Әлемдік балет жұлдыздары Астанада

Бүгін, 15:15 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Екі күннен соң Астана қаласында ерекше мәдени кеш өтпек. Астана балет театры сахнасында 1748 жылы негізі қаланған әйгілі Дания Корольдік балеті гала-концерт ұсынбақ. Үш ғасырға жуық тарихы бар бұл ұжым әлемдік балет өнерінің жауһарларын еуропалық талғамы жоғары көрерменге ұсынып келеді. Астанадағы кеш барысында танымал труппаның таңдаулы әртістері өнер көрсетіп, елордалықтарға классикалық әрі заманауи қойылымдардың үздік үлгілерін ұсынады.

Бұл идеяның іске асуына 2018 жыл­дан бері Дания корольдік теат­ры­ның әртісі болып жұмыс істейтін Мей­рам­бек Назарқожаевтың септігі мол. Ал­маты облысындағы ауылдан шыққан қа­рапайым жігіт Еуропаның ең көне теа­трына қабылданған алғашқы жылы-ақ Нью-Йоркте өткен Джей­кобс-Пиллоу фестивалі сахнасында өнер көр­сетіп, әйгілі The New York Times басылымы өнер­­­танушыларының назарын аударды. Кейін Ресей, Германия, Англия елде­рін­дегі ірі сахналарда өнерін паш етті. Да­ния корольдігінің жоғары марапатын алып, патшайым алдында өнер көрсет­ке­ні өз алдына. Ал былтыр ол Дания ко­роль­дік театрының солисі лауазымына өмірлік келісімшартқа отырды. Еуропа­ның айтулы театрында өмір бойына жұ­мыс істеу мүмкіндігіне ие болған Мей­­­­рамбек мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Қазақстан мен Дания арасындағы мә­дени байналысты нығайту мақ­са­тын­да көп жобаның басын қайырып жүр. Былтыр Nomad Ballet Project жобасының кө­мегімен Дания корольдік театрының әр­тістерін Алматыға шақырып, эксклю­зив­ті бағдарлама қойып, заманауи хо­реог­рафияның озық үлгілерін ұсынды. Со­нымен қатар алматылықтар дат бале­ті­нің мақтанышы, әйгілі Бурнонвиль тех­никасымен қойылған сирек спек­такль­дерді де тамашалай алды. Ал бас қа­ла­дағы бағдарлама тіпті басқаша бол­мақ.
«Біз елордаға Дания корольдік театры­ның ғана әртістерін шақырмай, со­нымен қатар арнайы қонағымызды да ерте келдік. Әлемге танымал фламенго әртісі Селена Муньез Астана сахнасында өнер көрсетеді. Данияның жыл бишісі атанған, түрлі байқауда бас жүлде алып жүрген оны корольдік патшаның әулеті де арнайы іс-шараларға шақырып тұрады. Ол өзі де корольдік баллдарды, ивенттерді жиі ұйымдастырады. Гала-концерттен бөлек, әлемге ең танымал сарапшылар Эрик Виудес пен Динна Бьерн екі күн бойы әйгілі Бурнонвиль техникасы бойынша шеберлік сыныбын өткізеді. Хореография академиясындағы педагогтер мен оқушылар олардың сыныбын асыға күтіп отыр.
Өзім соңғы рет Астанада 2014 жы­лы келген едім. Ол кезде Бей­біт­шілік және келісім сарайында өнер көр­сеттім. Астана өте қатты өзгеріп ке­тіп­ті. Аспанмен тірескен әдемі ғи­ма­рат­тар көздің жауын алады. Қаланың ат­мос­­­­­ферасы тіптен бөлек. Бұрын көшеде адам­дар аз жүретін секілді еді, қазір тіпті бас­қаша картина. Ауа райы да тамаша. Копенгагендегідей суық шығар деп кел­сек, мына жақ жаз болып тұр», – дейді Мейрамбек ағынан жарылып.
Былтыр Орталық Азиядағы алғашқы гастрольдік сапарын Алматыдан баста­ған Дания корольдік театрының әртіс­тері Мейрамбек театр труппасына қо­сыл­ғанға дейін біздің ел туралы ештеңе біл­месе керек. Алматы қаласының көз тар­тарлық табиғатына таң-тамаша бол­ған өнерпаздар концерт алдында Ша­рын шатқалы, Көлсай мен Қайыңды көлі сияқты көрікті жерлерді аралап үлгерген. Ал биыл Астана қаласына келген олар кон­церт қарсаңында Бурабай өңірінің сұлу табиғатын тамашалауды жоспарлап отыр.


