Наурызда жағымды көрсеткіш көп болды. Теңге бірнеше апта қатарынан нығайды. Инфляцияның да беті қайта бастаған сияқты: қарқыны күткеннен де төмен. Бұл өзгерістерге не әсер етіп отыр? Бағаның арзандағаны бағамға байланысты ма? Бұл үрдіс ұзаққа созыла ма, әлде уақытша құбылулардың нәтижесі ме? Жауап іздеп көрдік.
Теңгенің тегеуріні
Наурыздың басында 502,6 деңгейінде тұрған доллар бағамы бірнеше апта ішінде күрт төмендеп, 17 наурызда 479 теңгеге дейін түсті. Айдың аяғында бағам 478,77 деңгейінде тұрақтады, ал орташа айлық көрсеткіш шамамен 488,3 теңге болды. Осылайша, теңге ақпандағыға қарағанда айтарлықтай нығайып қана қойған жоқ, сонымен қатар нарық күткен базалық траекторияға жақындады.
Сыртқы ахуалға тоқталар болсақ, Ормуз бұғазы төңірегіндегі шиеленіс мұнай тасымалы төңірегіндегі мәселені күрт шиеленістіріп, Brent маркасының бағасын қымбаттатты. Бұл біз үшін экспорттан түсетін түсімнің артатынын білдіреді. Дәл осы фактор теңгенің нығаюына сәйкес келді.
Сонымен қатар ішкі нарықтағы факторлар да маңызды рөл атқарды. Сауда құрылымында доллар сатып алу басым болғанына қарамастан, теңге нығайды. Бұл ұсыныс жағында экспорттық түсімдер немесе квазимемлекеттік сектор операциялары әлдеқайда көп болғанын көрсетеді.
Жоғары базалық мөлшерлеме де өз әсерін тигізді. Екі таңбалы кіріс теңгедегі құралдарды тартымды етеді. Бұл, әсіресе, мұнай бағасы өсіп жатқан кезеңде күшейе түседі.
Осындай жағдайда Deutsche Bank теңгені тосын «тыныш айлақ» деп бағалады. Бірақ бұл кездейсоқ емес. Қазақстанның сауда балансы оң күйінде қалып отыр, ал шикізат экспорты тұрақты валюталық түсімді қамтамасыз етеді. Мұнай бағасының өсуі бұл позицияны одан әрі нығайтты. Нарықта валюта тапшылығы жоқ. Демек, бағамға түскен қысым да шектеулі.
Бағаның бәсеңдеуі
Наурызда инфляция қарқыны 11 пайызға дейін баяулады. Дегенмен ең басты жаңалық инфляцияның жай ғана төмендеуі емес, оның қалай төмендегені болды. Бірнеше айдан бері алғаш рет баға өсімі жекелеген сегмент бойынша емес, тұтас тұтыну қоржыны бойынша төмендеді. Жалпы, 2025 жылғы қарашадан 2026 жылғы ақпанға дейін инфляция үнемі жоғарылап келген болатын.
Бұл өзгеріске негізінен валюта мен сұраныс әсер етіп отыр. Валюта бағамының күшеюі импортты арзандатып, өндірушілерге түсетін шығын қысымын төмендетті. Бұл, әсіресе, импорт үлесі жоғары тауарларда айқын көрінеді: азық-түлік пен алкогольсіз сусындар 1,2 пайыздан 0,7 пайызға дейін баяуласа, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер, су, электр энергиясы мен газ бағасының өсімі 1,6 пайыздан 0,1 пайызға дейін күрт төмендеді.
Сонымен қатар қатаң ақша-кредит саясатының әсері де байқала бастады. Жоғары базалық мөлшерлеме мен қымбат кредит ішкі сұранысты тежейді. Наурыз айында байланыс, көлік, демалыс және тұрмыстық тауарлар сияқты көптеген санат небәрі 0,2-0,3 пайыз шамасында ғана өсті. Ал сақтандыру және қаржы қызметтері сегментінде баға тіпті 0,6 пайызға төмендеді. Бұл инфляция қысымының жекелеген секторларда емес, тұтас экономика бойынша әлсірегенін көрсетеді.
