын және кіммен араласатынын нақты білуі тиіс. Балалардың бос уақытын бақылауда ұстап, олармен тұрақты байланыс орнату маңызды, – деді ол.
Сондай-ақ полиция өкілдері жол қозғалысы ережелерін сақтау, көшеде қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және кәмелетке толмағандардың самокат, мопед сияқты көлік құралдарын бақылаусыз басқаруына жол бермеу қажеттігін атап өтті. Әсіресе кешкі және түнгі уақыттағы бақылауды күшейту ұсынылды.
Ведомство мәліметінше, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ата-аналардың жауапкершілігі мен қамқорлығына байланысты. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығын қорғап, қауіпсіз қоғам қалыптастыруға болады.