«Әріптестерім Қазақстан туралы ай­тып тауыса алмайды. Былтыр Алматы­ның табиғатын, қаланың көркін көріп, салт-дәстүрімізді танып, тіпті тұрғы­н­дар­мен қазақша сөйлесіп, ерекше әсер алып қайтқан-тын. Олардың қайтарда «Қазақстан расында әдемі, ауқатты ел екен!» дескені көңілге майдай жақты. Астанаға төрт қана күнге келді. Қаланы то­лық аралатып үлгермедік. Таңғы асын ішкен бойда еліміздің бай табиғатына тағы бір тамсансын деп Бурабайға жі­бер­дік. Атқа мініп, бой сергітіп қайта­ды. Былтыр Алматыға келгенде аттан жүрексінетінін ұмытып, тынығып қайт­қандары бар. Сол секілді биыл да естен кетпес демалыс бол­сын деп Бурабайға арнайы жі­бердік. 
Олар былтыр Орта Азияға бірінші рет келген болатын. Бұрын «Ол қай ел?» «Қай жақта орналасқан?» деп сұрайтын. Қа­зір Алматыдағы сапардан соң біліп-та­нып алды. Әсіресе, оларға біздің салт-дәс­түрлеріміз өте қызық. Көпшен­ді­лер­дің мәдениетіне қатты қызығатындары тағы бар. Сосын олар тіліміздің бай еке­­­­­­ніне де қызыға қарайды. Мен жұмыс арасында қазақша сөйлеп, түрлі видео түсіріп, оны жеке парақшама жүктеймін.  Олар «Сәлем», «Рахмет», «Қалың қалай?» деген сөздерді үнемі айтып, кейде қазақ­ша амандасады. Ұлттық мерекелерімізді де ұмытпай, құттықтау жібереді. Әсіресе, Наурыз мерекесін қалт жібермейді. Да­ния­ның Орхус қаласында қазақтар қауым­дастығы бар. Онда 11 қазақ отба­сы тұрады. Олар бірде-бір орысша, ағыл­шын­ша сөз араластырмай, тек қазақша сөй­леседі. Олармен жиі бас қосып тұра­мыз. Шетте жүргеніме көп жылдан асса да, өзімді отанымның елшісімін деп есеп­­теймін. Қазақ болған соң, сыртта қа­зақ­ша сөйлеп, өз мәдениетімізді өзіміз та­ныстырмасақ, кім таныстырады?», – дейді ол.
Астанада BI Group-тың бас демеу­ші­лігімен өтетін бұл концерт – жай ға­на кон­церт емес, бұл – әлемдік балет­тің біре­гей жетістігін тамашалауға мүм­кін­дік беретін Қазақстан мен Еуропа ара­сын­дағы мәдени көпір. Балетсүйер қауым әйгілі Бурнонвиль техникасымен қойылған сирек спектакльдерді тамаша­лап қана қоймай, осы стильдің қыр-сы­рын жетік меңгерген екі мықты ма­ман­ның шеберлік сыныбына қатыса алады. 
Бурнонвиль – әйгілі дат хореографы Август Бур­нонвиль негізін қала­ған, ғасырдан ас­там тарихы бар классика­лық балет мектебі. Бұл әдіс­тің басты ерекшелігі – би барысында ым-ишара мен бет қимыл­да­ры­ның кеңінен қол­данылуы. Атал­ған стиль Да­ния ас­танасы Ко­пен­­га­генде қалып­та­сып, ұзақ жыл бойы бір буын­нан келесі буын­­­ға, ұстаз­дан шәкіртке жалға­сып келе жатқан ерек­ше дәстүр ретінде сақ­та­лып отыр. Айрық­ша атап өтерлігі, шеберлік сынып өткізетін әлемдік же­текші сара­п­шылардың бірі – Динна Бьерн Бурнонвиль әді­сін ұстазы Хандс Брено­дан, ал ол өзінің ұстазы Хандс Бектен үй­рен­ген. Ал Хандс Бек бұл ерекше әдісті Август Бур­нонвиль­дің өзінен үйренсе керек. Динна бұрын Норвегия Ұлттық Балеті (Осло) және Фин Ұлттық Балеті (Хельсинки) театр­лары­ның директоры болған, сон­дай-ақ беделді халықаралық балет кон­курстарының әділ қазылар ал­қа­сының мүшесі. Әлемдік балет өнерінің дамуына қос­қан зор үлесі үшін Дания, Норвегия жә­не Финляндияның жоғары корольдік ор­дендерімен мара­патталған.