Бір айта кететін жайт – сарапшылар мұндай нәтижені күткен жоқ. Тәуелсіз Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы наурыздағы инфляцияны 11,7 пайыз деңгейінде болжаған еді. Нақты көрсеткіш 0,7 пайыздық тармаққа төмен болды.
Ал аймақтар бойынша сараласақ, инфляция деңгейі біркелкі емес. Ел бойынша 4,2 пайыздық тармақ айырмашылық бар: ең төменгі деңгей Астанада – 9,3 пайыз, ал ең жоғары көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында – 13,5 пайыз. Әдетте, азық-түлік үлесі жоғары және логистикасы күрделірек өңірлерде инфляция да жоғары болады, ал ірі қалаларда бәсекенің арқасында баға өсімі салыстырмалы түрде баяу болады.
Бұл жағдай ақша-кредит саясаты үшін қолайлырақ орта қалыптастырады. Реттеушінің ұстанымы да саясатты қатаңдатудан гөрі, қол жеткізілген деңгейде ұстап тұруға қарай ығысып барады. 24 сәуірдегі отырыста базалық ставка 18 пайыз деңгейінде сақталады деген болжам басым.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов осы аптада Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистерге инфляция ақша-кредит саясатының, Үкімет шараларының және теңгенің нығаюының бірлескен әсерінен баяулады деп түсіндірді. Оның айтуынша, доллар бағамының төмендеуі импортты арзандатып, бағаға түсетін қысымды азайтады. Алайда бұл үрдіс ұзаққа созылады деп айтуға келмейді. Валюталық фактор сыртқы жағдайға тәуелді: мұнай бағасы мен геосаяси жағдайға байланысты тез өзгеруі мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше де теңгенің нығаюы көбіне сыртқы жағдайға байланысты: мұнай бағасының жоғары болуы, жаһандық нарықтағы доллардың әлсіреуі және геосаяси ахуал. Ал ішкі факторлар тек қосымша қолдау рөлін атқарып отыр. Инфляция да баяулап келеді. Бірақ бұл тек валюта бағамының әсері емес – қатаң ақша-кредит саясаты, жоғары базалық мөлшерлеме және тұтынушылық сұраныстың әлсіреуі негізгі себептердің қатарында.
Арман Байғанов, экономист:
Теңге күшейген жоқ, доллар әлсіреді
– Теңге дәл қазір негізінен сыртқы макроэкономикалық факторлардың әсерінен нығайып отыр. Атап айтқанда, әскери қақтығыстарға байланысты жағдай және мұнай бағасының жоғары деңгейде сақталуы маңызды рөл атқарып тұр. Қақтығыс ұзаққа созылған сайын, АҚШ валютасы да соғұрлым әлсірей бермек. Кеше жарияланған статистикаға сәйкес, ашық жұмыс орындарының деңгейі, экономиканың жағдайы, іскерлік белсенділік индексі бойынша деректер күткеннен нашар болды. Яғни, негатив статистика басым. Соның нәтижесінде, доллар индексі шамамен 0,5-1 пайызға төмендеп, басқа валюталарға шаққанда арзандады. Сәйкесінше, доллардың әлсіреуі теңгенің нығаюына әкелді. Яғни, кейінгі аптада теңге күшейген жоқ, керісінше доллар әлсіреді. Жалпы, АҚШ экономикасы бойынша теріс статистика мен геосаяси факторлар – басты себеп. Бұл жерде ішкі факторлардан гөрі сыртқы жағдайлар шешуші рөл атқарып отыр.
Теңгенің нығаюы мен инфляцияның баяулауының арасында байланыс бар ма, жоқ па деген сұраққа келер болсақ, жылдық инфляция өткен жылы 12 пайыздан сәл жоғары болса, наурызда шамамен 11 пайызға дейін баяулағаны байқалады. Менің ойымша, бұл ең алдымен фискалдық және монетарлық саясаттың қатаңдауына байланысты. Базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде сақталып отыр, сәйкесінше, кредит пайызы да жоғары. Бұл өз кезегінде халық пен бизнестің қарыз алуын азайтады. Сонымен қатар тұтыну кредитін беру талаптарына енгізілген шектеулер де белгілі бір дәрежеде инфляцияның төмендеуіне әсер етті. Осы факторларды ескеру қажет.
Алайда жағымсыз тұстар да бар. Мысалы, қосылған құн салығының көтерілуі бағаның өсуіне ықпал етуі мүмкін. Яғни, бұл жерде екіжақты әсер байқалады. Соған қарамастан, жоғары базалық мөлшерлеме дәл қазір инфляцияның өсу қарқынын тежеуге мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы алғанда, кез келген инфляция күрт өскеннен кейін біртіндеп бәсеңдеу кезеңіне өтеді. Яғни, жоғары инфляция мен қатаң монетарлық саясаттың нәтижесінде инфляция төмендей бастайды. Менің ойымша, инфляция деңгейінің төмендеуіне қарай базалық мөлшерлеме де біртіндеп қысқарады. Дегенмен бұл үдеріс әлемдік экономикаға, мұнай мен шикізат бағасына тәуелді болады. Егер әскери қақтығыстар аяқталып, мұнай бағасы шамамен 80 долларға дейін төмендесе, онда доллар қайта қымбаттап, теңге әлсіреуі мүмкін. Сондықтан алдағы жағдай геосаяси ахуалға, әсіресе Таяу Шығыстағы жағдайға да тікелей байланысты болады.
Андрей Чеботарев, қаржы сарапшысы:
Уақытша қолайлы кезең деп қарастырған дұрыс
– Теңгенің қазіргі нығаюын ұзақ мерзімде тұрақты тренд деп қабылдау асығыстық болар еді. Бұл сыртқы және ішкі факторлардың бір мезетте қабаттасуының нәтижесі деген дұрысырақ болады. Ең алдымен, сыртқы фон қолайлы болып тұр: мұнай бағасы жоғары деңгейде сақталып, жаһандық нарықтарда доллар әлсіреп отыр. Осындай жағдайда Қазақстан сияқты шикізат экспорттаушы елдердің валютасы әдетте күшейеді.
Ішкі жағынан да қолдап отырған факторлар бар. Салық кезеңінде экспорттаушылар валюталық түсімін белсендірек сатып, теңгеге деген сұранысты арттырады. Сонымен қатар Ұлттық қордан түсетін трансферттер мен қатаң ақша-кредит саясаты да өз әсерін тигізіп отыр. Жоғары базалық мөлшерлеме теңгедегі құралдарды тартымды етіп, инвесторларды ұлттық валютада қалуға итермелеп тұр.
Алайда осының бәріне қарамастан, экономиканың іргелі құрылымы өзгерген жоқ. Қазақстан әлі де шикізат экспортына тәуелді. Бұл дегеніміз сыртқы конъюнктура өзгерсе, теңге бағамы да соған ілесіп құбылады деген сөз. Сондықтан бүгінгі нығаюды ұзақ мерзімдегі бетбұрыс деп емес, уақытша қолайлы кезең деп қарастырған дұрыс.
Теңгенің нығаюы мен инфляцияның төмендеуі арасында байланыс бар, бірақ ол бірден байқалатын қарапайым байланыс емес. Күшті теңге импортталатын тауарларды арзандатып, бағаға түсетін қысымды азайтады. Бірақ бұл әсер уақыт өте келе байқалады. Бағам өзгерісінің нақты бағаға қалай және қаншалықты тез өтетіні бизнес шешімдеріне байланысты.
Қазіргі инфляцияның баяулауын тек валюта бағамымен түсіндіру жеткіліксіз. Бұл – бірнеше фактордың әсері. Атап айтқанда, Ұлттық банктің қатаң саясаты, тұтынушы сұранысының әлсіреуі мен әкімшілік реттеу шаралары. Теңге бұл процесте маңызды рөл атқарады, бірақ негізгі қозғаушы күш емес.
Сондықтан бүгінгі жағдайды қарапайым формуламен түсіндіру қиын. Теңге нығайды, – инфляция баяулады деу жеткіліксіз. Нақтырақ айтқанда, экономикада бірнеше тетік қатар жұмыс істеп тұр. Ал олардың қайсысы ұзаққа созылатыны белгісіз.