– Қазақстан секілді керемет елге қай­­­та келгеніме қуаныштымын. Мей­рам­­бектің арқасында мұнда үшінші рет келу­ге мүмкіндік туды. Бұған дейін екі рет Алматыда болдық. Енді Астанаға келіп, балет академиясындағы жас­тар­мен жұмыс істеу мүмкіндігі бұйырып тұр. Біздің өмірдегі миссиямыз да осы – Бур­нонвиль секілді айрықша балет стилін үйрету. Мен өзім осы стильмен өсіп-өн­дім. Бұл Қазақстандағы көп биші үйрен­ген Ресей балет стилінен өзгерек. Біздің миссиямыз – классикалық балетті көр­сету­дің басқа да әдістері бар екенін әйгі­леу. Мені Қазақстандағы өскелең ұр­пақтың ашық, жайдары мінезі қуан­тады. Былтыр Алматыдағы өнер май­да­нында жүрген жастардан соны байқа­дым. Олар ең мықты әртіс атану үшін түр­лі әдіс-амалдарды үйренгісі келіп, көзі жанып тұрады.
Мен үнемі Астанаға келгім келе­тін. Себебі мен қазақ балетін бұ­рын­­нан білемін. Олардың классика­лық репертуарымен таныспын. Сонымен қатар мен Тулуза сахнасында Қазыбек Ах­ме­дияровпен бірге жұмыс істегенмін. Ол үнемі жақсы, мықты техника қол­данатын. Кейін Мейрамбекпен танысып, осын­да келу мүмкіндігі туды. Екі күн ішін­де шамам келгенше бар білгенімді үйретпекпін. Себебі Астанада Алматы­дағы­дай өз стилін жақсартқысы келетін ашық әрі талапшыл жастардың көп еке­ніне шүбәм жоқ. Классикалық балетті жақ­сы меңгерген бишілерге басқа стиль үй­рету бір бақыт! Бұл екі дауыста ән ай­татын әншілердің дауысын түзегенмен тең. Сондықтан Дания корольдік теат­ры­ның әртістерімен Қазақстанның бас қа­ласына келгеніме бақыттымын», – дей­ді Динна Бьерн.
Диннамен қатар шеберлік сабағын өткізетін Эрик Виудес – француз балет­мейс­тері және еуропалық классикалық дәстүрдің жалғаушысы. Ол Maître Yves Brieux мектебінің соңғы жеке шәкірт­тері­нің бірі және француз балет мекте­бі­нің сабақтастық дәстүрін жалғастырып ке­леді. Август Бурнонвиль мұрасын зерт­теу бойынша халықаралық деңгей­дегі сарапшы, әлемдік деңгейдегі педагог. Көр­кем өнер саласындағы ерекше еңбегі үшін Франция Мәдениет министрлігі тара­пынан марапатталған. Сонымен қа­тар The Bournonville Society (Амс­тер­дам) ұйымының тең құрылтайшысы әрі директоры, сондай-ақ Еуропа балет мектебінде резидент-балет­мейс­тер қызметін атқарады.