Эльдар Шамсутдинов, экономист:
Инфляцияның кең ауқымда баяулауы – жақсылықтың белгісі
– Наурызда инфляция 11 пайыз деңгейінде болды, бұл – ақпандағы көрсеткіштен және нарық күткеннен төмен. Сонымен қатар маусымдық факторларды ескергендегі айлық инфляция да баяулап, 0,7 пайыздан 0,5 пайызға дейін төмендеді. Бұл инфляциялық импульстің әлсіреп келе жатқанын көрсетеді.
Инфляцияның бәсеңдеуіне негізінен әсер еткен азық-түлік бағасының баяулауы болды. Ал тұтыну қоржынында азық-түліктің үлесі шамамен – 41 пайыз. Сонымен қатар ақылы қызмет секторындағы инфляция да ары қарай төмендеп, айлық өсім 0,9 пайыздан 0,6 пайызға дейін баяулады. Бұл қатаң ақша-кредит саясаты мен макропруденциялық шаралардың біртіндеп әсер ете бастағанын білдіреді. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының динамикасы әлі де инерциялық сипатта қалып отыр.
Жалпы алғанда, инфляцияның кең ауқымда баяулауы – жақсылықтың белгісі. Дегенмен ақша-кредит саясаты тұрғысынан алғанда, базалық мөлшерлеменің жылдың екінші жартысына дейін төмендеу ықтималдығы әлі де төмен. Бұған дейін жанармай мен коммуналдық тарифтерді реформалау тоқтатылып, дезинфляцияны қолдаған еді. Алайда мораторий 31 наурызда аяқталды, енді Үкімет тарифтерді қалыпты деңгейге қайтаруға көшеді.
Реттелетін және жартылай реттелетін компоненттердің, соның ішінде жанармайдың, тұтыну қоржынындағы үлесі – шамамен 10 пайыз. Егер тарифтердің өсуі қызметтер бағасы арқылы жанама әсер бермесе, дезинфляциялық үрдіс сақталуы мүмкін.
Базалық сценарий бойынша, инфляция әрі қарай да төмендейді, бұл тіпті нарық күткеннен де жылдамырақ болуы ықтимал. Мұнай бағасының өсуі теңгені қолдап отыр, ал бұл үрдіс сақталса, импортталатын инфляцияны тежейді. Тағы бір маңызды жайт – Ұлттық банкі теңгенің нығаюына алаңдап отырған жоқ және алтынды стерилизациялау механизмі арқылы валюта ұсынысын жалғастырып жатыр. Егер екінші тоқсанда да валюта нарығындағы осы динамика сақталса, бұл инфляцияның ары қарай төмендеуіне ықпал етеді.
Жалпы, қазіргі үрдісті жеделдеп келе жатқан дезинфляциялық қозғалыс ретінде бағалауға болады. Бұл жерде ақша-кредит саясатының әсері уақытша кідірістен кейін байқалады. Яғни, жоғары базалық мөлшерлеменің ықпалы бар, бірақ бірден емес, біртіндеп байқалып отыр. Бұл ретте инфляцияның төмендеуі экономиканың әлсіреуінен туындап отырған жоқ. Сауда мен қызмет көрсету салаларында белгілі бір баяулау күтілгенімен, қазіргі динамика негізінен саясаттың әсерінен туындап отыр.
P.S. Сонымен, теңгенің нығаюы мен инфляцияның баяулауы экономиканың нақты күшейгенін білдіре ме, әлде уақытша үрдіс пе? Сарапшылар бұл сұраққа біржақты жауап бермейді. Бірақ жағдайды асыра бағалау қауіпті екенін айтады. Мұнай бағасы, капитал ағындары мен қатаң саясат бір мезетте теңгені қолдап отыр. Бірақ осы теңгерім бұзылса, бәрі басқаша сипат алуы мүмкін, яғни болжап-білуге келмейтін сыртқы жағдай мен ішкі саясаттағы өзгерістер ахуалды күрт құбылта алады.