– Мен де Астанаға келгеніме өте қуа­ныш­тымын. Ең алдымен айтарым, Мей­рам­бектің талғамы тым биік. Ол өзінің ту­ған елінде айрықша жобаны іске асыр­мақ. Мен бұл жобаның бір бөлігі бол­ғаным үшін бақыттымын. Диннамен, Мей­рамбекпен бірге болашағын балет­пен байланыстырған жастарға бар біл­ге­німді үйретуге мүмкіндік туғанына ри­за болып отырмын. Мен де Алматыда екі рет болдым. Мұндағы шеберлік сы­ны­бы Алматыдағыдай керемет деңгейде өте­ді деп ойлаймын. Алматыдағы ше­бер­лік сыныбынан кейін жасампаз жастарға жаңашыл бір нәрсе, жаңа көзқарас бере ал­атыныма көзім жетті. Сондықтан ас­та­налықтарға да балет дәстүрінің басқа қы­рын үйретсем деймін. Бұл стильді мең­герген жастар кейін әлемнің кез кел­ген сахнасында еркін өнер көрсете ала­ды, – дейді. 
Мейрамбектің мақсаты да – осы. Ба­летке бет бұрған жастарға Мей­­­­рамбектің шығармашылық жолы – үлгі, ал оның жетістіктері жас өнерпаз­дар­ға үлкен шабыт сыйлайды. Сондық­тан да ол жас өнерпаздарға Бурнонвиль әді­сін жастайынан үйретіп, олардың кә­сі­­би шеберлігін осы бастан қалыптас­тыру­ға күш салмақ.
«Бурнонвиль стилі неге Қазақстанға ке­рек? Бұл – күллі әлемге танылған та­ри­хи стиль. Әлемнің барлық сахнасында би­лейді. Бұл техниканы дұрыстап мең­геру үшін осындай сыныптар қажет-ақ. Қазақ биін шетелде біреу билегісі келсе, арнайы Қазақстаннан маман шақырады ғой. Сол секілді балеттің бұл түрін тек осы стильді насихаттап жүргендер ғана дұрыс-бұрысын көрсете алады. Сол үшін мен бұл техниканың қыр-сырын әбден меңгерген майталмандарды ар­найы Астанаға шақырып отыр­мын. 


Елдегі опера теат­ры­ның жетекші солис­тері өз билерін таспалап, «Мей­рам­бек, маған көмек көр­сете аласың ба? Дұрыс іс­те­дім бе? Техника жағы қа­лай?» деп видеосын жібереді. Мен ол видеоларды Динна секілді мық­ты мамандарға көрсетемін. Кейін олар менің электрон поштама ерінбей, «Басты былай қайыру керек. Қол­ды былай, аяқты былай ұстаған абзал» деп егжей-тегжейін түсіндіріп жа­­зып жібереді. Со­сын мен ол ұсы­ныс­тар­ды аударып, ел­дегі әріп­тестеріме жіберемін. Сондық­тан мұн­дай бірегей мүмкіндікті видеодан емес, маманнан бетпе-бет үйренген әл­де­қайда тиімдірек. Менің көздегенім – елі­міздің жас буы­нын әлемнің айтулы сах­насына жете­лейтін айрықша стильді осы бастан үйрету. Ертең сыртқа ел атынан шық­­қанда қиналып қалмаса екен дей­мін. Бәсі биік ортаға түсіп, әлемдік дең­гей­дегі театрларға барғанда «Мен кезінде әйгілі Динна Бьерннен сабақ алғанмын. Мен бұл стильді білемін» деп тұрса, нұр үсті­­не нұр емес пе?!, – дейді Мейрамбек Назарқожаев.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Тэгтер:

Дания Корольдік театры Мейрамбек Назарқожаев